Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонгтың жылдық жалақысы 1,6 еседен астам өсіп, 2,2 млн сингапур долларынан 3,6 млн сингапур долларына (2,85 млн доллар) дейін артады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.
Тиісті шара министрлердің еңбекақысын арттыру аясында қолға алынады. Сингапур министрлерінің жалақысы соңғы 15 жылда алғаш рет көтеріліп отыр.
Вонг барлық үстемеақыны бес жыл бойы қайырымдылыққа жұмсауға уәде беріп отыр. Сингапур премьер-министрі – әлемдегі ең жоғары жалақы алатын сайланбалы мемлекет басшысы. Швейцария президенті жылына шамамен 600 мың доллар, Аустралия премьері – 450 мың доллар, АҚШ президенті – 400 мың доллар алады. Бұған Канада, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Корея көшбасшыларының айлығын қосқан күннің өзінде, Лоуренс Вонгқа төленетін төлем бәрібір жоғары болады.
Сингапур саясаткерлерінің жалақысы жеке сектордағы табысқа байланған. Бастапқы деңгейдегі министрдің лауазымдық жалақысы жалпы өсім аясында 1,1 млн доллардан 1,8 млн долларға дейін ұлғаяды.
Вонгтың сөзінше, саяси лауазымды тұлғаларға 15 қазаннан бастап жұмыс нәтижелері мен жалақының соңғы өзгерісін есепке алғанда, 9%-ға дейінгі мөлшерде біржолғы үстемеақы беріледі. Яғни, жалақысы 1,1 млн доллар болатын министр бастапқыда 700 мың доллар емес, 100 мың доллар көлемінде үстемеақы алуы мүмкін. Келесі түзетулер жеке нәтижелерге сәйкес жүргізіледі.