Әлемде бірден 3 жаңа мемлекет пайда болуы мүмкін

1042

Ұлы патшалық күйреудің алдында тұр ма? 

Әлемде бірден 3 жаңа мемлекет пайда болуы мүмкін Фото: ЖИ

Үш елдің тағдыры және Ұлыбританияның жаңа сынағы

2026 жылдың қыркүйегі Біріккен Корольдіктің тарихында қалуы мүмкін. Кардифф қаласында Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия лидерлерінің бас қосуы "брекзиттен" кейінгі Британияның болашағын талқыға салған, бұрын-соңды болмаған саяси оқиғаға айналды. Үш аймақтың азат болуды аңсаған күштері алғаш рет бір үстел басына отырып, "халықтардың өзін-өзі билеу құқығын" ортақ саяси талап ретінде жариялады. Бұл – жеке-жеке айтылған наразылықтардың енді ортақ стратегияға айнала бастағанын аңғартатын қауіпті белгі.

Оның үстіне, британдық The Telegraph газетінің жазуынша, үш аймақтың көшбасшылары келіссөздермен шектелмей, өз өңірлеріне тәуелсіздік туралы референдум өткізу құқығын беруді талап еткен декларацияға қол қойыпты.

14 қыркүйекте Кардиффте өткен кездесуде Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі, Шотландияның бірінші министрі Джон Суинни, Уэльстің бірінші министрі Рин ап Йорверт және Солтүстік Ирландияның бірінші министрі Мишель О’Нил бастаған күштер өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Бұл ретте "бірінші министр" патшалықта өзге елдердегі премьер-министрдің құқықтарына ие.

Кездесуге Ирландиядағы Sinn Féin (ирланд тілінен қазақшаға "Өзіміз ғана" деп аударылады, бірақ өзге елдер аудармай, "Шинн Фейн" деп жазады) партиясының төрайымы Мэри Лу Макдональд та қатысты. Маңыздысы – олар бұл жиынға Үкімет басшылары ретінде емес, партия жетекшілері ретінде келген. Яғни, билік атынан емес, халық атынан сөйлейтінін паш етуді қалады.

Сонымен бірге бұл жай партия басшыларының жүздесуі емес: себебі, жиында сөз болған мәселелер жеке партиялардың емес, тұтас елдердің конституциялық тағдырына қатысты еді.

"Саммит Дональд Трамп "біртұтас Ирландияның құрылуын өте қатты қалайтынын" мәлімдеген соң екі күннен кейін өтіп отыр. Сенбі күні Дублинге жасаған сапары кезінде Трамп Солтүстік Ирландияның Ирландия Республикасының құрамына қосылуы "керемет іс болар еді" деп жариялай келе: "Мұның несі жаман болуы мүмкін?" деп арандатушы сұрақ қойған еді. Бөлінуді қалаған қозғалыстардың Лондонға қысымы күрт күшейген тұста бұл мәселеге АҚШ президенті араласуда", – деп жазды Telegraph.

Саммит декларациясында Вестминстердің (Ұлыбритания Парламентінің) "демократияны бұғаттауға құқығы жоқ" екені айтылды, деп назар аудартты euronews. Кезінде "брекзит" референдумы кесірінен Ұлыбритания корольдігі Еуроодақтан шығып кеткенде, оның аймақтары бұған қарсы болған еді. Енді Шотландия мен Уэльс тәуелсіздікке қол жеткізген жағдайда Еуропалық одаққа қайта кіруді көздейді.

Солтүстік Ирландияның бағыты өзгеше: мұнда мәселе Ирландия Республикасымен бірігу төңірегінде тұр. Демек, үш тараптың жолы бірдей болмаса да, олардың саяси компасы бір бағытты – Лондоннан алыстап, іргені аулақ салуды көрсетіп тұр.

Британдық сарапшылар бұл үдерістің кездейсоқ пайда болмағанын нұсқайды. Солтүстік Ирландияда Sinn Féin негізгі саяси күшке айналды. Шотландияда SNP өз үстемдігін сақтап отыр. Ал, 7 мамырдағы сайлаудан кейін Уэльсте Plaid Cymru билікке келіп, Рин ап Йорверт бірінші министр болды. Осылайша, тарихта тұңғыш рет үш автономиялық аймақтың тізгінін Британия құрамынан шығуды немесе одан әрі дербестікке ұмтылуды жақтайтын күштер өз қолына алды.

Корольдіктің таңдауы: келісе ме, басып-жанши ма?

Алайда Лондон өткен ғасырлардағы алып империясының жұрнағындай қалған қазіргі аймақтарының да өз алдына отау құруын талқылауға әзірге дайын емес. Ұлыбритания премьер-министрі Энди Бернхэм Шотландияда жаңа тәуелсіздік референдумын өткізуге тек қоғамда "айқын консенсус", ортақ бітім қалыптасқан жағдайда ғана келісім берілетінін мәлімдеді. Өйткені ағылшындардың өзі патшалықтың ары қарай бөлшектелуін құптамайды.

Оның ұстанымы бойынша, келесі жалпыұлттық сайлауға, яғни, 2029 жылға дейін мұндай референдум өткізуге негіз жоқ. Билік басындағы лейбористер 2024 жылғы сайлау бағдарламасында да өңірлердің тәуелсіздігін және жаңа референдумды қолдамайтыны анық көрсетілген.

Бернхэмнің дәйектеуінше, мұндай конституциялық даулар экономикалық өсімге, халықтың тұрмысын жақсартуға кедергі келтіреді. Оған жауап ретінде Джон Суинни британдық Үкімет басшысын "тарихқа Біріккен Корольдіктің соңғы премьер-министрі ретінде енуің мүмкін" деп сынады.

Бұл жерде мәселе тек ұлттық сезімде емес, экономикалық тайталаста да жатыр. Уэльс орталықтан өзіне салық және бюджеттік шығыстар саясаты бойынша көбірек өкілеттік беруді талап етуде. Бұл өңір корольдік мүліктен, соның ішінде теңіздегі жел электр станциялары орналасқан аумақтардан түсетін кірістердің орталыққа әкетілмей, Уэльс қазынасына берілуін қалайды.

Сонымен қатар Барнетт формуласын қайта қарауды, құқық қорғау, теміржолды қаржыландыру секілді салаларда өкілеттікті кеңейтуді сұрауда.

Тиісінше, сарапшылардың түсіндіруінше, бұл жерде тәуелсіздік идеясы тек тарихи жадтың немесе ұлттық романтиканың мәселесі емес. Ол бюджетке, энергияға, инфрақұрылымға, Еуропамен байланысқа барып тірелді.

Британиядағы деволюция (аймақтарға биліктің бір бөлігін беру) бастапқыда азаттықты аңсаушылардың ықпалын әлсіретудің тәсілі ретінде қарастырылған еді. Алайда сыншылардың ескертуінше, Эдинбург, Кардифф және Белфасттағы дербес парламенттер керісінше, жергілікті саяси элиталарға жаңа билік базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қырық жылдай бұрын басталған бұл тәжірибе бүгінде күтпеген жемісін беруде: орталықтан түскен өкілеттік орталықтан көбірек өкілеттік талап ететін саяси күштерді күшейтті.

Үш жаңа мемлекет пе, әлде "жаңа Британия" ма?

Дегенмен дәл қазір "әлемде үш жаңа мемлекет пайда болады" деп кесіп айтуға әлі ерте. Шотландия тәуелсіздік мәселесін бір рет дауысқа салды: 2014 жылғы референдумда сайлаушылардың 55,3 пайызы Ұлыбритания құрамында қалуды таңдаған. Бірақ содан бері саяси ахуалдың өзгеруі, соның ішінде Лондонда Үкімет басшысының тұрақтамай, екі жыл сайын ауыса беруі жаңа референдум өткізуді талап ететін күштердің қайта күшеюіне жол ашыпты.

Солтүстік Ирландиядағы жағдайдың құқықтық негізі де мәлім. 1998 жылғы Белфаст келісіміне сәйкес, егер "аймақтағы тұрғындардың көпшілігі Ұлыбритания құрамынан шығуды қолдауы ықтимал" деген негіз пайда болса, онда Ирландиямен бірігу жөнінде референдум өткізуге мүмкіндік беріледі. Sinn Féin партиясы бұл күнді алыстағы арман емес, қазірден дайындалуға тиіс саяси таңдау деп санайды.

Уэльстің ұстанымы әзірге өзгешелеу. Оның лидері Рин ап Йорверт сайлау науқанында тәуелсіздік мәселесін негізгі тақырып етпеді және бірінші каденциясында референдум өткізудің мерзімін атаған да жоқ. Сондықтан Шотландия мен Солтүстік Ирландиядағы нақты саяси ахуалды Уэльске де телу – асығыстық.

Бірақ "Plaid Cymru" ("Плайд Камри" уэльс тілінен "Уэльс партиясы" деп тәржімаланады) саяси партиясының билікке келуі Уэльстегі ұлттық саяси сананың бұрынғыдан салмақтырақ деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Ендеше, Британия жолайырықта тұр. Бірі – референдумдарға құқықтық және саяси кеңістік ашып, ұлттық қозғалыстармен келіссөз жүргізу. Екіншісі – орталық биліктің тұтастықты қорғау талабын күшейтіп, тәуелсіздік мәселесін барынша кейінге ысыру.

Бірінші жол мемлекет құрылымын бейбіт жолмен қайта қалыптастыруы мүмкін: қай ел қалауын білдірсе, ерікті түрде Ұлыбритания құрамында қалады. Екінші жол уақыт ұтқанымен, аймақтардағы наразылықты тереңдетіп жіберу қаупін жоққа шығармайды, деп жазды "Еуроньюс".

Британияның ертеңгі картасы қандай болады? Ол енді уақыт еншісінде.

Британ билігінен тәуелсіздік алған елдер:

• Канада – 1867

• Ирландия – 1922

• Иордания – 1946

• Үндістан – 1947

• Пәкістан – 1947

• Шри-Ланка (Цейлон) – 1948

• Мьянма (Бирма) – 1948

• Израиль – 1948

• Гана – 1957

• Малайзия – 1957

• Нигерия – 1960

• Кипр – 1960

• Сьерра-Леоне – 1961

• Танзания (Танганьика) – 1961

• Уганда – 1962

• Кения – 1963

• Замбия – 1964

• Малави – 1964

• Ботсвана – 1966

• Лесото – 1966

• Барбадос – 1966

• Маврикий – 1968

• Фиджи – 1970

• Бағам аралдары – 1973

• Папуа – Жаңа Гвинея – 1975

• Соломон аралдары – 1978

• Тувалу – 1978

• Кирибати – 1979

• Зимбабве – 1980

• Белиз – 1981

• Вануату – 1980

• Бруней – 1984.

Бұрын британиялық аумақ саналған елдердің толық тізімі мұнымен бітпейді. Онда мысалы, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Ямайка, Тринидад және Тобаго, Мальта, Гайана, Гамбия, Мальдив аралдары, Гренада, Сейшел аралдары және басқа да бірқатар мемлекеттер болғаны тарихтан белгілі.

Бүгінде UK құрамында Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу