Әлем және 2020 жыл

7498

Іnbusiness.kz  Өткен жылы дүние жұртшылығын елең еткізген басты оқиғаларды назарларыңызға ұсынады. 

Әлем және 2020 жыл

Қазадан кейінгі қаза

2020  жыл тарихқа пандемия мен локдаундар жылы ретінде енетіні сөзсіз. Бірақ биыл дүние жұртын елең еткізген өзге де оқиғалар аз болған жоқ. Қаңтардың 3-інде АҚШ Бағдадқа әуеден соққы бергенде, Иранның басты әскери стратегі Касем Сүлеймани мерт болды. Сол кезде президент Дональд Трамп мәлімдегендей, "әл-Құддс" элиталық бөлімінің командирі миллиондаған адамның қанын төкті. Алайда мұны жоққа шығарған Тегеран Сүлейманидің қазасы үшін кек аламын деп, Американың Ирактағы базасын зымыранмен атқылады. Іле-шала Трамп Твиттерде "бәрі жақсы" деген жазба қалдырып, Ислам Республикасына қарсы санкцияны тіпті күшейтті. Генералдың өлімінен кейін, бес күн өткенде - қаңтардың 8-інде Иран әскерилері америкалық ракетамен шатастырып, украиналық "Боингты" атып түсіріп, 176 адам мерт болды.

Байлаусыз Британия

2020 жылы 3 қаңтарда Гринвич уақыты бойынша сағат 23:00-де Еуропа одағынан Ұлыбритания бөлініп кетті. Ал, "брекситтен" кейінгі сауда-экономикалық қатынастар туралы келісімге Лондон мен Брюссель 24 желтоқсанда қол қойды.

Біріккен Корольдік пен ЕО 47 жыл бірге тұрды. Олардың болашақ байланыстары және мүлікті бөлісу туралы құжаты 1246 беттен тұрады. Ол премьер-министр Борис Джонсонға британ әуе күштерінің ұшағымени жеткізілді.

Енді Британия одаққа байлаулы емес. Ол мемлекет ретінде не істейтінін және кіммен қандай қатынас орнататынын Брюссельге қарайламай өзі шешетін егемен күшке айналып отыр.

Нарықтық үрей

Ал, наурыздың басында Ресей мен Сауд Арабиясы энергетикалық шикізат өндірісін қысқартудан бас тартқандықтан, әлем нарығында Brent маркалы мұнай бағасы бірден 25 пайызға құнсызданып, 32 доллардан төмендеп кетті. Бұл – 1991 жылы Парсы шығанағында болған соғыстан бергі ең үлкен құлдырау еді. Мұнайдан кейін, рубль мен теңге де күрт әлсіреді. Ал, сол күндері коронавирус пандемиясы әлем экономикасын тоқтатады деген үрей туындағанда,  Нью-Йорк қор биржасында индекстер 7 пайызға түсіп, 1987 жылғы "қара дүйсенбінің" қайталануына  жол бермеу үшін акциялар саудасын дереу тоқтатуға тура келді.

Тарихи старт

Мамырдың 30-ында тарихта алғаш рет жекеменшік компания орбиталық бекетке астронавтарды аттандырды. Бұл тарихи стартты жүзеге асырған – америкалық миллиардер әрі өнертапқыш Илон Масктың SpaceX компаниясы. Crew Dragon кемесінің Халықаралық ғарыш станциясына ұшып бара жатқан сәтін "Твиттерде" 16 миллиондай адам тамашалаған.

"Қаралардың өмірі маңызды"

Биыл мамырдың соңында АҚШ-тың Миннеаполис штатында полиция қызметкері қара нәсілді Джордж Флоидты мойнын 9 минут бойы тізесімен басып, тұншықтырып өлтірді. Содан кейін нәсілшілдікке қарсы шерулер әлемнің 60 елінің 2 мыңнан астам қаласында өтіп, олар кейде қақтығыстар мен тәртіпсіздіктерге ұласты. Ал, Америкада "Қаралардың өмірі маңызды" қозғалысының аясында өткен демонстрацияларға 15-26 млн адам қатысқан.

Тихановская vs Лукашенко

Жаздан бері Беларусьте жексенбі сайын шерулер ұйымдастырылып, оған жүздеген мың адам қатысып отырады. Оппозиция жақтастары тамыздың 9-ында өткен президенттік сайлаудың әділдігіне сенбейді. Алайда мемлекет басшысы Александр Лукашенко 80 пайыз дауысты ашық бәсекеде жинағанын алға тартып, биліктен кетпей отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, оның басты қарсыласы Светлана Тихановскаяға электораттың 10 пайызы ғана дауыс берген. Дегенмен, Литваға қашқан Тихановская бұл деректі жоққа шығарып отыр. Ал, оны сайланған президент деп атаған оппозиция билікті тапсыру жөніндегі үйлестіру кеңесін құрғанын жариялады. Лукашенкоға сенсек, шерулер үшін Батысты айыптап, ондағылардың Беларусь үкіметін құлатуға Ресейді де тартқысы келетінін атап өтті. 

Тағы да революция?

Қазанның басында өткен парламенттік сайлаудан кейін, Қырғызстанда жаппай шерулер басталды. Демонстранттар қауіпсіздік күштерімен қақтығысқан соң, парламентке өтпей қалған партиялардың жақтастары Жоғарғы кеңес пен президент әкімшілігіне басып кірді. Осындай шақта Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың нәтижесін жойды. Ал, қазанның 9-ында Бішкекте қарсылық акциялары тәртіпсіздіктерге ұласты. Алаңда Садыр Жапаровтың жақтастары мен қарсыластары қақтығысқанда, 7 адам жараланды. Президент Сооронбай Жээнбеков болса, қазанның 15-де отставкаға кетті. Содан кейін республикадағы жағдай тұрақталып, қарсылық тоқтады. Мемлекет басшысы тізгіні Жапаровтың қолына өтті. Бірақ ол 14 қарашада отставкаға кеткендіктен, заң бойынша, президент міндетін парламент спикері Талант Мамытов атқарып жатыр. Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы  қаңтардың 10-ында өтуі керек.

Күзгі Қарабақ

27 қыркүйекте екінші Қарабақ соғысы басталды. Ол 44 күнге созылып, қарашаның 9-ынан 10-ына қараған түні Ресейдің арағайындығымен Армения премьері Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Тарихи пәтуаның шарттарына сәйкес, Таулы Қарабақтың басым бөлігі мен оның айналасындағы жеті аудан Бакуге қайтарылды. Бұл жеңістің құрметіне желтоқсанда Бакуде ауқымды әскери парад өтті. Ал, Ереванда Пашинянға қарсы шерулер өтіп, олар осы айда да жалғасын тапты.

Айта кетсек, соғысты тоқтатқан ымыраның орындалуын қадағалау үшін даулы аймаққа Ресейдің бітімгер әскері енгізілді.

Дәлелсіз Трамп

Қарашаның 3-інде АҚШ-та президенттік сайлау өтті. Оның нәтижесі бірнеше күн бойы анықталмады. Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі сол – америкалықтардың айтарлықтай бөлігі вирустан қауіптеніп, дауысты поштамен берді. Электораттың белсенділігі өте жоғары болды.

Құрама Штаттар тарихында ешқашан сайлауға биылғыдай көп адам бармаған екен. Ал, Джо Байден 80 млн дауыс жинады. Бұған шек келтірген президент Дональд Трамп нақты дәлелсіз сотқа қайта-қайта шағым түсіріп, бірнеше штатта бюллетеньдерді тағы да санатты. Бірақ желтоқсанның 14-інде Сайлаушылар алқасы 78 жастағы Байденді ресми түрде жеңімпаз деп жариялады. Америка тарихындағы ең қарт президенттің инаугурациясы 2021 жылы қаңтардың 21-де өтеді.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу