Енді аталған елдердің экономикасы да дағдарысқа кезігіп жатыр. Әсіресе Украина тарапының жағдайы күрделене бастады.
Барлық мәселе Украинаның ішкі бюджетінің тапшылығынан шығып отыр. Бұған дейін қару-жарақ беріп, қаржылай қолдау көрсеткен Еуропалық Одақтың өзі қысымға ұшырай бастаған. Әйтпесе соғыстың ауыртпалығын одаққа мүше 27 ел көтеріп келгені жасырын емес. Өткен айда Украина президенті Владимир Зеленский Қорғаныс министрлігінің қаржыландыру тапшылығына тап болып отырғанын мәлімдеді. Әскери іс-қимылды жалғастыру үшін бұл тапшылықтың орнын толтыру қажет. Оның көлемі 23,1 млрд еуроға жеткен.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл дағдарыс күтпеген шығындардың салдарынан пайда болмаған. Украина бастапқыда жылдың екінші жартысына жоспарланған қаражатты бірінші жартыжылдыққа ауыстырған екен. Аталған 23 млрд еуро әскери қызметшілерге жалақы төлеуге, әлеуметтік қолдауға және қару-жарақ сатып алуға қажет болыпты. Оның ішінде 2027 жылдың басына жоспарланған жеткізілімдер үшін 6 млрд еуро көлеміндегі аванстық төлемдер де бар.
Енді Зеленский Еуропалық Одақтан 90 млрд еуролық несиенің бір бөлігін уақытынан ерте беруді сұрап отыр. Брюссель бұл несиені 2026 және 2027 жылдарға 45 млрд еуродан екі бөліп беруге келіскен. Зеленскийдің ұсынысына сәйкес, келесі жылға жоспарланған қаржыландырудың бір бөлігін биыл-ақ аударған жөн. Ал Еурокомиссия мерзімінен бұрын қаржы аудару туралы ресми ұсыныс түспегенін мәлімдеп отыр.
"Біз өтініштерді мүмкіндігінше қанағаттандыруға дайынбыз, алайда әзірге бекітілген жоспарды негізге алып отырмыз. Украинамен байланыс жалғасуда және осы байланыстардың нәтижесіне қарай бұдан арғы іс-қимылдарды айқындайтын боламыз", – деп мәлімдеген комиссия.
Қазір Брюссель Украинаға 3,2 млрд еуро қаржы мен 8,35 млрд еуроның әскери көмегін жіберіп үлгерген. Жалпы 22 млрд еуро истребительдер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты қару-жарақ сатып алуға бөлініпті. Бұл қаражат Киев ұсынған қорғаныс келісімшарттары тексерілгеннен кейін ғана аударылады. Тағы 6 млрд еуро әлі бөлінбеген.
Бюджеттік қолдауға арналған 14 млрд еуро да әзірге белгісіз жағдайда тұр. Бұл ретте төлемдердің бір бөлігі реформалардың жүргізілуіне байланысты болғанын айта кетейік. Кейінгі айларда Украина парламенті негізгі заң жобаларын қабылдауды баяулатқан. Бұл Брюссельдің де алаңдаушылығын тудырып отыр. Комиссия биыл қаржы аударуды жеделдетуге дайын екенін мәлімдеді, алайда бұл 45 млрд еуро көлеміндегі шекті соманың аясында жүзеге асырылуға тиіс.
Басым бағыттардың бірі – әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері. Украинаға Ресейдің жалғасып жатқан баллистикалық зымыран соққыларына тойтарыс беру үшін бұл жүйелер шұғыл қажет екені айтпаса да анық.
Дегенмен украиналықтар сұрады екен деп ЕуроОдақ қаржыны бере салмайтын сыңайлы. Өйткені оның қалай жұмсалатынына күмән көп секілді. Ақшаны мерзімінен бұрын аудару үшін одақ елдері қайта бас қосып, қаржыландыру кестесіне түзету енгізуі керек. Одақтың ішкі жоспарлары да өзгереді деген сөз. Оның үстіне бірлестік 2028 жылы күшіне енетін келесі жеті жылдық бюджетті қабылдап қойған.
2027 жылға жоспарланған ақшаны биыл аударса, Украина дағдарысты еңсере алмай, келер жылы тағы әбіргерге түсуі мүмкін. Бұған күмән жоқ, себебі Мәскеу тарапы шабуылды күн сайын күшейтіп келеді. Демек, украиналықтардың қаржылық қыспағы да артады.
Еуропалық Одақ шенеуніктерінің осылайша басы қатып отырғанда Зеленский бұдан да батыл нұсқаны ұсынды. Ол Ресей Орталық банкінің бұғатталған активтерін пайдалануды сұрап отыр. ЕО аумағында Ресейдің шамамен 210 млрд еуро көлемінде активі орналасқан, оның басым бөлігі Бельгияда.
Бастапқыда Еуропалық комиссия бұл активтерді 2026-2027 жылдары Украинаны қаржыландырудың "А жоспары" ретінде қарастырған болатын. Алайда Бельгия бастаған қарсылық өткен жылдың желтоқсанында бұл жоспардың іске асуына кедергі келтірді. Нәтижесінде ЕО-ға мүше 27 елдің көшбасшылары "Б жоспарына" көшіп, Украинаға 90 млрд еуро көлемінде несие беру үшін бірлескен қарыз алуға келісті.
Бельгия тарапы бұлайша қарсыласып, активтердің жұмсалуына қарсы болып отырған кезде Зеленскийдің ұсынысы орындала қоймайтын тәрізді. Сондықтан украиналықтар 2 жыл бөлініп аударылатын 90 млрд еуроны қанағат тұтуға мәжбүр. Алайда майдан қаржы тосып тұра алмайды, алдағы уақытта украиналықтар бірнеше позицияда есе жіберіп жатса, себебін дағдарыстан іздеуге болатындай.