Әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі криптовалюта күйреді

3205

Венесуэла халықаралық саудада долларды ауыстыруға тиіс болған Petro "мұнай криптовалютасынан" бас тартты.

Әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі криптовалюта күйреді Фото: cryptonewsz.com

Венесуэла адамзат тарихындағы алғашқы мемлекеттік криптовалютаны шығаруға 2018 жылдың басында кірісті. Бұл криптовалюталар дәуірлеп тұрған заман еді. Мысалы, ізашар болған биткойннің құны 2016 жылғы 455 доллардан 2017 жылғы желтоқсанда 19 650 долларға дейін қымбаттап шыға келді. Яғни, бір жыл ішінде құны 43 еседен (!) астамға өсті.

Криптовалюталар "салған салымыңызды бірнеше еселеп өсіріп береміз!" деп жарнама-уәдені үйіп-төккен түрлі қаржы пирамидаларының сүйікті құралына айналды.

Олардың дәуірінің шырқау шегі 2021 жылға келді. 2021 жылғы 12 қарашада криптовалюталардың алыбы – биткойннің 1 бірлігінің бағасы 64 400 долларға жетті. Аз ғана уақыт болса да, 67 мың долларлық меже де бағынды.

Алайда содан бері құлдыраумен келеді. Мысалы, басталуына небәрі 100 күннен аз мерзім қалған халвинг те, АҚШ Биржалар және құнды қағаздар жөніндегі комиссиясының биткойн-ETF-ті іске қосуды мақұлдауы да, Америкада биткойнге құрылған биржалық қорлардың жұмыс істей бастауы да оның құнының қымбаттауына серпінді ықпал ете алмады. Бүгінде биткойн "50 межесіне" де орала алмай, 40 мың доллардың ар жақ-бер жағын айналшықтап жүр.

Ал, 2018 жылғы 20 ақпанда Венесуэлада Petro аталған бірінші мемлекеттік криптовалюта өмірге жолдама алғанда, жағдай басқаша еді. Бұл ел әп дегеннен-ақ Petro-ны сатудан жүздеген миллион доллар табыс тапты. Бұл криптовалюта осы елдің мол мұнайымен қамтамасыз етілетіні туралы мәлімдеме жасалды (шынында, олай болмай шықты).

Табыс буына масайраған Каракас артынша тағы бір криптовалютаны – алтынмен бекітілген Petro Gold-ты шығаратынын жариялады. Ол шығарылмады.

"Еш қамтамасыз етілмеген, көпіршік саналатын өзге цифрлық активтерден айырмашылығы сол, венесуэлалық виртуалды ақша нақты активпен – Ориноко өзенінің мұнайлы белдеуіндегі Аякучо кен орнындағы 5 миллиард баррель мұнаймен қамтамасыз етілген. Petro құны 1 баррель мұнайдың бағасына сәйкес келеді. Тиісінше, қазіргі кезде бұл сома 60 АҚШ долларына шамалас. Бұл дегеніміз, егер криптовалютаның осы бағамы күйресе, онда теориялық тұрғыдан алғанда, әрбір Petro-ның иесі венесуэлалық мұнайдың 1 бөшкесін алудан дәмелене алады", – деп дәріптей жазды сонда германиялық Deutsche Welle сияқты басылымдар.

Оның бағамын Венесуэланың сол кездегі және қазіргі президенті Николас Мадуроның өзі мақтана хабарлап тұрды. Мысалы, ол El Petro бағамы бірден 2,5 есеге – 3 600-ден 9 000 боливарға дейін көтерілгенін жария етті.

"Бүгінде күш-қуаты жөнінен "Суперменмен" тіресе алатын криптовалюта туып жатыр!", – деп масаттана мәлімдеді Мадуро.

Петро криптовалютасы сатылымның алғашқы күнінде Венесуэлаға 735 млн доллар табыс әкелді. Жалпы алғанда, Каракас 100 миллион токен (криптовалюта бірлігі) шығаруды жоспарлаған еді.

Егер Венесуэла осы мақсатына жете алғанда, Petro капитализациясы 6 миллиард еуроға жетіп, ол әлемдегі ең ірі криптовалюталардың алғашқы ондығына кіретін еді.

Ұлттық криптовалюта елдің байлығына айнала алмады. Венесуэланың халқы әрі қарай қайыршылануда. Бос дүкен сөрелері бұл мемлекетте үйреншікті жайт саналады. Жер астындағы мұнай қоры жөнінен (302,806 миллиард баррель) Венесуэла әлемде 1-орын алады. Сол ен байлыққа сенген мемлекет мұнай өндірісінен басқаны дамытпаған. Ел барлық дерлік тауарды шетелден импорттайды.

Ал, биліктегі режим оппозицияны қуғын-сүргінге салып, демократияны тұншықтырғаны үшін АҚШ оған қарсы санкциялар енгізді. Соның кесірінен әлемдік нарыққа экспорттық басты, жалғыз тауарын еркін өткізе алмаған Венесуэланың экономикасы да, халқы да кейінгі онжылдықта қатты күйзелді.     

Оның үстіне міне, Венесуэла мұнайлық криптовалютасынан бас тартуға шешім қабылдады. Билік "мұнаймен қамтамасыз етілген" Petro мемлекеттік криптовалютасын шығаруды "сәтсіз сынақ" деп таныды.

6 жыл жүзеге асырылған жоба биылғы 15 қаңтардан бастап, доғарылды.  

Ортанқол электронды биржаларда Petro (PTR) криптовалютасының ағымдағы құны деген тұста нөл деп көрсетілген немесе бос сызық тұр.

Осылайша, диктатор Мадуро режимінің El Petro арқылы Америка Құрама Штаттарының санкцияларын айналып өту талабынан түк шықпады.

Бұл жобаны осы елдің одақтасы – Ресей ұзақ жыл қызыға бақылаған. 2022 жылы Мәскеудің өзі Батыстың санкциялық қыспағына түскенде, ресейлік сарапшылар Петро криптовалютасының үлгісінде Ресей криптовалютасын шығаруды да ұсынған екен.

"El Petro АҚШ санкцияларын айналып өтуге көмектесуі керек еді. Өкінішке қарай, виртуалды монета сол бойы кең тарала алмады. Бұл криптовалютаны жалғыз ғана алаңда – мемлекеттік Venezuelan Patria сайтында саудалауға болады. Алайда ол сайт тіпті қосфакторлы авторизацияны да қолдамайды. Бұл ретте онда аккаунттарды қорғаудың анағұрлым заманауи жүйелері туралы айтудың өзі артық", – дейді криптовалюталарға маманданған ресейлік экономист Мила Дубровина.

Оның пікірінше, кезінде Венесуэла криптовалюта шығаруға мәжбүр болды. Өйткені Petro шығарылардан бұрын, санкция қысымына шыдамай, бұл елдің ұлттық валютасы – боливардың бағамы күйреп, алапат девальвацияны өткерді. Елде доллармен есептесуге тыйым салынған. Содан венесуэлалықтар амалсыздан, биткойн сияқты криптовалюталарға көше бастады.

Бұл капиталдың елден қаптап шығарылуына жол ашты. Николас Мадуро (Nicolas Maduro) онсыз да өткізе алмай отырған астатөк мұнаймен қамтамасыз етілген мемлекеттік криптовалютаны енгізу арқылы экономикадан қаражаттардың шетелге "ағып кетуіне" тежеу қоюды жоспарлады.

Билік болашақта El Petro-ны өзге елдермен мұнай жеткізілімі үшін өзара есеп айырысудың қаржылық құралына айналдырудан дәмеленді. Одан да ештеңе шықпады. Өзге елдер доллар мен еуро сияқты басты валюталардан басқасын місе тұтпады.

2020 жыл қарсаңында Мадуро режимі Petro-ны модернизациялауға талаптанды. Криптовалютада жаңа функциялар пайда болды. Соған қарамастан, оның танымалдылығы артпады. Билік қанша күш салса да, шетелдік бірде бір беделді алаң мен биржа оны сатуға қызығушылық танытпады.

Венесуэлалық криптовалютаны венесуэлалықтардың өздері де ынта-ықыласына бөлемеді. Себебі, мемлекет El Petro-ны ел ішіндегі төлем құралы ретінде сол бойы заңдастырмады. Салдарынан, оны коммуналдық қызметтер төлем үшін қабылдамады, дүкендер де оған тауар беруден бас тартты.

Сөйтіп, биліктің өзі сауатсыз тірліктерімен әлем тарихындағы тұңғыш мемлекеттік криптовалюта жобасын  жарға жықты. Ол мемлекеттің өз аумағында күнделікті түрде, кең ауқымда пайдаланылмады. Тек онымен салық төлеу мүмкіндігі ғана берілді.

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Petro жобасының жабылатыны туралы хабарлама соған арналған Patria мемлекеттік веб-сайтында орналастырылған. Кейін сайттың өзі ашылудан қалған. Petro сатылатын сайтқа енді тек парольмен ғана кіруге болады.

Сарапшылар кезінде Petro шығару бастамасын президент Николас Мадуро ұсынғанын, ел парламенті оған қарсы шыққанын еске түсірді. Мадуро 2020 жылы толық функционалды жағдайға жеткен криптовалютасын "Америка халықтарының Боливариан альянсына" мүше 10 мемлекет арасында таратуға тырысты. Оған қол жеткізе алмады.

Петроны ешкімнің салмақты қабылдамайтынын түсінген Banco de Venezuela басшылары президенттің соған мәжбүрлейтін арнайы жарлығы болмай, Petro-ны қабылдамайтынын жария етті.

Оның үстіне алпауыт Америка бұл мемлекеттік криптовалюта жобасына қатысты тұлғаларға санкция енгізді. 2020 жылғы маусымда АҚШ иммиграциялық және кедендік қызметі Хоселит Рамирес Камачоны ұстап алып келгендерге 5 миллион доллар марапат тағайындады. Камачо Petro-ны басқарған Ұлттық криптоактивтер басқармасының басшысы болатын. Америка оны халықаралық есірткі сатушылармен байланысты деп айыптады.

Былтырғы 2023 жылғы наурызда Рамирес Камачо қаржылық қылмыстар жасады деп айыпталып, Венесуэлада тұтқындалды. Ол тізгінін ұстаған басқарма жабылды.

Осылайша, криптовалюталар бірде-бір мемлекет шағарып, эмиссияламайтын, тиісінше, бірде-бір мемлекет қамтамасыз етіп, жауапкершілік алмайтын цифрлық актив мәртебесіне қайта оралды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу