Эквадордың Гуаякиль қаласында жасөспірімдер арасында өткен дзюдодан әлем чемпионатында қола жүлде алған Ерік Үсенов туған жері Қазығұрт ауданында салтанатты түрде қарсы алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жас спортшыны қарсы алу рәсіміне ауданның зиялы қауым өкілдері, спорт мамандары, жаттықтырушылар, ауыл тұрғындары мен жас спортшылар қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай Ерік Үсеновты халықаралық жарыстағы жетістігімен құттықтап, оның Қазақстанның көк туын әлемдік додада желбіреткенін атап өтті. Сондай-ақ спортшыны жарысқа дайындаған бапкері Нұрболат Малдыбайұлына алғыс білдірді.
Жас дзюдошыға аудан әкімдігі атынан 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Ал спортшының туған жері Шарбұлақ ауылының тұрғындары оған арғымақ мінгізді.
Ерік Үсеновтың бапкері Нұрболат Малдыбайұлы да құрметтен тыс қалмады. Жаттықтырушылар қауымы оған ат мінгізіп, еңбегіне алғыс білдірді.