Әлемде білім ала алмай жүрген балалар саны рекордтық деңгейге жетті

Азертадждың жазуынша, мектепке бармайтын балалар мен жастар саны 7 жыл қатарынан өскен. 

Әлемде білім ала алмай жүрген балалар саны рекордтық деңгейге жетті Фото: unicef.org

ЮНЕСКО-ның 2026 жылғы Білім саласын мониторингілеу жөніндегі жаһандық есебіне сай, олардың саны қазір 273 миллион адам болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған өсім халық санының артуымен, дағдарыс және білім беру бюджетінің қысқаруымен тікелей байланысты. 

Зерттеуге сәйкес, әлемдегі мектеп жасындағы әрбір алтыншы бала білім беру жүйесінен тыс қалғаны жазылған. Оқушылардың тек үштен екісі ғана орта мектепті аяқтайтыны туралы да дерек бар. 

2026 жылы жарияланған есеп 2015 жылдан бері әлемнің көп аймағында мектепке қатысу көрсеткіштерінің өсуі баяулағанын айғақтайды. Ең ауқымды баяулау Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде байқалады, оған халық санының тез өсуі себеп болған.

Сонымен қатар, бірқатар дағдарыс, тіпті қақтығыс та бұл үрдісті тежеген. Әлемдегі балалардың алтыдан бірінен астамы қақтығыс аймақтарында тұрып жатыр, бұл ресми статистикадан тыс қалған балалар санының әлдеқайда көп екенін білдірсе керек-ті. 

Бұл мәселе Таяу Шығыста әлі күнге дейін өткір, мұнда аймақтық шиеленіс көптеген мектептің жабылуына әкеліп отыр. Соның салдарынан миллиондаған бала білім алу мүмкіндігінен айырылған. 

Солай бола тұра, 2000 жылдан бері бірқатар ел мектепке бармау деңгейін кемі 80%-ға қысқартқан. Мысалы, балалар арасында Мадагаскар мен Того, жасөспірімдер арасында Марокко мен Вьетнам, ал жастар арасында Грузия мен Түркия жақсы нәтижеге қол жеткізді. 

Есеп қорытындысында білімге қолжетімділікті қамтамасыз етудің бір ғана шешімі жоқ екені айтылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу