Әлемдік банкті Иванка емес, Мэлпасс басқаруы мүмкін

4482

Трамп Әлемдік банк басшылығына кімді қойғысы келетінін анықтап, сол кандидатураны қолдауды сұрап, дүниежүзі елдеріне хат жолдаған.

Әлемдік банкті Иванка емес, Мэлпасс басқаруы мүмкін

Трамптың адамы
Президент Дональд Трамп АҚШ-тың қаржы министрлігінің ірі шенеунігі Дэвид Мэлпассты Әлемдік банк басшылығына кандидат етіп ұсынбақ. Мұны дүйсенбі күні  Politico газеті хабарлады. Ал, Мэлпасстың ойынша, бұл ғаламдық ұйым реформа мен қайта бағыттауды қажет етеді.

Бірер күн бұрын Financial Times газеті осы лауазымға үміткерлердің арасында АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі Никки Хейли, Трамптың қызы Иванка Трамп, қаржы министрінің халықаралық істер жөніндегі орынбасары Дэвид Мэлпасс және Құрама Штаттардың Халықаралық даму агенттігінің жетекшісі Марк Грин бар деп хабарлаған-ды.

Мэлпас Әлемдік банкті өсімнің үлгісіне айналған дамушы елдерді көмектен айыруға құлықсыз әрі тым орасан, тым тиімсіз орган деп есептейді. Сонымен қатар, Қытай дамушы дүниені несиелендіруді үдеткен шақта, Мэлпасс  Әлемдік банктің амбицияларын шектейді деген болжам бар.

Әлемдік банкке дүниежүзінің 189 елі мүше. Оның жаңа басшысын таңдау процедурасында директорлар кеңесі шешуші рөлге ие. Егер Дэвид Мэлпасстың кандидатурасы мақұлданатын болса, қазіргі ғаламдану тәртібіне жақтастар бұл үміткерге қарсылық білдіруі мүмкін. Өйткені, Мэлпасс глобализацияның "жауы" – Трамптың адамы. Ал, Қытай, Үндістан тәрізді мемлекеттер өздерінің өсіп келе жатқан ықпалын ескеріп, Әлемдік банк басшылығына америкалық емес адамды қоюды талап етуі ықтимал.

Экономикалық кеңесші немесе Қытайға көзқарас
Мэлпасс 62 жаста. Ол Трамптың командасына әу баста экономикалық кеңесші болып енді. Ал, АҚШ-тың қаржы министрінің халықаралық істер жөніндегі орынбасары лауазымында  Мэлпасс президенттің салықты төмендету және экономикалық өсімді ынталандыру жолында реттеу шараларын шектеу бастамасын қолдады.

Сонымен қатар, Дэвид Мэлпасс "көпжақтылық нарықта мемлекеттің рөлін шектеу, бостандық пен заң үстемдігі тәрізді құндылықтардан алшақтап кетті" деп мәлімдей отырып, Трамптың халықаралық ынтымақтастыққа деген күмәнін қолдайтынын білдірген.

Тағы бір сөзінде Мэлпасс Әлемдік банкті Қытайға аз несие беруге үндеді. Себебі, оның пікірінше, Бейжіңде елді қиын жағдайда қолдайтын қаржылық ресурс жеткілікті. Бұған қоса, Мэлпасс Бейжіңді дүниенің екінші экономикасын өзге әлемге ашуға асықпай отыр деп сынаған.

Шұғыл шешім
Әлемдік банк президенті Джим Ён Ким ақпанның 1-де отставкаға кетті. Қазір бұл қызмет Кристалина Георгиеваға уақытша жүктеліп отыр. Әлемдік банк кандидаттарды талқылау процесін наурыздың ортасында аяқтап, жаңа президентті сәуірдің ортасына дейін бекітуден үмітті.

Осы банкті 6 жылдай басқарған Джим Ён Кимнің президенттік мерзімі 2022 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ, ол орнынан кетуге шұғыл шешім қабылдап, жекеменшік секторда жұмыс істеуге тілек білдірді.

Кимді кезінде Әлемдік банк басшылығына сол кездегі президент Барак Обама  ұсынды. Дегенмен, Ким Қытайды "қатал экономикалық өсімнің күшімен жүздеген миллион адамды кедейшіліктен алып шықты" деп мақтаған. Сонымен қатар, Ким Бейжіңнің Азия Инфрақұрылымдық инвестиция банкін (АИИБ) құруына қошемет білдірді. Жер шарының 93 елі кірген бұл банкке Құрама Штаттар мүше болудан бас тартты.  Кейбір сарапшылар  АИИБ-ны Қытайдың әлемдегі ықпалын күшейтуге бағытталған құрылым деп есептейді. Әлемдік банктің қарсыласына айналған АИИБ негізінен Азия елдерін несиемен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек,  Бейжің  Азияда жаңа теміржолдар мен порттарды және өзге де инфрақұрылымдық жобаларды несиелендіріп келеді.  

Әлемдік банк
Әлемдік банктің негізі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың Нью-Гемпшир штатының Бреттон-Вудс қаласында өткен конференцияда қаланды. Және де сол жиында Халықаралық валюта қоры да дүниеге келді. Америка қазынашылығының өкілі Гарри Декстер Уайт пен британдық экономист Джон Кейнс соғыстан кейінгі ғаламдық экономикалық тәртіпке негіз болған Әлемдік банк пен Халықаралық валюта қорының басты архитекторлары саналады.

Әлемдік банктің әу бастағы мақсаты Еуропаны қайта құру жобаларын қаржыландыру еді. Дегенмен, ол 1968-1981 жылдары Роберт Макнамердің басшылығы тұсында планетаның ең кедей елдерін дамытуға көбірек баса мән беріп, сол миссиясын әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Әлемдік банкке – америкалықтар, Халықаралық валюта қорына –еуропалықтар
АҚШ – Әлемдік банктің ең үлкен акционері. Бейресми трансатлантикалық пәтуаға сәйкес, бұл банкті ылғи америкалықтар басқарып келеді. Ал, оның еншілес институттарына, мысалы, Халықаралық валюта қорына үнемі  еуропалықтар жетекшілік етеді.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, мұндай ережеге нүкте қоятын кез жетті. "Ғаламдық экономикалық жағдай өзгерген шақта, бұл тәртіп ескіргендей көрінеді. Әлемде тамаша кандидаттар өте көп. Әрине, ондай адамдарды АҚШ-та дак кездестіре аламыз", – дейді Халықаралық валюта қорының бұрынғы атқарушы директоры Марк Собель "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында.

Әлемдік банктің директорлар кеңесі 189 елдің өкілдеріне наурыздың 14-іне дейін банк президенттігіне лайықты кандидаттарды таңдауға уақыт берді. Содан кейін үш үміткердің тізімі жасалып, олардың бірі сәуірдің ортасына дейін жаңа басшы болып сайланады. Кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар – үлкен ұйымдарды басқару тәжірибесі, Әлемдік банктің даму миссиясына өзіндік көзқарас және халықаралық ынтымақтастыққа дайын болу.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу