Әлемдегі ең қымбат металл Қазақстанда өндіріледі

9684

Қазақстанда – атом энергетикасында, химия өнеркәсібінде, машина жасауда және басқа да салаларда қолданылатын көптеген сирек кездесетін жерасты металдары өндіріледі. 

Әлемдегі ең қымбат металл Қазақстанда өндіріледі Фото: www.ourgold.ru

Баршамызға белгілі, қазіргі таңда еліміз атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесін қарастыруда. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, атом станциясын пайдалану үшін құрылыс материалдарынан өзге, оны салуға және техникалық қызмет көрсету үшін – ядролық отын, реакторларды салқындататын су, білікті мамандар мен арнайы жабдықтар секілді өзге де ресурстар қажет.

Неодим (Nd), прометий (Pm), тербиум (Tb), гадолиний (Gd) сияқты сирек металдар атом электр станцияларын салу мен пайдаланудың түрлі аспектілерінде қолданылады. Бұл металдарды сенсорлар мен өлшеу құрылғыларында реактордың параметрлерін және АЭС қауіпсіздік жүйелерін бақылау үшін, сондай-ақ станция қызметкерлерін радиациядан қорғау құралы ретінде пайдаланады.

Мәселен, неодим металын темірмен және бормен бірге араластыра отырып, АЭС генераторлары мен электр қозғалтқыштарында пайдаланатын күшті магниттер жасайды. Гадолинийді реакторлардағы ядролық реакцияларды реттеу үшін нейтрондық модераторларда және нейтрондық супрессорларда қолданады.

Қазақстанда өндірілетін ең қымбат металл

Қазақ даласында өндірілетін қымбат металдардың табиғи және жасанды түрде байытылатын деп екіге бөлінеді.

Металдың табиғи түріне – осмий, родий, рутений, платина, алтын және тағы басқалары жатады. Ал, жасанды түрде байытылатын сирек кездесетін металдар көп емес, олардың тобына – Осмий-187 мен Калифорния металы кіреді.

Ашық мәліметтерге сүйенсек, Осмий-187 элементінің бір граммы 10 мың АҚШ долларынан бастап, 200 мың долларға дейін бағалануы мүмкін. Калифорния одан да қымбат: бір грамм изотоптың құны 4 миллион долларға дейін бағаланады.

Сирек кездесетін жерасты металдарын өндіру және өңдеу – экологиялық үлкен тәуекелдермен байланысты күрделі және қауіпті жұмыс. Осыдан 30 жыл бұрын АҚШ өндірістің бұл түрін өздерінде біржолата тоқтатты. Бұған дейін Америка Құрама Штаттары сирек кездесетін металды байыту бойынша әлемдік өндірісте 60% қамтамасыз етіп тұрса, бүгінгі таңда ең ірі әлемдік өндіруші – Қытай.

1999-жылғы 15 наурыздағы "Мемлекеттік құпия туралы" Қазақстан Республикасының 349-I Заңының 10-тармағының 12-бабына сәйкес сирек металдар немесе стратегиялық маңызы бар басқа да материалдар өндірісі туралы мәліметтер, оның ішінде Осмий-187 металының өндірісі "мемлекеттік құпия" санатына жатқызылған.

Осмий-187 – ең қымбат және ауыр металл қатарына жатады. Сирек кездесетін және қымбат металдың түрі күміс-ақ түсті боп келеді. Химиктерде бұл металды платина тобына жататын асылтекті элемент тобына жатқызады.

Құнды металл өндіруде Қазақстанның мүмкіндігі қандай?

Дегенмен, Қазақстан үкіметі КСРО кезінде "мемлекеттік құпияға" жатқызылып келген бірқатар сирек кездесетін кен орындарынан шектеулерді алып тастайтын болды. Енді – индий, скандий, ванадий, талий, галий және басқа да бағалы әрі сирек кездесетін жерасты металдарының кен орындарына қолжетімділік ашылады.

2021-жылы литий, тантал, ниобий және басқа элементтердің баланстық қорлары туралы мәліметтерді құпиясыздандыру осы салаға инвестиция тартуға мүмкіндік берген еді.

Үкімет сирек кездесетін жерасты металдары саласын дамытудың 2024-2028-жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Қазақстан шетелдік инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізе отырып, бағалы және сирек кездесетін жерасты металдарын игеруді ұлғайту үшін елеулі әлеуетке ие.

Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын 5 мыңнан астам зерттелмеген кен орындары бар. Бұл ретте Қазақстанның пайдалы қазбаларының мемлекеттік теңгерімінде – бериллий, висмут, вольфрам, галий, гафний, германий, индий, кадмий, литий, ниобий, селен, скандий, таллий, тантал, теллур, цирконий, осмий, рений, ванадий, лантан секілді аса бағалы сирек кездесетін элементтер бар.

Еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік өңірлерінде алтын мен мыс кен-өнеркәсібінің минералдық-шикізат базасын дамыту үшін елеулі мүмкіндігі зор.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған Жолдауында "Бағалы және сирек кездесетін жерасты металдарының кен орындарын игеру – Қазақстан үшін басым міндеттердің бірі болуы тиіс!", - деп мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу