Әлем мойындамаған отандық "QazVac" вакцинасының жобасы жабылды ма?

1324

Коронавирус аяқталғанына қарамастан, шетелдік вакцинаны сатып алу жалғасқан. 

Әлем мойындамаған отандық "QazVac" вакцинасының жобасы жабылды ма? Фото: Inbusiness.kz

Денсаулық сақтау министрлігі "Ашық бюджет" саясаты аясында қызықты құжатын жариялады. Ол – "7-ші түзету шеңберінде 2023–2025 жылдарға арналған №116 "ҚР Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен іс-шаралар өткізуге арналған мемлекеттік басқарудың басқа деңгейлеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер" аты бюджеттік бағдарламасы.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына қатысты барлық шектеулер 2021 жылдың соңына дейін түпкілікті алып тасталған болатын. Бірақ енді жарияланып отырған бюджеттік бағдарламада көрсетілгендей, "Қазақстан Республикасында короновирус инфекциясының таралуының алдын алу, елдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру" мақсатында Үкімет резервінен:

  • 2022 жылы – 88 миллиард 513 миллион 685 мың теңге;      
  • 2023 жылы – 10 млрд 490 млн 842,3 мың теңге; 
  • 2024 жылы – 3 млрд 196 млн 862,5 мың теңге бөлініпті.

Денсаулық сақтау министрлігі осы қаражатқа америкалық Pfizer/Пфайзер трансұлттық компаниясының "Комирнати оригинал/Омикрон ВА.4/5" вакцинасымен ревакцинация жүргізуге арнап, сатып алынған 2 миллилитрлік "өздігінен жойылатын шприцтердің" (саморазрушающиеся шприцы) санын, дозаларын жария етті.

Соның ішінде 2024 жыл үшін сатып алынғаны елең еткізді:

  • Абай облысы – 18 000 бірлік;
  • Жамбыл облысы – 42 000;
  • Маңғыстау облысы – 12 000;
  • Қызылорда облысы – 21 600;
  • Түркістан облысы – 85 980 бірлік және 174 300 доза;
  • Шымкент қаласы – 31 919;
  • Батыс Қазақстан облысы – 9 960;
  • Қостанай облысы – 5 820 бірлік және 44 500 доза;
  • Ұлытау облысы – 9 000;     
  • Астана қаласы – 51 659 бірлік және 121 000 доза;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 35 100;
  • Ақмола облысы – 3 250;
  • Батыс Қазақстан облысы – 50 500;
  • Қарағанды облысы – 42 400;
  • Қызылорда облысы – 61 800 доза;
  • Алматы қаласы – 95 200 доза;   

Пандемияның аяқталғанына жылдар өтіп кеткенде, бұлардың не үшін керек болғаны бюджеттік бағдарламада түсіндірілмейді.

Сондай-ақ оның аясында биыл қызылша, қызамық және паротитке қарсы 1 035 850 доза вакцина да шетелден сатып алынған. Оның көбі, 95 850 дозасы – Жамбыл облысына, 83 950 дозасы – Шымкентке, 40 250 дозасы – Ақтөбе облысына, қалғанынан 40 мыңы – Абай облысына, 18 850-і – Павлодар, 14 200 дозасы – Ұлытау облысына бағытталыпты. Басқа облыстарға құжатта қарастырылмаған.

Осы орайда "Қазақстанның өз вакциналары қайда?" деген заңды сауал туындайды. Мәжілісмендер шынында сұрақтар бұдан көп екенін айтады. Мысалы, сол "ҚазВакты" шығару үшін 7 миллиард теңгеге тұрғызылған алып зертхана-зауыт қайда?

"2020 жылы Қазақстан COVID-19 эпидемиясына тап болды. Үш жыл ішінде елде инфекцияны жұқтырудың 1,5 миллионға жуық фактісі расталды, 19 мыңнан астам қазақстандық опат болды. Көптеген ел өздерінің COVID-19 вакциналарын шығарды. Біздің ел де олардан қалыспай, жаһанға жар салып, "QazVac" вакцинасын әзірледі. Бүгінде осыған байланысты сұрақтар бар. Біздің вакцина әлемде қаншалықты сұранысқа ие болды? Ол басқа елдерге экспортталды ма? Осы вакцинаның патентін пайдалану туралы сұраулар болды ма? Біздің вакцинаны басқа елдерде өндіру жүргізілді ме?", – деді Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұндай сұрақтардың туындауын "өте орынды" деп отыр.

"Бұл мәселе бізді де қатты толғандырады. Өйткені ауқымды жұмыс жасалды. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакцинаға тиісті сертификатты сол бойы бермеді. Зауыттың екінші бөлігін салып болғаннан кейін негізгі толық циклді GMP арқылы растауға жол ашатын құжатымыз дайын болады. Мұның барлығы, вакцина да, оның кешені де COVID-19 кезінде, алас-күлес, форс-мажорлық жағдайда жасалды, содан мойындалмады", – деді ДСМ басшысы.

Министрдің айтуынша, жалпы алғанда, 2020 жылдан бері "QazVac"-тың 5 миллионға жуық вакцинасы дайындалды. Бірақ оған шетелден, соның ішінде Еуразиялық одақ елдерінен сұраныс болмапты. Тек 2021 жылғы шілдеде Қырғыз республикасына ізгілік көмегі ретінде 25 мың доза "QazVac" вакцинасы жіберілген. Алатаудың ар жағындағы ағайындар оны сынап көріп, ары қарай ақшаға сатып алуға құлық танытпады.

Өйткені қазақстандық вакцина халықаралық жоғары стандарттарға сай келмейді деп саналыпты.

"Біз вакцинамызды тек Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде ғана бердік. Осы уақытқа дейін басқа мемлекеттерден біздің вакцинаға ешқандай сұраныс түскен жоқ. Бұл жерде "QazVac"-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес еместігі тежеу болып тұр! Қазіргі кезде жаңадан салынған зауытта басқа дәрі-дәрмектер, негізінен малға, жануарларға арналған вакциналар дайындалуда. Жалпы, зауыттың өзге препараттарды өндіру әлеуеті бар. Бүгінгі күні 500 мың дозаға дейін шығаруға зауыттың қуаты толық жетеді", – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Ол енді зауыттың екінші бөлігінің аяқталуын күтіп отырғандарын жеткізді. Министрдің айтуынша, қазақстандық вакцинаның талапқа сәйкес келмеуінің "объективті факторлары" болды. Оларды жоймай, рекомендацияларын орындамай, ДДСҰ "стандартқа лайық" деп танымайды.

Қазақстан Үкіметі "ҚазВактан" бас тартпайды. Болашақта пандемия қайталана қалса, мемлекеттің әлем мен ДДСҰ мойындаған төл вакцинасы болғаны жөн.

"Біз жаңа зауыттың екінші кезеңінің іске қосылуын күтіп отырмыз. Бірінші кезеңі GMP сертификатын алды. Егер екінші кезеңі де ала алса, онда толық циклы стандартқа сәйкес келеді деп танылады. Содан кейін біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына өтінішпен қайтадан жүгінетін боламыз", – деп уәде етті Денсаумині басшысы Ақмарал Әлназарова.

Депутат Айна Мысырәлімованың мәліметінше, "QazVac"-тың халықаралық мойындалмауына өндірістің толық циклын өзінде жолға қоя алмағаны себеп болыпты. Мысалы, биомассасын шетелде жасаған, вакцина Түркияда құйылған.

"Кез келген фармацевтикалық өнім халықаралық нарыққа шыққысы келсе, сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен GMP стандартына толық сәйкес келуге міндетті. Өкінішке қарай, қазақстандық "QazVac" вакцинасы өндірістің толық циклының жоқтығы кесірінен аталған сертификатты сол бойы ала алмады. Бұл оның жаһандық нарыққа шығуына кедергі болды", – деді ол.

Бұған дейін отандық бірқатар ғалымдар "QazVac"-ты өндіру кезінде улы формальдегидтің пайдаланылатынын алға тартып, мұндай вакцинаның тиімділігіне күмән келтіргені мәлім.

Бірақ Денсаулық сақтау вице-министрі–Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова да "ҚазВактың" ДДСҰ тарапынан мойындалмауының басқа факторы ретінде басқаны атады.

"ДДСҰ мақұлдауына қол жеткізу үшін вакцина өндірісінің толық циклы – биомассаның өндірісінен бастап, вакцинаны құтыға құйып, қаптағанға дейінгі процестері бір жерде жолға қойылуға тиіс. Бізде құю желісі іске қосылды, оған GMP-сертификат алынды. Зауыттың екінші кешенінің құрылысы аяқталуға таяды. Оның базасында қажетті вакциналық биомасса дайындалатын болады. Құрылыс түпкілікті аяқталса және екінші кешенге GMP-сертификат алынса, бұл ДДСҰ-ға қайтадан шығып, тек коронавирустік вакцинаға емес, басқаларына да халықаралық ұйымның сертификаттарын алуға мүмкіндік береді. Егер болашақта осы зауытта қандай да бір өзге вакцинаны шығарғымыз келсе, ол өнімге де халықаралық сертификат алуға болады", – деді Айжан Есмағамбетова.

Қалай болғанда, анығы және фактісі сол, қазақстандық "QazVac" ДДСҰ-ның құптауына қол жеткізе алмады. Басқасының бәрі – көбіне қағаз бен сөз жүзінде қалатын жоспар ғана.

Әзірше, "QazVac" жасауға кеткен миллиардтардан бір адам ұтса, ол Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы басшысы Күнсұлу Закарья ханым. Ол соның арқасында 2021 жылы сыйақысы қомақты "Әл-Фараби атындағы Ғылым және техника саласында мемлекеттік сыйлықтың" иегері атанды. "Халық алғысы" медалімен (2020) және "Құрмет" орденімен (2023) марапатталды.

Мансап сатысында да серпінді жылжып, шыңға тез шықты. Аталған ҒЗИ-ды төрт жыл ғана басқарған соң, 2022 жылдың 16 тамызы мен 2023 жылдың 12 сәуірі аралығында жаңа құрылған "QazBioPharm" Ұлттық холдингінің тізгінін ұстады. 2023 жылдың 12 сәуірі мен 2024 жылдың қаңтары аралығында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті болды. 2024 жылғы 22 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Қалай болғанда, министрлік күтіп отырған Жамбыл облысының Қордай ауданындағы иммунобиологиялық препараттарға арналған қосымша цехтың құрылысын аяқтау отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін арттырады деген үміт сақталуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу