Әлем кубогіне іріктеуде Қазақстан құрамасы Қытаймен кездеседі

1500

Әлем кубогі 2023 жылдың 25 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында үш елде (Жапония, Филиппин және Индонезияда) өтеді.

Әлем кубогіне іріктеуде Қазақстан құрамасы Қытаймен кездеседі

Баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы 2023 жылғы Әлем кубогі жолдамасына таласты жалғастыруда. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 2021 жылдың 26 ​​қарашасында басталған Азия іріктеу турниріне қатысуда. 25 тамыз күні Әлем кубогіне іріктеу турнирі аясында қазақстандықтар Қытай командасымен кездеседі. Бұл туралы ҚБФ-ның баспасөз қызметі мәлімдеді. Басты қарсыластарымыз туралы не білеміз?

Баскетболдан Қытай ерлер құрамасы халықаралық деңгейдегі барлық жарыстарда ел намысын қорғайды. "Dragon" лақап атын алған команда Азиядағы ең ірі баскетбол орталығына және құрлықтағы ең үздік дайындық бағдарламасына ие. Қытайлықтар 1975 және 2005 жылдар аралығында FIBA ұйымдастыратын Азия кубогінде 16 рет жеңіске жеткен. Олар алғаш рет 1984 жылғы Олимпиада ойындарында бақ сынап, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында команда мүшесі Лин-Нан допты үш ұпайлық аймақтан лақтыру арқылы бір матчта 25 ұпай жинаған.

Алайда сәттілік үнемі қытайлықтарға серік болмаған. 2007 жылы өткен баскетболдан Азия біріншілігінде Қытай құрамасы өз атағын қорғай алмады. Себебі команданың негізгі құрамы Станковия кубогіне қатысатындықтан, құрлық додасында 23 жасқа дейінгі спортшыларға мүмкіндік берілген. Сол жылы олар Азия чемпионатын оныншы орынмен аяқтады.

Еуропалық командаларды жеңу де қытайлықтардың қолынан келеді. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында көрші ел құрамасы әлем чемпионы Сербияны 67:66 ұпайымен ұтып, 1/8 айналымға шықты. 2006 жылғы әлем чемпионатында да Қытай құрамасы Сенегал мен Словениядан басым түскен.

Міне, Қытай мен Қазақстан құрамалары араға төрт жыл салып қайта кездескелі отыр. Бұл жолы қос құрама 2023 жылғы әлем кубогінің іріктеу кезеңі аясында өзара мықтыны анықтайды. 

Кездесу 25 тамыз күні Нұр-Сұлтандағы "Сарыарқа" велотрегінде өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, жеребе қорытындысы бойынша құрамамыз 1-раундта Иран, Сирия және Бахрейн құрамаларымен бірге "D" тобына түсті. Біздің команда алты матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, көш басында келеді.  

2021 жылдың 26 ​​қарашасы – Қазақстан - Сирия – 84:74 

2021 жылдың 29 қарашасы – Сирия - Қазақстан – 71:81

2022 жылдың 24 ақпаны – Иран - Қазақстан – 69:73

2022 жылғы 27 ақпан – Бахрейн - Қазақстан – 48:95

2022 жылдың 1 шілдесі – Қазақстан - Иран – 68:60

2022 жылдың 4 шілдесі – Қазақстан - Бахрейн – 51:62

2-раундта Қазақстан құрамасы Аустралия, Қытай және Жапония командаларымен бірге "F" тобында ойынды жалғастырады. Сондай-ақ біздің құрамамен 1-раундта бірге ойнаған Иран және Бахрейн баскетболшылары да келесі кезеңге өтті. Бірақ біз олармен кездеспейміз. 

2-раундтың ойындар кестесі:

25 тамызы 2022 Қазақстан - Қытай

29 тамызы 2022  Жапония - Қазақстан

11 қараша 2022 Қазақстан - Австралия

14 қараша 2022 Қазақстан - Жапония

29 тамыз 2022 Жапония - Қазақстан

23 ақпан 2023 Қытай - Қазақстан

25 тамыз 2022 Қазақстан - Қытай

26 ақпан 2023 – Аустралия - Қазақстан

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу