Әлем таныған талант елімізде ескерусіз қалған

1230

Өнер иесінің әлем мойындаған туындылары қазір суретшінің үйінде шаң басып тұр. 

Әлем таныған талант елімізде ескерусіз қалған Фото: inbusiness.kz

Туындыларын әлем мойындаған аягөздік таланттың еңбегі елімізде елеусіз қалып келеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Қалибек Айнажаров ағаш бетіне ойып сурет салатын шебер. Картиналарының деніне еуропалық өнертанушылар жоғары бағасын берген. "Бітімгер" бүкіләлемдік альянсында, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін "Дарын мен қабілет" күміс медалінің иегері.  

Қалибек Айнажаров бала кезінде қате жасалған операция салдарынан арбаға таңылған. Мамандығы фотосуретші болғанымен 40-қа қараған шағында ағашты ойып бейнелеуге ден қойған. Ұлттық дәстүр, төл өнер мен мәдениет тақырыбындағы туындылары көп. Әр картинасы жоғары талғаммен орындалған. Терең мағынаға ие.

2009 жылы суретші Мәскеуде өткен көрмеге туындыларын Қазақстан атынан апарып, үздік атанған.

​Фото: inbusiness.kz 

Кезінде Квентин Тарантино, Майкл Мэдсен, Майкл Дуглас, Эдриан Пол сынды өнер адамдары алған төсбелгіні иеленген. Есімі әлемдік дәрежедегі суретшілер тізімінде. Еуропалық сайттар әлі күнге оның картиналарын жаһандағы ең мықты туынды ретінде жариялап, мақалаға арқау етіп келеді. 

​Фото: inbusiness.kz 

Өнер иесінің қазір 100-ден астам картинасы бар. Олардың дені әлемдік көрмелерге қойылып, өз бағасын иеленген. Алайда әлем мойындаса да, елімізде ешкім елемейтін бұл туындылар қазір суретшінің үйінде шаң басып тұр. 

​Фото: inbusiness.kz 

"Картиналарым өте көп. Мәскеуге барғанда 400-500 мың долларға бағалап сатып алғылары келді. Бірақ менің ол кезде сатуға рұқсатым жоқ болды. Әуежайдан өткенде Қазақстан атынан көрмеге апаратын экспонаттар ретінде әр картинаға құжат рәсімдегенбіз. Сондықтан сата алмадым", – дейді Қалибек Айнажаров. 

Қазақстанда танымайтындықтан, оның шығармаларын телеарналар мен сайттар рұқсатсыз көрсетіп, жазушылар кітап мұқабаларына автордың есімін атамай бірнеше рет басқан. Суретші картиналарын осылайша әркімнің пайдаланып пайда тауып жүргеніне налиды.

Фото: inbusiness.kz 

"Әлемдік үлкен деңгейге көтерілдік. Дүниежүзі бәрі танығанмен өз еліңде ұлтан болғаным қажытты. Сол ішіңді тырнап күйдіреді", – дейді Қалибек Айнажаров. 

Шетелдік өнертанушылар Қалибек Айнажаровтың бірнеше картиналарын әлі күнге көрмелерге қойып қымбат бағаға сатуға ұсыныс жасап келеді. Бірақ талант иесінің оны шекара асырып сатуға мүмкіндігі жоқ. Өңір басшылары болса, оған пәтер әперіп, шеберхана ашуға көмектесеміз деп талай уәде берген. Алайда айтқандары құр сөз күйінде қалған. Әлем мәдениетіне үлес қосқан талант қазір тек анда-санда өтетін  көрмелерде ғана бой көрсетеді. 

"Біздің облыс орталығы Семей қаласында Арбатта апта сайын қолөнершілер мен суретшілердің көрме-жәрмеңкесін өткізуге облыс әкімінің тапсырмасы бар. Бұл іс шараға Қалибек Айнажаровқа ұсыныс жасап егер мүмкіндігі болса, осы көрмеге алдырайық деген жоспар бар",– дейді Абай облыстық мәдениет басқармасының басшысы, Айдар Ибраев 

Суретші арбаға таңылғандықтан, Аягөзден алысқа шығуы мұң. Сондықтан орталыққа көшіп, мәдени ортаға жақын болсам деген арманы бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу