Әлемдік қор нарығы іштен тынып тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5080

"Dow Jones" индексіндегі жағымсыз қобалжулардың  себебін сан-саққа жүгірткендердің пікірі сабасына түсті. 

Әлемдік қор нарығы іштен тынып тұр

Нью-Йорк қор биржасының хабарлауынша, 5 қаңтар күнгі сауда сессиясында "Dow Jones" 1200  пунктке, ал "S&P 500" рейтингі 4%-ға қысқарған.  Бұл жағдай ақпанның 8 күні де қайталанған.  Әлемдік  БАҚ-тың  "Dow Jones" -тегі жағымсыз қобалжулардың  себебін сан-саққа жүгірткен пікірлері кеше ғана сабасына түсті. Ал сарапшылар қазіргі жағдай қаржы нарығына бей-жай қарай алмайтын саясаттанушылар мен трейдерлерге  ғана тиімді болып тұрғанын алға тартуда.

"TeleTrade"  агенттігінің сарапшысы Петр Пушкаревтің сөзінше, нарықтағы акциялардың құлдырауын ешқашан көрмеген және оның не екенін түсінбейтін биржа трейдерлері көбейіп кетті. Олар БАҚ арқылы акцияларды сатып алып, ертең пайдаға кенелуге болатыны жайлы ақпарат таратып жатыр.  Мұндай тенденция алдағы уақытта бізге де жетуі мүмкін. Сол себепті барынша салқынқанды болу қажет.  

Петр Пушкаревтың пікірінше, АҚШ  қор биржасындағы түзетулердің нәтижесінде былтырдан бері құлдырай бастаған доллар  қосымша күш алған. Есесіне дамушы және шикізат секторымен шектеліп қалған мемлекеттердің  ұлттық валютасы арзандаған.   

"АҚШ инвестициялық  компаниялардың акцияларына қатысты көзқарастарын өзгертіп жатыр. Түзету өткінші сипатқа ие болғандықтан, консервативті инвесторлар  акция пакеттерін сатпай, қолайлы мерзімді күтіп отыр", – деді Петр Пушкарев.

Ол қор биржаларындағы құлдырау әлемдік биржа тарихында қалыпты жағдай екеніне тоқталып: "Мұндай дүмпулерлердің ұзақтығы екі -үш толқынмен шектеліп қалуы мүмкін. Қазір биржа ойыншылары жақсы табыс әкелетін және үнемі өсім көрсететін нарықты күтіп отыр"  –  деді.

Сарапшылардың басым көпшілігі АҚШ биржасындағы жағдайды АҚШ экономикасындағы өсіммен байланыстырудың қажеті  жоқ деген  пікірге басымдық бере бастады.  

"ФИНАМ" компаниялар тобының сарапшысы Сергей Дроздов қор биржасы Дональд Трамптың салық реформасының нәтижесінен ертерек үміттеніп қойғанын айтса,  "Альпари" компаниясының  қаржылық сарапшысы Вадим  Иосуб  биржадағы бағаның төмендеуі мен жоғарылуының себебіне назар аударудың қажеті жоқ.   

"Бағаның төмендеуі мен жоғарылауының аралық деңгейі 20%-дан асып кетсе, оны  бағаның төмендеуі кезінде пайда тауып қалатын  "аю нарығы"   деп қабылдауға болады.  20%-ға дейінгі құлдырау тек түзету ғана. Бұл жолы өзгеріс деңгейі тек 9,5% деңгейінде ғана болды. 7% бен 15% арасындағы өзгерісті қалыпты жағдай деуге болады.  " S&P500"  индексі 2008 жылдан бері  өсім көрсетті. Сондықтан ойыншылар қолайлы сәтте пайдаға кенелуге тырысты. Мұның соңы  нарықтағы ең жабайы тәсіл –  алыпсатарлыққа ұласты. Бар болғаны осы. Бұл құбылыс мұнай бағасындағы өзгерістер де белгілі бір мөлшерде әсер етті. Егер жағдай осы қалыпта жалғаса берсе, Ресей компанияларының акциясымен қоса, рубльде арзандайды.  Бұл өз кезегінде Қазақстанға да әсер етуі мүмкін ", – деді Вадим  Иосуб.

"Фридом Финанс" сараптамалық орталығының маманы Анна Бодрованың пікірінше, қор нарығындағы өзгерістердің өз заңы бар. Бірқалыпты өсімге кенеттен қабылданған түзетулер кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. 

"АҚШ-тың макроэкономикасының еңбек нарығындағы жағдайы түзеле бастады. Бұл елдің ірі компанияларындағы капитализация 2-4 апта аралығында қалпына келеді", – деді ол.  

Анна Бодрованың пайымдауынша,  әлемдік нарық қалыпты жағдайда. Сондықтан әлемдік дағдарыстың келесі толқынын күтуге себеп жоқ.

"АҚШ-тың  қор биржасында "Dow Jones"  индексінің төмендеуі  алдағы дамуға себеп болатын трендтерге қауіп төндіріп тұрған жоқ.  Егер біз оны тиімді пайдалана алсақ, өсімге себеп болуы да мүмкін. Алып -сатуда ұқыптылық керек. Болжалды шығынның ең жоғары шегін алдын ала   ұйымдастырып, ойын тәсілін соған қарап үйлестіріп, шығынның алдын алуға дағдыланғандар ғана ұтылмайды. Қазіргі таңда биржадағы ең  қауіпсіз активтер –  алтын, доллар және жапон иені", – деді Анна Бодрова. 

Сарапшының сөзінше, индекстің жоғарылауы немесе төмендеуі туралы сәуегейлікке ұрынудың қажеті жоқ.

"Қазіргі жағдайдың  әлемдік нарыққа әсері туралы сөз келер аптаның басында өтетін сессияда белгілі болады. Тұрақтылықты ішкі жағдай қалыптастырады.  Оған сырттан әсер етуге болмайды. Тұрақтылық нарық заңымен қалыптаспаса, нарықтағы қобалжу  ұзаққа созылып кетуі мүмкін", – деді Анна Бодрова. 

Сарапшының пайымдауынша, теңге мен доллар жұбының ара-қатынасы алдағы бірер аптада  өзгеріске ұшырамайды. 1 АҚШ доллары 323-329 теңге айналасында болады.

"Теңге мен доллар жұбының ара-қатынасы сыртқы факторға тәуелді. Шикізаттық емес сектордағы экспорттың артуы қазақтың  теңгесіне қосымша күш беруі мүмкін. Біз доллар бағасының төмендеуі  немесе мұнайдың арзандауы  теңгеге әсер ете алмайтынын 2017 жылы байқадық", – деп түйді ойын Анна Бодрова. 

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу