Әлемді жаңа әлеуметтік желі жаулай бастады

93

Соның көмегімен Еуропа америкалық гегемониядан азаттық алуға ниетті.

Әлемді жаңа әлеуметтік желі жаулай бастады Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Жиырма бірінші ғасырдың адамы өзінің күнделікті тыныс-тіршілігін, ой-қиялы мен ішкі толғанысын виртуалды әлемсіз елестете алмайтын шекке жетті. Бүгінде адамзат санасы Атлант мұхитының арғы бетіндегі Силикон алқабының алгоритмдері мен шың еліндегі қуатты технологиялық жүйелерінің қыспағында қалып, өзіндік дербестігінен айырыла бастағандай әсер қалдырады.

Америкалық алып корпорациялар мен қытайлық мемлекет бақылауындағы платформалардың жаһандық гегемониясы тек ақпараттық ағынды ғана емес, тұтас ұлттардың қауіпсіздігі мен жеке адамның ішкі бостандығын да ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр.

Осы ретте әлемдік кеңістікте жаңа бір толқын, нақтылағанда, еуропалық цифрлық "ұлт азаттық қозғалысы" бас көтере бастады. "Кәрі құрлық" өзінің дәстүрлі құндылықтары мен демократиялық ұстанымдарын сақтап қалу үшін америкалық және қытайлық алпауыттарға қарсы тұра алатын, баламалы бағдарламалық экожүйе құруға бел шеше кірісті.

Ұжымдық Еуропа тек сырттан таңылған технологиялық өнімдердің тұтынушысы, тіпті тәуелді "құлы" болып қалғанын, осы тәуелділіктің соңы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін енді ғана терең ұғынғандай. Франция, Германия және Нидерланды сияқты жетекші мемлекеттер жатжұрттық Big Tech алпауыттарының жеке деректерді өз білгенінше өңдеп, адам санасын арбауға бағытталған дизайндар жасауына ашық түрде қарсылық таныта бастады.

Осы геосаяси және технологиялық текетіресті өз орайына пайдаланған, Швеция топырағында дүниеге келген "W" атты жаңа әлеужелі өзін "нарықтағы басты табыс формуласын тапқан жалғыз еуропалық балама" ретінде насихаттап жатыр.

Америкалық ірі технологиялық монополистерді ығыстыруды мақсат тұтқан бұл жоба Еуропаның өз ішінде үлкен қолдауға ие болуда. Тіпті Еуроодақтың басты құрылымы – Еуропалық комиссияның өзінің ресми түрде осы жаңа әлеуметтік желіге қосылатынын жариялауы Батыс саясаткерлерінің бұл мәселеге қаншалықты маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарайтынын айқын аңғартса керек.

Жаңа платформа алғаш рет 2026 жылғы қаңтар айында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумның мәртебелі мінберінен таныстырылған болатын. Жаһанда қазір не көп, онлайн платформа көп. Ендеше "дабл ю" (шведше "дуббель вэ") олардан несімен дараланады?

Әзірлеушілердің сендіруінше, жаңа әлеужеліде тек тірі адамдар ғана болады. Боттарға есігі тарс жабық көрінеді. Тиісінше, анонимділік те болмайды. Адамдар "Audi999" сияқты адамға жат бүркеншік есімдердің ар жағына тығыла алмайды. 

"Бұл платформаның негізгі кредосы – біріншіден, тек тексерілген шынайы пайдаланушылар, екіншіден, толық ашықтық болады, үшіншіден, жеке өмірдің мызғымас қорғалуын кепілдендіреді, төртіншіден, шынайы сөз бостандығы болады. Медиа, озық технологиялар мен жасанды интеллект саласының ең үздік еуропалық кәсіпкерлері бірігіп құрған "W" жүйесі маусым айында ғана өзінің бета-нұсқасын іске қосты. Алайда бұл желіге кез келген адамның оңайлықпен кіріп кете алмауы оның өзгелерден айырмашылығын көрсетеді", – деп жазды euronews.com.

