Әлем вакциналық жарыстың қай кезеңіне жетті?

6061

Дүниежүзінде жасалып жатқан COVID-19-ға қарсы препараттардың кейбірі сан мың адамның қатысуымен ғаламдық сынақтан өткізіліп жатыр.

Әлем вакциналық жарыстың қай кезеңіне жетті?

Бүгінде коронавирусқа қарсы вакциналарды дүниежүзінің маңдайалды зерттеу орталықтары мен фармацевтикалық компаниялары жасап жатыр. Қазірдің өзінде сол препараттардың бірнешеуі ғаламдық деңгейде тәжірибеден өткізілуде. Бұл сынақтардың алғашқы нәтижелері жариялануға жақын. Ал еуропалық және канадалық реттеуші органдар оларды қолдануға рұқсат беру немесе бермеу мәселесін қарастыруға кірісті. Бәрінің бір мақсаты – жер-жаһанда миллионнан астам адамның өмірін қиған "ковид" пандемиясына нүкте қою.

Кімдер алда келеді?

Американың дәрі өндіруші Pfizer компаниясы мен Moderna биотехнологиялық кәсіпорны немістің BioNTech фирмасымен серіктесіп, ал Британияның AstraZeneca компаниясы Оксфорд университетімен бірлесіп, өздері жүргізген ірі сынақтың нәтижелері туралы алғашқы анализді қазан-қараша айларында-ақ жариялауы мүмкін. Дегенмен Johnson & Johnson бұл жарыста аздап артта келеді.

Сынақ қалай жүргізіледі?

Ең алдымен кездейсоқ таңдалған жүздеген ерікті екі топқа бөлінеді. Олардың біріне жаңа ғана жасалған вакцина егілсе, өзгесіне дәрілік қасиеті жоқ екпе (плацебо) салынады.

Әрі қарай сынаққа қатысушылардың жеткілікті бөлігі табиғи жолмен вирус жұқтырғанын күтуге тура келеді. Содан кейін ғалымдар ауырғандардың қай топқа жататынын тексереді және де осы статистика нәтижесі бойынша вакцинаның тиімділігі туралы қорытынды жасалады.

Оксфордтық зерттеуге жетекшілік ететін вакцинология профессоры Сара Гилберт "Би-би-си" телерадиокорпорациясына берген сұхбатында мәлімдегендей, мұндай сынақтардың жанама әсері болмауға тиіс және ең қиын жағдайда пациенттің температурасы 1-2 күнге ғана көтерілуі мүмкін.

Вакцинаның жұмыс істейтінін қалай білеміз?

Америка Құрама Штаттары, Еуропа одағы, Ұлыбритания және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы минималдық тиімділік туралы стандарт бекітті. Оған сәйкес, инфекция жұқтырғандар дәрілік қасиеті жоқ плацебо қабылдағандардың ішінде екі есе көп болуы керек (вакцинаны ектіргендермен салыстырғанда). Және де вакцина плацебодан жақсы көрінсе, дәрі өндіруші компаниялар оны қолдануға шұғыл өтініш беріп, зерттеуді тоқтата алады.

Реттеуші органдар вакцинаны жалпыға қолжетімді етпес бұрын оның қауіпсіздігіне қалай кепілдік береді?

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігі вакцина тиімді әрі қауіпсіз болмаса, оны мақұлдамайтынын ескертіп отыр. Және де бұл мекеме америкалық фармацевтикалық компаниялардан соңғы екпе салынғаннан кейін препараттың жанама әсерін тексеру үшін пациенттің денсаулығын кемінде екі ай бойы қадағалауды талап етіп отыр.

Екпелерге кепілдік мәселесімен Ұлыбританияда Дәрілік құралдарды және медициналық тауарларды реттеу агенттігі айналысады. Ал Еуропа одағында вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін Еуропаның дәрілік құралдар агенттігі бақылайды.

Олар – бірінші мақұлданған вакциналар?

Қытай мен Ресей вакциналарын бір уақытта ұсынды. Қытай өз екпесін төтенше жағдайларда қолдану бағдарламасын шілдеде іске қосып, вирус жұқтыру қаупі жоғары жүздеген мың жұмыскерді вакцинациалады. Қазір бұл мемлекетте төрт вакцина алда келеді. Ал Sinovac және CNBG тәрізді препараттар сынағының алғашқы нәтижелері қарашада белгілі болуы мүмкін.

Ресейдің "Гамалея" институты болса, вакцинасын соңғы рет сынауға 40 мыңдай адам тартып отыр. Оның алғашқы қорытындылары қазанның аяғында немесе қарашаның басында шығады деген болжам бар. Сонымен қатар Ресей бұл вакцинаны "үлкен қауіпке" душар болған жүздеген азаматына еккенін мәлімдеп келеді.

АҚШ-та вакцинаға рұқсат Трамптың қолында ма?

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек агенттігі вакцинаға рұқсат бермес бұрын оның пайдасы зиянынан басым екеніне көз жеткізуге міндетті. Өйткені, жаңа екпе кейіннен жүздеген миллион адамға салынуы мүмкін. Ал Құрама Штаттардың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігі бұл агенттіктің ақыл-кеңестерін қабылдамау құқығына ие. Бірақ президент Дональд Трамп әкімшілігінде осы министрліктің лауазымды өкілдерін қызметке тағайындау немесе отставкаға жіберу құзыреті бар.

Айта кетсек, жақында Трамп қосымша қауіпсіздік ережелері америкалық вакциналарды қарашаның 3-де өтетін президенттік сайлауға дейін қолдануға мұрша бермей отыр деп шағымданған еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу