Үйреншікті әлемдік географиялық атластарда көзбояушылық орын алып келіпті. Сарапшылардың түсіндіруінше, егер классикалық Меркатор проекциясын күні кеше ғана жаңадан бекітілген, әрі тең шамалы "Equal Earth" жүйесімен салыстырсақ, Қазақстан бұрынғы карталарда шынайы өлшемінен екі еседей үлкен болып көрсетіліп келіпті, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл "жаңсақтықты" БҰҰ Бас ассамблеясы түзетті. Жаңа жаһандық карталарда осылай өзгеріс жасалғанымен, мемлекеттің шын мәніндегі территориялық аумағы бұлжымас күйінде қалады: бірде-бір шаршы километр жері жоғалып кетпейді.
Ауданы 2 миллион 724,9 мың шаршы шақырымды құрайтын Қазақстан жаһандық мемлекеттер рейтингінде құрметті 9-шы орнында қалады. Оның географиялық координаттары солтүстік ендіктің 40°36′ пен 55°26′ аралығында, сондай-ақ шығыс бойлықтың 46° пен 87° аралығында жатыр. Дәл осы экватор сызығына қатысты ендік орналасуы ескі карталардағы визуалды бұрмаланушылыққа негіз болыпты.
Мұның мәнісін түсіну үшін мынаны елестету керек: мамандар еттің нанын жайғандай, глобусты тақтай бетінде түзетуге тырысып жатыр делік. Бұл ретте олардың алдына ешқандай деформацияға жол бермеу жүктелген. Бірақ мұны жүзеге асыру мүмкін емес: картографтар бұрмаламауға қанша тырысса да, мемлекеттердің аумағын созуға немесе контурларды аяусыз сығуға мәжбүр болады. Өйткені Жер жазық-жайпақ емес, домалақ.
Сонау орта ғасырда, 1569 жылы жасалған Герард Меркатордың глобустық проекциясы әу бастан теңіз навигациясы, яғни, кемелердің адаспай, анық қозғалуы үшін жасалған еді. Оның соған дейін болған өзге дүниежүзілік карталардан басты артықшылығы – бұрыштар мен бағыттардың қатаң сақталуында.
Соның арқасында кез келген кеменің теңіздегі қозғалыс-маршруті картада мінсіз түзу сызық түрінде сызылады. Басты кемшілігі сол, экватордан алыс қонған мемлекеттердің аумағы созыла түседі.
Нәтижесінде, Қазақстан, АҚШ, Ресей сияқты алып елдердің аумақтары әлемдік картада шектен тыс ұлғайтылып көрсетілген. Неге? БҰҰ ғалымдарының түсіндіруінше, Қазақстанға қатысты осындай ауқымды бұрмаланудың феномені оның ұзындығымен байланысты: ел батыстан шығысқа қарай 3 000 шақырымнан астамға, ал, солтүстіктен оңтүстікке қарай шамамен 1 700 шақырымға құлаш ұрып жатыр. Сондықтан оңтүстік шекараларда коэффициент 1,7 деңгейінде сақталса, елдің жүрегінде 2,25-ке жетеді, ал солтүстікте үшке қарай шығандайды.
Әрине, бүкіл елдің территориясы картада біркелкі түрде үш есеге ұлғайып кетпейді. Қазақстан үлкен аумақты алып жатыр және ендік диапазонның кең өрісін қиып өтеді. Тиісінше, Қазақстан үшін GIS-есептеуде шамамен 2,26–2,27 есе болатын орташа коэффициент қолданылады.
Нәтижесінде, Меркатор елдің жалпы аумағын бір мезгілде ұлғайтып қана қоймай, аумақты ендік бойынша біркелкі емес созады. Equal Earth проекциясы бұл географиялық әділетсіздікті жояды. Проекция тең шамада жасалған: карта түзу үшін ауданның бұрмалану коэффициенті 1,0-ге тең ретінде алынған. Ал, әрбір елдің аумағы құрлықтың жалпы аумағына сәйке келтіріліп, әрқайсысы лайықты, дұрыс үлесін иеленеді.

дереккөзі: community.openstreetmap.org
Нәтижесінде, Меркатордан Equal Earth-ке өткен кезде Қазақстанның аумағы визуалды түрде шамамен 56%-ға "азаяды". Бірақ әлгінде айтылғандай, республика физикалық тұрғыдан бірде-бір шаршы шақырымын жоғалтпайды. Оның әлемдік картадағы кескіні тым артық гиперболизацияның жойылуына байланысты кішірейеді.
Планетаның жаңа геометриясы және әлемдегі резонанс
Классикалық картографияның тарихи проблемасы Меркатордың қателігінде емес, халықаралық қоғамдастықтың навигациялық құралды өзге мақсаттарда пайдаланып келгенінде жатыр. Мемлекет экватордан қаншалықты алыс болса, оның аумағы да соншалықты үлкейтіледі.
Салдарынан, үйреншікті глобустарда шағын Гренландия алып Африкамен теңестірілген. Шын мәнінде қара континент Трамптың есіл-дертіне айналған бұл аралдан шамамен 14 есе үлкен! Әділдік қайда?
Оған балама ретінде Equal Earth инновациялық проекциясын 2018 жылы картографтар Боян Шаврич, Том Паттерсон және Бернхард Дженни жасап шықты. Авторлар алдына өршіл мақсат қойылды: әлемдегі мемлекеттер аумақтарының шынайы арақатысын визуалды үйлесімділікпен анықтап, өзара біріктіру.
Енді міне, ғалымдар байыптаған осы тұжырымдамалық әділдікті БҰҰ Бас ассамблеясы 2026 жылғы 4 қыркүйекте қолдады. Африкалық Того мемлекеті бастамашы болған және Африка одағының қуатты қолдауын иеленген тарихи қарарды 164 мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қолдады.
Тек АҚШ қана қарсы дауыс берді. Тағы 6 мемлекет қалыс қалуды жөн көрді. Құжат ұсынымдық сипатқа ие: ол ғасырлар бойы сынақтан өткен Меркаторды заңнан тыс деп жарияламайды. Сонымен бірге жаңа Equal Earth жүйесін "баламасыз стандарт" ретінде таңбайды. Тек саналы картографиялық әралуандық дәуірін ашып отыр.
Жаңа жүйені неге кейбір ел мақұлдамады?
Атластардағы ауқымды өзгерістер жаһандық терең теңгерімсіздіктерді әлемге әшкереледі. Бұған дейін оған көбісі мән бермей келген екен. Нәтижесінде, әділдік қалпына келіп, Equal Earth картасында Африка құрлығының өлшемі күрт өсті. Оның орнына Солтүстік Америка, Еуропа, Ресей, Қытай мен Қазақстан визуалды түрде кішірейтілді. Бұдан бөлек, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия және Океания әлемдік картадан өздеріне тиесілі лайықты орындарын алды.
Того сыртқы істер министрі Роберт Дусси трансформация философиясын ықшам түрде пайымдады: "Карталар ешқашан бейтарап болған емес. Әділ кескін географияны емес, адам санасын өзгертеді", – деді ол.
Қарардың теңавторы рөлін атқарған Франция болса, Меркатор проекциясында "АҚШ, Ресей және Қытай Африка, Латын Америкасы немесе Оңтүстік-Шығыс Азиямен салыстырғанда пропорционалды емес үлкен болып көрінетінін", "Гренландия Африка сияқты негізсіз үлкен болып кеткенін" мәлімдеді. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро: "Картаны ауыстыру, әрине, әлемнің өзін өзгертпейді. Бірақ бұрмаланған кескінді түзету – бұл шындықтың актісі", – деп нықтады.
Жаңа жаһандық карта Трамп әкімшілігінің ашуын туғызды. АҚШ өкілі Ярина Ференцевич бастаманы сынға алып, Американың картадағы ауқымының төмендетілуін "идеологиялық шабуыл" деп атады. Ол БҰҰ халықаралық қауіпсіздіктің нақты мәселелерін шешудің орнына, "ұсақ-түйектерге алаңдап отыр" деп мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Эстония, Грузия, Литва, Молдова, Сербия және Украина дауыс беруден дипломатиялық түрде қалыс қалуды жөн көрді. Бұл демарштың себебін олардың атынан Украина делегациясы түсіндірді. Өйткені жаңа картада Қырым Украинадан ажыратып тасталған және бейтарап түспен боялған.
Украина өкілі Андрей Мельник елдің қарар жобасында қозғалған негізгі қағидаттарға және дүниежүзілік картада әділдіктің орнауына тіпті де қарсы емес екенін мәлімдеді. Бірақ олар басып алынған аумақтардың басқа бояумен бейнеленуімен келіспейді. Бұл БҰҰ Бас ассамблеясының "2014 жылы Қырымды заңсыз аннексициялау әрекетін мойындамауға" қатысты тиісті қарарларына қайшы келеді, деп еске салды Киев.
Қалай болғанда, мәселенің прагматикалық жағын назардан тыс қалдыруға болмайды. Әлем жаңа картаны қабылдады. Әйтсе де теңіз-мұхиттардағы навигация, маршрут-бағыттарды белгілеу және дәл бұрыштарды анықтау сол бұрынғыдай толығымен Меркатор негізінде жүзеге асырыла береді. Жаңа Equal Earth картасы балабақша, мектеп, университеттердегі оқыту сияқты білім беру мақсаттарына, сондай-ақ макроэкономикалық статистикаға және жаһандық талдауға пайдаланылады.