Американың билік тізгінін Дональд Трамп алғалы ол долларды саналы түрде девальвациялауға тырысып жатыр. Доллар индексі құлау үстінде. Мұның экономикалық қисыны түсінікті. АҚШ валютасы құнсызданса, америкалық тауарлар жаһандық нарықтағы баға бойынша бәсекеде ұтады. "Қымбат доллар" ел экономикасына қысым, өркендеуіне тұсау болар ауыр жүк.
Дегенмен, Трамптың солақай саясаты кесірінен америкалық валютадан әлемдегі көптеген елдер іргесін аулақ салуға тырысуда, салдарынан оның қадірі де түсіп, жаһандық резервтік валюта мәртебесіне нұқсан келуде.
Валюталық интервенция мен саяси риториканың астасуы – АҚШ-тың ішкі өндірісін қорғауға бағытталған "протекционизм" қаруы. Алайда, Вашингтонның үшінші әлемнің әлсіздеу елдеріне қарсы қаһарлы қаруды қолдануы долларға сенім деңгейінің төмендеуіне әкеліп, әлемдік қаржы жүйесіндегі "дедолларизация" процесін тездетті. Тіпті Қазақстанның өзінде сарапшылар бұлай бара берсе, доллар бағамы 400 теңге межесіне қайтуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Геосаяси аренадағы текетірестер, соның ішінде АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әскери қимылдарының созылуы (CNN дерегінше – 100 күнге, ал NYT болжамынша – қыркүйекке дейін) Америка валютасының беделін одан сайын шайқалтты.
Соған қарамастан, әлемде долларды өз ұлттық валютасы ретінде қабылдаған елдер жетерлік. Бірақ олар АҚШ долларын өз бетінше шығара алмайтындықтан, оның ұлттық нұсқасын қабылдады. Яғни, толығымен АҚШ-қа тәуелді болмау үшін өз дизайны мен эмиссиялық саясатын қалыптастырып, тіпті тік форматтағы банкноттарды сынақтан өткізуде, деп жазады Smartpress.by. Тек жергілікті доллардың құны тікелей АҚШ долларымен байланыстырылған.
Соғыс пен саяси тұрақсыздық кез келген валютаның басты жауы. Жаһандық инвесторлар "тыныш айлақ" іздеген шақта, тік форматты банкноттардың шығуы – тек тың дизайн емес, елдердің өз қаржылық дербестігін паш етуінің символдық көрінісі.
Тік орналасқан банкноттар әрине сирек: көптеген елдер әлі күнге купюраларды классикалық көлденең форматта шығарады. Бірақ кейбірі өзгеше дизайнға басымдық беріп, ақшаны толық немесе жартылай "төңкеріп" басады.
Қазақстандықтар үшін үйреншікті емес және біздің айырбастау бекеттерінің ешқайсысы сатпайтын ерекше купюраларға назар аударып көрейік.
Барбадос
Мұндағы ең елеулі мысалдардың бірі – Барбадос. 2022 жылы ел тік "ориентациядағы" жаңа полимерлік банкноттар сериясын әлем назарына ұсынып, жаһан жұртшылығын тәнті етті.
Оның қасбетінде – осы мемлекеттің тарихында маңызды рөл атқарған тұлғалардың портреттері бейнеленген. Доллар аталатын жергілікті валютаның түрін жаңғырту елдің ақша жүйесін модернизациялаудың бір бөлшегіне айналды және заманауи қорғаныш элементтері енгізілді. Әйтпесе, АҚШ долларында қорғаныш белгілері өте аз екені жасырын емес.
Тік формат – адам психологиясына әсер етудің жаңа әдісі. Әмияннан ақша шығарғанда немесе терминалға салғанда купюраның тік тұруы қолданысқа ыңғайлы әрі көз тартарлық. Бұл – заманауи финтех пен дәстүрлі банкноттың түйісуі.

Канада
Дональд Трамп Американың құрамына 51-ші штат ретінде қосып алуды армандап жүрген осы көрші елде де доллар қолданыста. Сонымен бірге Канада да тік форматты доллар шығарып, эксперимент жасап тұрады.
Мысалы, 10 долларлық банкнот "сурет" форматында жасалған. Алдыңғы бетінде нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрестің символына айналған канадалық кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Виола Десмондтың бейнесі бар. Артқы бетінде – Виннипег қаласындағы Адам құқықтары музейі. Канада банкі келесі 2027 жылы да тік форматта болатын жаңа 20 долларлық банкнот шығаруды жоспарлап отырғанын жария етті.