Мұндағы әрбір адам өзімен бот немесе дипфейкпен бет-бейнесін өзгерткен бөгде біреумен емес, өз аты-жөнімен тіркелген нақты адаммен сөйлесіп отырғанына сенімді болуға тиіс. Осы мақсатта әрбір пайдаланушы алдымен арнайы өтінім беріп, әлеужелі командасының жіті тексеруінен өтуге міндетті.

Мұндай қатал сүзгінің орнатылуы виртуалды әлемді жайлаған жалған аккаунттар мен боттардың, сананы улайтын фейк ақпараттардың жолын кесуге бағытталған алғашқы үлкен қадам болып есептеледі, деп санайды сарапшылар. Сондықтан қоғамның сандық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздеген бұл алаңға Еуропаның ең жоғары лауазымды шенеуніктері, соның ішінде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның да алғашқылардың бірі болып тіркелуі жайдан-жай емес.

Желіге кіру үшін пайдаланушылар өздерінің паспортындағы нақты аты-жөнін көрсетуі шарт. Немесе W Identity деп аталатын бөлек қолданба арқылы паспортын не ұлттық куәлігін өзі сканерлеп, құрылғыда тікелей растау арқылы верификациядан өте алады.

Бұл жүйе адамның жеке тұлғасын сақтай отырып, оның пікір білдіру бостандығына еуропалық заңдар аясында толық кепілдік береді. Осылайша, "кәрі құрлық" америкалық коммерциялық агрессия мен қытайлық тоталитарлық бақылау арасындағы алтын аралықты тауып, адам құқығын бірінші орынға қоятын бағытты ұсынып отыр, деп жазды "Еуроньюс".

"Бұл жобаның басты ерекшелігі – оның толықтай еуропалық капитал мен инфрақұрылымға негізделуінде. Деректер тек еуропалық компанияларға тиесілі және осы континентте орналасқан серверлерде сақталады. Сондай-ақ сырттан келетін бөтен инвесторлардың үлесін қатал шектеу жоспарланып отыр. Деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында шифрланған электрондық хаттардың швейцариялық сенімді жеткізушісі Proton қызметі мен Финляндияда орналасқан UpCloud бұлтты есептеулер платформасы таңдап алынды", – деп мәлім етті платформаның бас директоры Анна Цайтер.

Бұл қадамдар Еуроодақтың қатал заңнамалық талаптарына толық сәйкес келеді және сыртқы күштердің ақпараттық ықпал ету тетіктерін түбегейлі жояды. Осы арқылы Батыс елдері өздерінің сандық шекараларын бекітіп, болашақ ұрпақтың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылуда.

Азаттық жолындағы жаңа үрдіс тек бір ғана платформаны құрудағы белсенділікпен шектелмейді. Бұл – Еуропада кең етек жайып келе жатқан технологиялық және жасанды интеллект егемендігі жолындағы ауқымды ұлттық қозғалыстың бір бөлшегі. Мәселен, өткен аптада Bulle, Eurosky, Monnett және eYou сияқты басқа да балама еуропалық платформалар бас қосып, "Еуропаның әлеуметтік стекін" құру туралы тарихи декларацияға қол қойды.

Олардың ортақ мақсаты – континентті әр алуан әрі тұрақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, авторитарлық және монополистік басқару жүйесіне негізделген трансұлттық алып платформалардың құрсауынан біржола құтылу.

Дегенмен, сарапшылар бұл бағытта үлкен кедергілердің бар екенін де жасырмайды. Себебі, адамдардың уақытын барынша ұрлап, сайтта ұзақ ұстауға бейімделген америкалық алгоритмдермен бәсекелесу және жаңа пайдаланушыларды тартымдылық жағынан қызықтыру оңай шаруа емес. Адамдар көбіне үйренгеніне әуес. Оларды жаңа платформаға әкету үшін өзгеде жоқпен қызықтырып, ынтықтыру қажет.

Дәл осы бәсекелестік алаңында Нидерландыда негізі қаланған Eurosky инфрақұрылымдық платформасының өз жұмысын бастауы назар аудартады. Биылғы маусымда ресми түрде іске қосылған бұл жоба Meta және X сияқты алпауыттарға қарсы тұруды мақсат тұтады.

Eurosky өзін жеке әлеуметтік желі ретінде емес, пайдаланушыға өз деректерін толық бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық сәйкестік жүйесі ретінде дәріптеуде.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсанында Илон Масктың X әлеуметтік желісі ашықтық ережелерін бұзғаны үшін Еурокомиссия тарапынан тарихтағы ең ірі айыппұлға маңдай соққан болатын. Сонымен қатар, аталған желінің Grok ЖИ чатботы еуропалық саясаткерлердің дипфэйк "жалаңаш" суреттерін таратқаннан кейін 50-ге жуық еуропарламентші шұғыл түрде төл әлеуметтік желілерді құруды талап етті.

Eurosky ұсынған жаңа жүйе бойынша пайдаланушының барлық ақпараты, жарияланымдары, бейнелері мен контактілері дербес деректер серверінде жинақталып, Еуроодақ заңнамасына сәйкес қатаң қорғалады. Салыстырғанда, америкалық айти-корпорациялар ең алдымен өз қағидаларын басшылыққа алады, соған бағынады.

Ал, еуроплатформа ұсынатын цифрлық сәйкестік арқасында адамдар Bluesky сияқты халықаралық желілердің негізінде жасалған ІT-хаттамасына еркін қосыла алады.

"Ірі технологиялық компаниялар заманауи желілерден оның ең басты құндылығын – әлеуметтік құрамдас бөлігін кесіп тастап, оны тек бизнес пен жарнама құралына айналдырып алды. Сондықтан біздің мақсатымыз – әлеуметтік медиаға өзінің шынайы, адамгершілік сипатын қайтару болып табылады. Тек осындай инновациялық экожүйені бірлесе дамыту арқылы ғана Meta, X, Alphabet және ByteDance сияқты монополистердің үстемдігіне лайықты төтеп беруге болады", – деді жобаның тең құрылтайшысы Себастьян Фогельзанг.

Әзірге Eurosky ішінара Bluesky инфрақұрылымына сүйенгенімен, олардың алдағы уақытта толық тәуелсіздікке қол жеткізудегі жол картасы дайын тұрған көрінеді. Бұған еуропалық қолданба әзірлеушілері өздері лицензиялай алатын контентті модерациялаудың ортақ және әділ жүйесін құру кіреді.

Сол себепті, платформа өзіне қоғамдық бақылау орнатуға келісті. Бұл ұйымның құрамында тек технология мамандары ғана емес, азаматтық қоғам өкілдері мен белгілі медиа стратегтер, соның ішінде The New York Times басылымының бұрынғы сарапшысы, тәуелсіз эксперт Робин Бержон да бар. Саяси сана мен заманауи технология астасқан мұндай бірегей жобалар Еуропаның болашақта ақпараттық отаршылдықтан құтылуының бірден-бір кепілі іспетті.

Адамзат тарихы көрсеткендей, кез келген монополия ерте ме, кеш пе, өзінің ішкі дағдарысына ұшырайды. Америкалық еркін нарық сылтауымен жасалған сандық экспансия мен қытайлық қатал идеологиялық бақылау үлгілері бүгінде әлемдік қауымдастықты қажытты. Оларда көрермен, қолданушы ештеңе шешпейді, тіпті өз деректерін қорғай да алмайды. Оны алпауыттар қалағанынша пайдаланады.

Еуропаның жаңа талпынысы – жай ғана экономикалық бәсекелестік емес, бұл – адамның сандық кеңістіктегі қауіпсіз және еркін өмір сүру құқығын қорғауға бағытталған рухани майдан болса керек. Осы майданда баламалардың көптеп пайда болуы, ерікті таңдаудың туындауы әлемдік тепе-теңдікті сақтап, виртуалды әлемнің біржақты, біржақты бағытта дамуына тосқауыл қоюы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу