27 жастағы колумбиялық шабандоз командамен алдағы екі маусымға (2022 және 2023 жылдар) жаңа келісім-шартқа қол қойды.
""Астана" командасына оралу – бұл мен үшін үйге қайта оралумен бірдей. Кейде шабандоз даму үшін өзінің мансабында бір нәрсені өзгертуге, жаңа тәжірибе жинауға мәжбүр болады. Кәсіби велоспорт әлемі осындай. Кейде бұл жақсы тәжірибе, кейде ойдағыдай нәтиже бермейді. Ең бастысы, қазір мен үйге, өзіме көп нәрсе берген командама қайтып ораламын. Біз көптеген тамаша сәттерді бастан өткереміз деп ойлаймын. Мен үшін де, "Astana Qazaqstan Team" үшін де жаңа маусым табысты болуы үшін алда бізді көп жұмыс күтіп тұр", – деді Мигель Анхель Лопес.
Мигель Анхель Лопес "Астана" жобасында алты маусым өткізді (2015 жылдан 2020 жылға дейін). Сол уақыт аралғында ең маңызды нәтижелеріне қол жеткізді. Колумбиялық шабандоз "Швейцария туры"(2016), "Каталония Вуэльтасы"(2019), "Колумбия туры"(2019) сияқты жарыстардың жалпы есебінде жеңіске жетіп, "Испания Вуэльтасы" мен "Тур де Франс" кезеңдерінде табысты өнер көрсетті және "Милан-Турин" классикалық жарысында жеңіске жеткен. Сонымен қатар "Астана" командасымен бірге Мигель Анхель Лопес екі рет Гранд-турдың қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтерілді. Ол 2018 жылы "Джиро д'Италия" мен "Испания Вуэльтасының" патшалық таулы кезеңінде үшінші орынға ие болды.
"Мигель Анхель Лопес – өзін тамаша қырынан көрсетіп, біздің командада ең үлкен жетістіктерге жеткен шабандоз. Сондықтан мен қысқа үзілістен кейін оның "Астанаға" оралғаны үшін қуаныштымын. Өткен жылы Мигель Анхель біздің командадаға қажет бай тәжірибе жинақтады. Менің ойымша, бұл тәжірибе шабандозға оның дамуын жалғастыруға көмектеседі. Қалай болғанда да, Лопес жоғары деңгейдегі жеңістерге қол жеткізіп жүрген әлемдегі ең мықты шабандоздардың бірі. Сондықтан ол мансабын одан әрі "Astana Qazaqstan Team" командасында жалғастыратыны өте тамаша!", – деді Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.
Ермұхамед Мәулен