Әлем чемпионы Қазақстанға келетін болды

2517

2022 жылы Қатар мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өтті. 

Әлем чемпионы Қазақстанға келетін болды

Цюрих қаласында өткен жеребе тарту рәсіміне Еуропаның 55 құрама командасы қатысты. Олар УЕФАға берілетін 13 жолдамаға таласады. 55 команда 5 топтан тұратын 5, 6 командадан тұратын 5 командаға бөлінді. Алдымен алпауыт ұжымдар 10 топқа қатар бөлінді. Солардың ішінде "Д" тобына түскен Францияға қарсылас болып Украина құрамасы түсті. Андрей Шевченконың командасынан кейін, топқа үшінші себеттен Финляндия ұлттық құрамасы келді. Соқыр жеребе соңына таман Босния командасын да осы топқа ыңғайлады. Ал 5 себеттен Қазақстан құрамасы шығып, "Д" тобы толықтай жинақталды. 

Франция құрамасы соңғы Әлем чемпионатын жеңген ұжым. Құрамында Поль Погба, Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн секілді шоқ жұлдыздар өнер көрсетеді. Бұл елдің жастар құрамасы "Астана Аренада" біздің жастарды аямай жеңген. Сол матчта алаңда Антуан Гризманн өнер көрсетіп еді. Ал Украина командасымен біз 4 рет кездестік. Сол іріктеу матчтарының төртеуінде де жеңіліс таптық. Бұл жолы да отандастарымызға оңай болмасы анық. Андрей Шевченко баптайтын командада Александр Зинченко ("Манчестер Сити"), Андрей Ярмоленко ("Вест Хэм") секілді мықты футболшылар бар. "Динамо" Киев пен "Шахтер" Донецк сапында өнер көрсетіп жүрген мықты ойыншылары да жетерлік. "Аталанта" сапындағы Руслан Малиновскийдің де жойқын соққысы бар. Беседин, Буяльский, Яремчук секілді шабуылшыларын тұсап ұстау қиынның қиыны. 

Финляндия құрамасымен де үш рет кездестік. Жолдастық матчта 0-0 тең түссек, екі іріктеу матчында жеңіліп қалдық. Ол кездері суоми құрамасында Яри Литманен, Сами Хийюпия секілді мықты футболшылар ойнайтын. Қазір бұл құраманың жұлдызы "Норвич" шабуылшысы Темми Пукки.  4 себеттен шыққан Босния құрамасының қатарында Миралем Пьянич ойнайды. Ол жақында ғана "Ювентустан" "Барселонаға" ауысты. "Романың" шабуылшысы Эдин Джеконы да қазақ жанкүйерлері жақсы біледі деген ойдамыз. Қазақстан құрамасы үшін осы топта 5-орын алмау деген мақсат тұратын секілді. Бір команданы артқа тастап турнирлік кестеде төртінші орын алсақ, бөркімізді аспанға атсат та жарасады. 

Матчтар 2021 жылы 24 наурыз күні басталады. Бірінші ойынымызда қарсылас кім болары жақын күндері анықталмақ. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу