banner

Әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Иранмен кездеседі

1042

Бүгін, 27 қыркүйек Қазақстан құрамасы Литвада өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатының ширек финалында Иран құрамасымен ойнайды.

Әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Иранмен кездеседі

Осы орайда футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Дуглас Джуниор ФИФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында матчқа қатысты өз ойымен бөлісті.

"Иран өзінің әлемдегі үздік ұлттық командалардың бірі екенін әлдеқашан дәлелдеген. Олар нағыз мықты ұжым және команда құрамында керемет ойыншылар бар. Оған қоса олар ұзақ уақыт бірге ойнады. Біз Иран құрамасымен бірнеше рет кездесу өткіздік. Өкінішке орай жеңе алмадық. Алдағы матчтың өте қиын болатынын білеміз, - деді ойыншы.

Сондай-ақ Дуглас Әлем чемпионы атануды армандайтынын да айта кетті.

"Әлем чемпионы атану біз үшін арман. Чемпион атансақ, футзал тарихындағы ең үлкен жаңалықтардың бірі болар еді. Бірақ, біз керемет нәтиже көрсетіп, ЕУРО жартылай финалына өттік. Қолымыздан не келетінін білеміз. Бұл футзал әлемі үшін үлкен тосынсый болар еді. Бірақ біз үшін емес. Біз мұны қазақстандықтар үшін жасағымыз келеді. Өйткені олар керемет халық" - деді Дуглас Джуниор.

Айта кетейік, қазіргі таңда Әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалистері белгілі. Бірінші ширек финалда Бразилия Марокконы жеңді. Кездесу 1: 0 есебімен аяқталды. 11-минуттағы жалғыз голды Родриго соқты. Ал екінші ширек финалдық кездесуде Ресей құрамасы Аргентина құрамасынан ұтылып, футзалдан әлем чемпионатын аяқтады. Кездесу негізгі уақытта 1: 1 есебімен аяқталды. Аргентина құрамасынан Леандро Кузцолино 25-минутта гол соқса, ресейліктерден он минуттан кейін Артем Антошкин есепті теңестірді. Қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады. Пенальтилер сериясында әлемнің қазіргі чемпиондары дәлірек болып шықты. Есеп 5:4. Жеңіске жеткен Аргентина құрамасы жартылай финалда Бразилиямен 29-қыркүйекте кездесетін болды.

Бүгін Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет Әлем чемпионатының ширек финалында ойнайды. Қазақстан - Иран матчы Каунаста өтеді және Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де басталады. Ойынды жанкүйерлер тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу