Әлем чемпионы "Астанамен" тағы екі жылға келісімшартқа қол қойды

606

Жас қазақстандық шабандоз Әлем чемпионатымен қатар Әлемдік Тур аясында өтетін Гранд Турларда да ел намысын қорғап жүр.

Әлем чемпионы "Астанамен" тағы екі жылға келісімшартқа қол қойды Фото: astanaproteam.kz

23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы, велошабандоз  Евгений Федоров тағы екі маусымға Astana Qazaqstan Team сапында қалады.

"Әлемдік турдағы осы екі дебюттік жыл маған көп нәрсе үйретті. Дегенмен алғашқы кәсіби маусым оңай болмады. Ең алдымен жаттығуларға да, жарыстарға да пандемия өз әсерін тигізбей қоймады. Соған қарамастан, біз командамен бірге көп жұмыс атқардық, тәжірибе жинақтадық. Соның ішінде Гранд Турлардан осы маусымда Испаниян Вуэльтасына қатысқаныма қуаныштымын. Алғашқы нәтижелер де болды. Басты жетістігім – 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатындағы жеңіс. Мен осы алтын медаль мен чемпион жейдесін өз еліме әкелгеніме өте қуаныштымын. Бұл мен үшін өте маңызды. Алда әлі көп жұмыс бар. Мен өзімді керемет сезінетін, әрі маған қолдау көрсететін "Астана" командасында өнер көрсететініме қуаныштымын. Қазіргі таңда жаңа маусымға дайындалып жатырмын және кәсіби деңгейде алғашқы жеңістерге қол жеткіземін деп үміттенемін", - деді Евгений Федоров.

Евгений Федоров (22) Әлемдік турға 2021 жылы ауысып, Astana Qazaqstan Team командасымен алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойды. Велоспорттың жоғарғы лигасындағы бірінші жылында Федоров топтық жарыста Қазақстан чемпионы атанды және алғаш рет бельгиялық көктемгі классикалық жарыстарда, "Фландрия Турында", "Гент-Вевелгем", "Омлууп Хет Ньюзблад" велододаларында өнер көрсетті.

Оның 2022 жылдағы басты жетістігі жастар арасындағы әлем чемпионатының топтық жарысындағы жеңісі болды. Осы маңызды нәтижеге қоса, Евгений Федоров жастар арасында өткен "Ломбардия турында" екінші орынды жеңіп алды. Азия чемпионатында жекелей уақытқа арналған жарыста жеңіске жетті және "Испания Вуэльтасы" Гранд Турына алғаш рет қатысты.

"Евгенийдің әлем чемпионатындағы жеңісі бүкіл Қазақстанға сөзбен аайтып жеткізе алмайтын тамаша эмоциялар мен қуаныш сыйлады. Бұл бізді бар күш-жігерімізбен жұмыс істеуге итермелейді. Соңғы екі жылда Федоров тәжірибе жинады. Мысалы, "Испания Вуэльтасына" қатысу спортшының әлем чемпионатында табысқа жетуіне көмектесті. Сондықтан алдағы екі маусымда атқарғалы отырған сол бағыттағы жұмысты жалғастыруымыз әбден қисынды. Евгенийдің әлеуеті зор. Ол тынымсыз жұмыс істеуге дайын, сондықтан алғашқы елеулі нәтижелер көп күттірмейді деп сеніммен айта аламыз", - деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться