Халықаралық сарапшылар алқасының бірауыздан шығарған шешімімен ғаламдық сөз сайысының "бас жүлдесі" Жаңа Зеландияның байырғы тұрғындары – маори халықының тіліндегі "кайтиакитанга" (kaitiakitanga) ұғымына бұйырды.
Бұл сөздің қазақша және басқа тілдегі дәлме-дәл баламасын табу қиын. Ол адамзаттың бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы табиғатты қорғау, оны көздің қарашығындай сақтау жолындағы ар-ождандық жауапкершілігі, парызы мен терең міндетін білдіреді, деп жазды inbusiness.kz.
Әділ қазылар алқасы бұл сөздің құлақтан кіріп бойды алар әуезділігіне, мағынасының тереңдігіне және орасан зор мәдени салмағына тәнті болғандарын жасырмады.
"Kaitiakitanga – кез келген сөзді ғажайып ететін барлық қасиетті бір бойына жинаған: бірегей әуез, терең философия және өзге тілдердің көбінде баламасы жоқ бірегей тұжырымдама. Ең бастысы, ол – біздің дәуіріміздің басты сын-қатерлерін, ең көкейкесті проблемасын дөп басады: келешек ұрпақтың игілігі үшін қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, құнтты иелік ету идеясын ұсынады. Осылайша, Kaitiakitanga деген бір ауыз сөздің өзі тұтас бір халықтың күрделі құндылықтары мен дүниетанымын сиғыза алатын тіл құдіретін паш етіп тұр", – делінген ресми түсініктемеде.
Bild басылымы атап өткендей, кайтиакитанга ұғымының негізгі қуаты – оның феноменалды көп өлшемділігінде. Бұл жай ғана "экология" немесе "табиғатты қорғау" деген тар шеңберге сыймайды.
Маори елінің философиясы бойынша адам – табиғаттың үстінен қарайтын әміршісі де, уақытша жалға алушысы да емес. Ол – табиғаттың ажырамас бөлшегі, демек, оның жанашыры, камқоршысы әрі қорғаушысы. Бұл – бізден кейін артымызда қалатын ұрпақ үшін жерді, суды, жан-жануар мен өсімдік әлемін аман сақтау жөніндегі перзенттік парыз.
Жаңа Зеландияның "Те Ара" энциклопедиясының дерегінше, маорилер адам мен табиғат арасындағы ажырамас рухани байланысқа бек сенген. Ал, кайтиакитанга осы байланысты қоршаған ортаған қамқорлық, оны қорғау, сақтау және оның саясында паналау сияқты көптеген ұғымды білдіру арқылы паш етеді.
Алайда маорилердің өздерінің экологиялық сана-сезімі кіршіксіз пәк, іс-қимылы табиғатқа адал бола қоймапты. Жаңазеландиялық тарихшылар мынадай ащы шындықты алға тартады: бұл арал-құрлыққа еуропалықтардың аяғы тигенге дейін-ақ жергілікті тұрғылықты тұрғындар алып моа құсын жер бетінен жойып жіберіп, талай ормандарды өртеп үлгерген.
"Маорилерді қоса алғанда, барлық адамзат қоғамы өздері өмір сүріп жатқан қоршаған ортаға өз ізін, қолтаңбасын қалдырады. Еуропалықтар келгенге дейін маорилер моаны (ұшпайтын алып құсты) тұқымымен құртып, ормандардың алқаптарын өртеп жіберді. Олар қоршаған ортаға өзге де залалын тигізді. Дегенмен, Жаңа Зеландияны қоныстанғаннан кейін еуропалықтар да оны барынша ластап, тоздырып, жергілікті өсімдіктер мен жануарлар әлеміне, жер мен теңізге алапат зиян келтірді", – деп тұжырымдайды энциклопедия авторлары.
Десек те, кайтиакитанга – бұл өткеннің қателіктерінен сабақ алып, өзін-өзі тазартудың алтын дәстүрі. Бүгінде жергілікті тайпалар қайтадан өз мәдениеті мен табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге кіріскен. Сондықтан оларға ата-бабаларынан мирасқа қалған осы философия қайта жаңғырып, сұранысқа ие болуда.
Маорилер адамды өмірдің біртұтас желісінің бір тіні, талшығы ретінде қарастырады. Бұл жерде әлемді түсіну үшін барлық элементтердің өзара байланысын сезіну өте маңызды.
Бағзыдағы салты мен дәстүрлі әдет-ғұрыптары табиғи ресурстарды барынша ұтымды пайдалануға үндейді. Бұл өсиет аңшылық, бағбандық немесе балық аулау болсын, бәріне қатысты. Мысалы, құс тұзақтары құстардың жұмыртқалап, көбею кезеңінде құрылмаған.
Тұрғылықты жұртта балықты екі каноэның арасына керілген үлкен тормен аулау тәжірибесі болған. Алайда кайтиакитанга талабына сәйкес, олар мұндай тәсілмен балық аулауды жылына бір-ақ рет қолданған.
Қысылған бұғы, жарықшақтағы алтын: топ-15 сөз маржаны
Жеңімпаз жаһандық сөздер қалай таңдалды? Әлемдік деңгейде мұндай бірегей таңдау тарихта алғаш рет өткізіліп отыр. Фонетикалық сарын сиқыры мен терең даналық мінсіз тоғысқан ең әдемі сөзді анықтау жобасына "Babbel" тілдерді үйрену платформасы бастамашы болды.
Ал, әрбір сөзге сараптамалық баға беруді лингвистерден, жазушылар мен мәдениеттанушылардан құралған халықаралық қазылар алқасы қамтамасыз етті. Ең әсем сөз әлемнің 75 тілінен алдын ала таңдап алынған 223 сөз тізімінен суырылып шықты.
Алдымен "Babbel" сарапшылары онлайн-қоғамдастықтардағы, соның ішінде Reddit мен TikTok-тағы мыңдаған қызу пікірталастарды зерделеп, негізгі шорт-листті түзді.
Одан кейін халықаралық жюри үміткерлерді 4 негізгі өлшемшарт-критерий бойынша сараптады: бұл талаптар – фонетикалық дыбысталуы, мағынасының тереңдігі, өзге тілдерде баламасының болмауы және мәдени маңыздылығы, деп түсіндірді RNZ порталы.
Әлемдік топ-15 тізіміне енген өзге де асыл маржандар мыналар:
- Аура (Aura, грекше) – адамның өне-бойын қоршап, орап тұратын ерекше қуат пен тылсым атмосфера;
- Хираэт (Hiraeth, уэльстік/валлийлік тілде) – қайта оралу мүмкін емес туған шаңыраққа немесе өткінші елес-уақытқа деген жүректі сыздатар ащы да тәтті, шерлі сағыныш;
- Икигай (Ikigai, жапонша) – өмірдің мәні, адамды әр таңда орнынан жігерлі тұрғызатын ішкі айқын мақсат сезімі;
- Вырий (украинша) – құстар қыстауға ұшып кететін және бабалардың аруағы паналайтын аңыздағы "жерұйық" өлке;
- Кинцуги (Kintsugi, жапонша) – сынған ыдысты алтын лакпен қайта біріктіру өнері. Мұнда жарықшақ жасырылмайды, керісінше, барынша айшықтала түседі. Бұл өз тағдырыңның "тыртықтарын", жараларын жасырмай, оны жеке ғұмырыңның айғағы ретінде мақтан етуге үндейтін терең философия;
- Luftmensch (идиш) – шынайы өмірден гөрі қиял әлемін шарлап, көктегі бұлттар арасында қалықтап жүретін арманшыл, идеалист жандар;
- Мамихлапинатапаи (Mamihlapinatapai, яганша) – екі адамның алғашқы қадамды жасауды бір-бірінен күтіп, ұяла, ұрлана қарап, үнсіз тілдескен сырлы көзқарастары;
- Наз (Naz, урду) – өзіңнің әлдекімге шартсыз, шексіз сүйікті екеніңді сезінуден туындайтын асқақ мақтаныш пен сенімділік.
- Охала (Ojalá, испанга) – үміт пен асыл арманның жүзеге асуын тілеу (қазақша "иншалла", "шіркін-ай", "Құдай қаласа" ұғымдарының баламасы);
- Поронкусема (Poronkusema, фин.) – фин аңшыларының дәстүрлі қашықтықты өлшеуі: ол суаттан су ішкен бұғының шаршап, кіші дәретке тоқтағанша басып өтетін қашықтығын білдіреді;
- Саудаде (Saudade, португалша) – жаныңда жоқ, алыстағы асылыңа деген мұңды да әдемі, терең әрі жанды сыздатар сағыныш;
- Убунту (Ubuntu, зулуша) – бауырмалдық пен ортақ адамгершілік философиясы: "Елім бар болса, мен де бармын!";
- Якамоз (Yakamoz, түрікше) – түнгі толқын бетіндегі ай сәулесінің романтикалық биі немесе түнгі теңіз толқынының жарқыраған биолюминесценциясы;
- Зефир (Zephyr, грекше) – тәнге де, жанға да саумал самалын силайтын нәзік, жеңіл әрі сергітетін жел (қазақша "самал" ұғымы).
Ана тіл – ардың ісі: қазақ сөздері қайда?
Пікірталас және талқылау кезінде түркі тілдес елдердің көптеген сөздері ұсынылған екен. Бірақ өкінішке қарай, көшпенділер даласының бай сөздік қоры да, бізбен көршілес барлық мемлекеттердің терминдері де әлемдік финалдық топ-тізімге өте алмады.
Айта кету керек, бұдан бұрын Рунеттегі "Казахи Астрахани" ("ВКонтакте") қоғамдастығында Ресей тұрғындары арасында ең әдемі қазақ сөзін анықтауға арналған сауалнама өткен болатын. Осы бір кішігірім әлеуметтік зерттеудің қорытындысының өзі дала поэтикасының шексіз құдіретін паш етті.
Сайыс нәтижесінде күтілгендей-ақ, әлемнің ешбір тіліне дәл аударылмайтын, нәзіктік пен әлпештеудің, шексіз мейірімнің абсолютті шыңы – "Айналайын" сөзі суырылып шығып, көш бастады. Онымен иық түйістіріп, әр қазақтың жүрегін елжіретер киелі "Ана", "Жаным", "Махаббат" және ағайынның ажырамас бауырмалдығын білдіретін "Бауырым" сөздері орналасты.
Ресейліктер өздері қазақша сөз деп санайтын өзге де ерекше нұсқаларды іріктеді:
- Аписем ("Әпішім", Ресей қазақтары балдырғандарды осылай еркелетеді);
- Куке (дұрысы – көке);
- Чупатай (жаргондық, сленгтік сөз);
- Бярэ жахсе! (Бәрі жақсы!);
- Канаганттандырылмагандыктарыныздан (Тіл сындырарлық рекордтық ұзын сөз);
- Куркем, Адеме (Көркем, әдемі);
- Тамаша;
- Куянчик (Қояншық);
- Жапряк (Жапырақ);
- Аяз Ата;
- Жумайсынба? (Жумайсың ба?).
Ақыр соңында ғаламтордағы бұл талқылау өте салмақты, дана тоқтаммен түйінделді: ана тіліңде жаман сөз болмайды! Олардың әрқайсысы – мінсіз дыбыстық әуенмен әдіптелген тұтас бір халықтың мәдени коды, рухани қазынасы.
Мейлі тынымсыз мұхиттың арғы бетіндегі "Кайтиакитанга" болсын, мейлі, көкіректі мейірімге толтыратын туған тіліміздегі "Айналайын" болсын – бәрі де адамзат өркениетінің асыл гауһары.