Бермуд аралдары
Долларын даралау үшін тік дизайнды қолдануға Бермуд аралдары да әуес. Бұл – Ұлыбританияның теңіз айдынының ортасында орналасқан аумағы. Бірақ Америкамен байланысы мықтырақ болғандықтан, ұлттық валютасы ретінде британдық фунтты емес, долларды қабылдады.
2024 жылы мұнда 2 және 5 доллар номиналындағы полимерлік банкноттар ұсынылды. Олар бұрынғы шығарылымдардың жалпы тұжырымдамасын сақтады, тек III Карлдың бейнесін жаңартты және қосымша қорғаныс элементтерін қосты.

Мұндай формат әлі де кең таралмағанымен, дизайнерлік тәжірибелер мынаны көрсетіп отыр. Үйреншікті ақшаны да басқаша әдемі етіп көрсетуге болады, онда тұрған қатып қалған ештеңе жоқ. Сонымен бірге айрықша сипаттағы купюралар да толыққанды төлем құралы болып қала береді.
7 долларлық купюра барын білесіз бе?
Бір қызығы, әлемде 7 доллар номиналындағы стандартты емес банкнот та бар. Бұл осы санды қасиет тұтатын қазақтар үшін тартымды кәдесый болар еді.
Бұл да – доллар, бірақ ол АҚШ-та емес, Фиджи Республикасында шығарылған. Елдің ұлттық валютасы – фиджи доллары аталады. Ол әдетте 5, 10, 20, 50 және 100 долларлық купюралар түрінде болып келеді.
Ерекше номинал естелік банкнота ретінде шығарылды. 2017 жылы Фиджидің Резерв банкі Рио-2016 Олимпиадасында регби құрамасының алтын медаль жеңіп алуына орай алғашқы "жетілік" банкнотын басты. Бұл шамамен 940 мың тұрғыны бар ел тарихындағы алғашқы олимпиадалық жүлде болатын. Осы тарихи оқиғаны мемлекет әлгі қадаммен ел есінде сақтады.
Бір ғажабы, 2022 жылғы Токио Олимпиадасында елдің ұлттық ерлер құрамасы қайтадан алтын алды. Бұған қоса, әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды. Бұл оқиғаға елмен бірге қуанған билік тағы да 7 долларлық банкноттың жаңа нұсқасын шығарды. 7 саны бұл елде де "киесі бар" деп саналады.
Номиналдың стандартты емес номиналда болуы валютаны төлем құралынан гөрі, мемлекеттік идеология мен ұлттық рухты асқақтатушы құралға айналдырады. Фиджи тәжірибесі көрсеткендей, ақша – елдің "визит карточкасы" бола алады.
Inbusiness.kz идеясы
Әлгінде аталған мемлекеттер, сондай-ақ Эквадор, Панама, Сальвадор, Зимбабве, Шығыс Тимор, Маршалл аралдары, Палау, Микронезия және басқа долларды ұлттық валюта ретінде пайдаланатын жиырмаға жуық ел АҚШ-тан ерекшеленгісі келсе, бұл үшін не істеуі керек? Inbusiness.kz идея береді.
Олар банкноттарына әдемі, ерекше дизайндағы шағын QR-кодты инкрустациялау технологиясын қолдануына болады. Бұл код арқылы кез келген азамат және турист смартфонымен купюраның жалған, сувенир емес, нақты төлем құралы ретіндегі түпнұсқалығын біледі.
Сонымен бірге дәл сол күндегі АҚШ долларына шаққандағы нақты курсын және елдің экономикалық жаңалықтарын біле алар еді. Бұл – "тірі ақша" тұжырымдамасы.
Жалпы алғанда, форматтың өзгеруі – мазмұнның жаңаруының бастамасы, мемлекеттің жаңалыққа құштарлығының белгісі. Тік орналасқан банкноттар мен ерекше номиналдар әлемдік қаржы жүйесіндегі мылжың монотондықты бұзып, әр мемлекеттің өзіндік қолтаңбасын айқындай түсері даусыз.