Әлем халқының 25 пайызы ауруға шалдығуы мүмкін

Осы секілді қорқынышты статистикалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) зерттеулерінде айтылады. 

Әлем халқының 25 пайызы ауруға шалдығуы мүмкін Фото: freepik

Осы орайда inbusiness.kz сайтының тілшісі Hisar Intercontinental Hospital клиникасының білікті маманы, профессор, доктор Тайфун Апуханды әңгімеге тартып, бірқатар сұраққа жауап алған еді.

Шыны керек, соңғы жылдары жастар мен жасөспірімдер арасында кереңдіктің кең етек алып келе жатқаны жасырын емес. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінде өте қорқынышты статистикалар бар. Сол себепті, құлақ, мұрын және тамақ ауруларын 20 жылдан аса уақыт зерттеп, емдеп келе жатқан тәжірибелі маманнан жастар мен жасөспірімдердің жайын сұрап көрген едік.

– Иә, бұл үлкен алаңдаушылық тудырады. Құлаққапты пайдалану, әсіресе музыка тыңдағанда, жастардың есту қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2015 жылғы есебінде айтылған 1 миллиард жас өте үлкен көрсеткіш және болашақта денсаулық проблемаларының алдын алу үшін маңызды шаралар қабылдау керектігін көрсетеді.

Жалпы, жағдай көптеген елде ұқсас: жастардың құлаққаппен қатты музыка тыңдауы, кинотеатрлар мен концерттердегі дыбыстың деңгейі және шудың ұзақ әсер етуі сияқты факторлар тәуекелді арттырады. Балалар мен жасөспірімдердің есту денсаулығына көбірек көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда білім, хабар алу және дұрыс ақпарат өте маңызды саналады, – дейді Тайфун Апухан.

Сонымен қатар, профессор есту қабілетінің жоғалуы өмір сапасына айтарлықтай әсер ететін денсаулық мәселесі болса да, көп жағдайда ерте диагностикалау арқылы сәтті нәтижелерге қол жеткізуге болатынын қатаң ескертеді. Сол себепті, адамдар есту қабілетінің жоғалу белгілерін байқаса, дереу дәрігермен кеңесіп, қажетті емдеуді дер кезінде бастауы керек.

Білікті дәрігер Тайфун Апухан өз клиникасы туралы ақпарат беріп өтті. Ондағы құлақ аурулары бөлімінде жоғары біліктілікке ие 5 отоларинголог-дәрігер (ҚҰАБ маманы) қызмет көрсетеді.

– Біздің клиникаға жүгінген барлық пациентке жан-жақты тексеруден кейін жекелендірілген емдеу жоспарлары ұсынылады. Хирургиялық араласу түрлері мен олардың құны клиникалық жағдай мен науқастың қажеттіліктеріне байланысты анықталады.

Тиннитус (құлақтағы шу) емінде көбіне фармакологиялық тәсілдер қолданылады, алайда кейбір таңдаулы жағдайда хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін. Тиннитустың этиологиясы әртүрлі және әр адамда өзгеше болуы ықтимал.

Сондықтан, емдеу хаттамасын жеке ерекшеліктерге бейімдеу және мультидисциплинарлық бақылау өте маңызды, – деп сөзін нақтылай түсті сала маманы.

Профессор, доктор Тайфун Апуханмен әңгімеде өте қорқынышты статисткаға көз жеткіздік. Бұл – жаһандық мәселе. Сол себепті, аурудың себебін әлі де анықтап, салдарымен күресу керек секілді.

– Адамдардың есту қабілетінің төмендеуі туралы статистика негізінен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) сияқты халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына негізделген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай әлем халқының шамамен 25% есту қабілетінің қандай да бір дәрежесін жоғалтады. Бұл статистика өмір салтын өзгерту, қартаю, шудың әсер етуі , қоршаған орта факторлары және генетикалық факторлардың жиынтығына байланысты.

Басқа маңызды статистикаға мыналар жатады. Шудың әсерінен жыл сайын 1,1 миллион адам есту қабілетінен зардап шегеді. Сонымен қатар, әлемде 466 миллион адам есту қабілетінен айырылған, бұл сан 2050 жылға қарай 900 миллионға дейін өсуі мүмкін, – дейді ол.

Тәжірибелі профессордан "Маман ретінде оқырмандарға қандай кеңес бересіз? Есту қабілетін жақсартудың қандай жолы бар?" деп сұрадық. Ол бірнеше кеңесін айтты.

Олар:

Шуыл әсерінен аулақ болыңыз: Құлаққаппен музыка тыңдаған кезде дыбыс деңгейін төмен ұстаңыз. Сондай-ақ, шулы ортада құлаққапты киіңіз.

Ерте диагностика және емдеу: Есту қабілетінің жоғалу белгілері бар адам есту қабілеті бойынша маманмен кеңесіп, емдеуді ерте диагностикадан бастау керек.

Денсаулықты жүйелі түрде тексеру: Есту қабілетінің жоғалу қаупі жас ұлғайған сайын артады, сондықтан есту қабілетін жүйелі түрде тексеру маңызды.

Салауатты өмір салты: Темекі шекпеу, дұрыс тамақтану және тұрақты жаттығулар есту денсаулығына оң әсер етеді.

– Саңырау науқастарды емдеуде ең жоғары табысқа қол жеткізген елдердің қатарында Германия, АҚШ, Швеция және Англия бар. Бұл елдер кохлеарлық имплантты емдеуде, генетикалық зерттеулерде және ерте диагностикада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, – дейді профессор Тайфун Апухан

Білікті маман құлақтағы шудың пайда болуына және есту қабілетінің төмендеуіне қатысты да өз ойын айта кетті. Оның сөзінше, тиннитус (құлақтағы шу) және есту қабілетінің жоғалуы әртүрлі факторға байланысты болуы мүмкін. Олардың арасында шудың әсері, қартаю, генетикалық факторлар, аутоиммунды аурулар және инфекциялар, дәрілер (отоуытты препараттар) және жарақаттар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу