27 желтоқсанда Астанада "ADD TABLE TENNIS CENTER ASTANA" үстел теннисі орталығында Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының есептік баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Аталмыш іс-шара аясында Федерация 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сондай-ақ, ҚР құрама командасының мүшесі Алан Құрманғалиев пен бас бапкер Эльмира Әлиева Тунисте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қол жеткізген жетістіктері үшін салтанатты түрде марапатталды.
Спикерлер ретінде ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, ҚР Үстел теннисі федерациясының бас хатшысы Данил Пак, ұлттық құрама командасының бас бапкері Эльмира Әлиева, ҚР құрама командасының мүшелері Алан Құрманғалиев, Зауреш Акашева мен Сарвиноз Миркадирова сөз сөйледі.
"Ел өңірлерінде спортты дамыту мақсатында Федерация үстел теннисі орталықтары мен мамандандырылған залдарын ашу, БЖСМ-де үстел теннисі бөлімдері мен секцияларын ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен спорт төрешілерінің біліктілігін арттыру, балалар, жасөспірімдер мен бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыс жүргізді. Бүкіл Федерация үшін алдыңғы жылдың басты оқиғасы - әлемнің 28 елінен 140 спортшы қатысқан "WTT CONTENDER ALMATY" халықаралық рейтингтік турнирін өткізу болды. Жарыс аяқталғаннан кейін ITTF Халықаралық федерациясы турнирді ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалағанын атап өткім келеді. Енді мұндай жарыстар тұрақты негізде өткізілетін болады. Біздің спортшылардың биылғы нәтижелерін атап өтпеуге болмайды. Алан Құрманғалиев Тунистегі жастар арасындағы әлем чемпионатында аралас жұпта алтын медаль және жеке есепте қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. 2022 жылы Қазақстан құрама командаларының өкілдері халықаралық турнирлерде 26 марапатқа ие болды", - деді ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин.
"Мен әлем чемпионатында мансабымның жоғарлауына кепіл болатын осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Дайындық пен тиімді жаттығулар үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Сондықтан біздің дайындығымыз ең жоғары деңгейде болды. Алға қойған мақсат-мұраттарымыз бен кәсіби армандарымызға жетуге берілген мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп отырған Федерациямызға шексіз алғысымды білдіремін", - деп түсіндірді Алан Құрманғалиев.
Тунисте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында көрсеткен жоғары спорттық жетістіктері үшін ҚР Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин А.Құрманғалиевке 20 мың АҚШ доллар, ал бас бапкер Э. Әлиеваға 10 мың доллар сомасында ақшалай сыйлықтарды табыс етті.