Әлемдік рейтингте Қазақ елі Американы басып озды

3753

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда азаматтарға арналған әділ сот төрелігі (Civil justice) АҚШ, Грекия, Кипр, Италия, Черногория сияқты елдердегіден де озық көрінеді. 

Әлемдік рейтингте Қазақ елі Американы басып озды Фото: inbusiness.kz

World Justice Project халықаралық үкіметтік емес ұйымы жыл сайынғы Құқықтың үстемдігі рейтингін жариялады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Онда сарапшылар дүниежүзіндегі 142 елдегі ахуалды талдады.

Нәтижесінде, Қазақстан ТМД-дағы үздік орындардың бірін алды: 65-ші тұғырды иеленді. Айта кету керек, 2022 жылы да осы орында тұрақтаған. 2021 жылы 66-шы орында болды.

Яғни, сарапшылар содан бері тұтастай алғанда, ахуал көп нашарлаған жоқ деп санайды. Дегенмен, бірқатар позицияларда Қазақстан кері кетті, енді бірінде биікке көтеріле түсті.

Оның үстіне WJP Қазақстанның құқықтық жүйесінде мемлекеттің өкілеттіктерін арттыру, азаматтардың базалық құқықтарын сақтау, биліктің ашықтығы (ашық емес) салаларында алаңдатарлық жағдай орнағанына назар аудартады.   

Сонымен, 2022 жылы Қазақстан елде жүргізілген реформалар арқасында, 2021 жылға қарағанда бір тұғырға көтеріліп, 140 ел арасында 65-ші орынға тұрақтаған еді. Биыл да сол орнында қалды. Себебі билік саяси реформаларды аяқтады, әрі құқықтың бірқатар салаларында кері кете бастағаны байқалады.

Мысалы, "Тәртіп пен қауіпсіздік" категориясында Қазақстан өткен жылы, қанды қаңтар оқиғаларына қарамастан, әлемде 42-ші орынға шықты. Сөйтіп, Франция, Португалия, Италия, Грекия сияқты дамыған елдерді артқа тастады.

Ал биылғы жылы 44-ші орынға кері сырғыды. Бізді тіпті Молдова, Беларусь, Барбадос және Солтүстік Македония басып озды. Халықаралық сарапшылар қоғамның жаңа Қазақстаннан күткен үміттері ақталатынына күмәндана бастағанын айтып жүр. Әлеуметтік кернеуге ықпал етуі мүмкін өзге мәселелер шешімін таппаған күйі қалуда.

Жаһандық рейтингтің "Азаматтық әділ сот төрелігі" санатында Қазақстан былтыр – 43-ші орынға шыққан. Ал 2023 жылы 36-шы орынға дейін шығандай көтерілді. Оған не себеп болғаны түсіндірілмеді. Бұл санатта Қазақстан тіпті Америка Құрама Штаттарын басып озды: азаматтарға арналған сот төрелігі бойынша Америка 38-ші орынды қанағат тұтты. Жалпы рейтингте АҚШ – 26-шы орында тұр.

Бірақ басты бір категорияда, "Негізгі құқықтардың" сақталуы бойынша Қазақстан аса нашар көрсеткішке ие болды: 142 елдің арасында көш соңындағы 100-ші орында тұр. 2022 жылы, 2021 жылмен салыстырғанда 3 тұғырға биіктеп еді. Үкіметтік емес ұйым бағалауынша, бұл тұрғыдағы Қазақстандағы ахуал бүгінде Мадагаскар мен Ливаннан да нашар көрінеді.

"Қылмыстық әділеттілік" санатында республикамыз – 61-ші орын, "Сыбайлас жемқорлықтан арылу" бойынша – 63-ші, "Биліктің ашықтығы" жөнінен – тек 84-ші, "Мемлекеттің билігін шектеу" категориясында – 103-ші орын алды. Соңғы санатта елімізді Вьетнам мен Мексика қоршап тұр. Одан төменде – халқына және адам құқығына аяусыз автократиялар мен қатыгез диктатуралар жайғасқан. Яғни, құрдым шыңырауы үңірейеді.

Посткеңестік кеңістікте, ТМД елдері арасында жалпы алғанда жаһандық рейтингте ең жоғарғы орынға Балтық елдері (9–22-ші орындарда), Грузия (48-орын) көтерілді. Содан соң Қазақстанның (65) жағдайы жақсырақ.

Қалғандары аутсайдерлер: Өзбекстан – 78-ші, Украина – 89-шы, Қырғызстан – 103-ші, Беларусь – 104-ші орынды місе тұтты.

Ресей бүгінде тұңғиыққа таяу орналасқан: 113-ші орында.

Әлемдік рейтингтің көшін Дания, Норвегия, Финляндия, Швеция және Германия бастады. Соңғы орындарға Венесуэла, Камбоджа, Ауғанстан, Гаити және Конго Демократиялық Республикасы түсті.

WJP 2015 жылдан бері жүргізетін жаһандық рейтингін құқық саласындағы сарапшылардың, заңгерлердің пікірі негізінде құрады, әр ел азаматтары арасында сауалнама жүргізеді.

Әр мемлекетте құқықтың қаншалықты үстем болғанын анықтау үшін 8 факторды бағалайды. Оған мемлекеттің өз өкілеттігін шектеуі, коррупциядан адалануға тырысуы, Үкіметінің ашықтығы, азаматтардың ең құрығанда негізгі, базалық құқықтарының сақталуы, тәртіп пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, құқық қолдану тәжірибесі, азаматтық және құқықтық сот өндірісі жатады.

Қазақстан соңғы жылдары әсіресе, әділ сот төрелігі бағытында рейтингте ілгеріледі. Бас прокуратура әзірлеген, адам құқығына арналған есепте бұған жауап беріледі.

"Қазақстан сот жүйесін модернизациялау және оған сенімді арттыру бағытында салмақты жұмыс жүргізді. Саладағы базалық заңдардың жаңа редакциялары, Сот этикасы кодексінің, Сот жюриі туралы қағиданың жаңа нұсқасы қабылданды. Судьялардың кәсіби қызметін бағалау туралы нормалар күшіне енді. Арнайы орган – Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрылды. Ол жетекші елдерде танылған HR-құралдарды қолданып, судьялардың кәсіби қызметін бағалайды", – делінген есепте.

Сот өндірісін оңайлату, оның жеделдігін арттыру, сот жүйесінің айқындылығын жақсарту мақсатында сот қызметтерін автоматтандыру бойынша шаралар қабылданыпты. Мұның бәрі әрине, бұл жүйеде жемқорлық жойылды, барлық үкім қара қылды қақ жарғандай шетінен әділ болып келеді деген сөз емес. Кемеліне келу үшін әлі түрен түспеген өрісі мол.

Қалай болғанда, халықаралық эксперттер құқықтың үстемдігі саласында Қазақстанның екінші жыл қатарынан бір орнында қатып қалғанын тіркеді. Ілгерілеу жоқ жерде кері кету басталатыны заңдылық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу