Әлем елдері бас тартқан ресейлік автолар Қазақстанда жетіп артылады

Заң бойынша Ресей азаматтары жеке көліктерімен елімізде 1 жыл емін-еркін жүре алады.

Әлем елдері бас тартқан ресейлік автолар Қазақстанда жетіп артылады Фото: Алматы облысы полиция департаменті

Еуропалық комиссия шешімімен Одақ елдеріне Ресейде тіркелген жеке көліктермен кіруге тыйым салынды. Ведомство өкілдері ресейлік автомашиналар санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылуы мүмкін деп есептейді. Алайда жергілікті азаматтар мен олардың жақын туыстары үшін ерекше жағдайлар жасалған. 

Еуропалық одаққа мүше әр ел санкция тәртібін қалай қолданатынын жеке шешеді. Еурокомиссияның талабы ешбір елге міндеттелмейді.

Бірақ Ресей ЕО-ға мүше бес елмен құрлықта шектеседі және олардың барлығы дерлік бірден ресейлік көліктерге талапты күшейтіп, кіруге тыйым салды. 

Эстония 13 қыркүйек сағат 10:00-ден бастап Ресейде тіркелген темір тұлпарлардың кіруіне тыйым салды. 

"Көлік құралдарының кіруіне тыйым салу иесінің Эстонияда немесе Еуропалық одақта болғанына қарамастан қолданылады", – деп хабарлады мемлекеттік БАҚ. 

Шешімге түсініктеме берген елдің ішкі істер министрі Лаури Ланемец Эстонияда жүрген ресейлік көліктермен сыртқа шығуға рұқсат етілетінін жеткізді. 

"Біз сонда тіркелген көліктерді Ресейге қайтару керек пе, әлде оларды тәркілеу керек пе деген мәселені талқылауымыз керек", – деді Ішкі істер министрі.

Кейін Финляндияның сыртқы істер министрлігі 15 қыркүйекте ресейлік нөмірлері бар көліктердің кіруіне тыйым салатынын хабарлады. Шектеу 16 қыркүйектен бастап күшіне енді. Бұрын елге келген және Ресейде тіркелген автолар 2024 жылдың 16 наурызына дейін сыртқа шығарылуы керек.

Дәл осындай шектеу шаралары Латвия, Литва, Польша мен Германияда да қабылданды. Бұл мемлекеттердің ресми органдары "агрессордың" екпінін басу үшін ЕС ұсынысынан бас тартпайтынын жеткізді. 

Жаңа шектеулер Украинадағы әскери әрекеттерге байланысты Ресейге қарсы санкциялардың тағы бір элементі болып табылады.

Қазақстанда мұндай шектеулер енгізілуі мүмкін бе?

Бұл сұрақтың жауабын сарапшы, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтан сұрадық. 

"Әзірге Ресей азаматтарына Қазақстанға жеке көліктерімен келуге қатысты ешқандай шектеу енгізілген жоқ. Біздің елге келіп-кету ережесі ЕАЭО заңдарымен регламенттеледі", – деді сарапшы. 

Заң бойынша Ресей азаматтары жеке көліктерімен Қазақстанға емін-еркін келіп, кете алады.  Жалғыз шектеу – Ресейде тіркелген автомашина елде 12 айға дейін ғана тізгінделе алады. Осыдан кейін темір тұлпар кемінде 30 күнге шекара асып, содан соң қайта осы автомен келуге болады.

Тағы ескерте кететіні ресейлік автокөліктер Қазақстан жолдарында РФ-ның жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясында тіркеу, техникалық байқаудан өткен жағдай құжаты және Қазақстан жарамды сақтандыру полисі болса ғана жүре алады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген темір тұлпарлар саны 5 015,2 мың бірлікті құрады, оның ішінде 87,9% жеңіл автомобильдер, 10% жүк көліктері және 2,1% – автобустар. Өткен жылғы 1 тамыздағы жағдаймен салыстырғанда олардың саны 15% өскен. 

Бұл ресми тіркелгендері, ал тіркелмегендері қаншама. 2021 жылдың қарашасынан бастап Қазақстанда ресейлік нөмірлі көліктер саны 200 мыңнан асты. Олардың кем дегенде 80 мыңы Ресейде тіркеуден шығарылды. 2023 жылдың 26 қаңтарынан бастап елімізде өткен шетелдік автоларды тіркеу науқаны кезінде 196 мың көлік заңдастырылды. Оның басым бөлігі (60-70%) ресейлік темір тұлпарлар болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу