Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта әлемдік спорттың екі бірдей аңызы бас қосты. Қазақ боксының символына айналған Геннадий Головкин мен футбол тарихындағы ең жарқын жұлдыздардың бірі Криштиану Роналдуның кездесуі көпшіліктің назарын бірден аударды.
Кездесу сәті ерекше өтті. Криштиану Роналду отандасымызды құшақ жая қарсы алып: "Сені көргеніме қуаныштымын, бауырым!" — деп шынайы ықыласын білдірді. Әлемдік футбол иконасы Геннадийдің болашақ жоспарларына қызығушылық танытып, оның рингке қайта оралуы мүмкін бе деген сауал қойды.
Бұл сұраққа Головкин: "Мүмкін, келер жылы бір жекпе-жек өткізіп қалармын", — деп жауап қатты. Айта кетейік, 43 жасқа толған даңқты былғары қолғап шебері кәсіби мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялаған жоқ. Бұған дейін де ол лайықты ұсыныс болған жағдайда рингке қайта шығуға дайын екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.
Геннадий Головкин Эр-Риядқа World Boxing ұйымының президенті ретінде арнайы шақыртумен келді. Ол мұнда әлемдік деңгейдегі бокс жұлдыздары бас қосқан, "Жапония vs Мексика" форматындағы ауқымды спорттық шоуды тамашалады.
Атап айтқанда, GGG кештің басты жекпе-жегі — pound-for-pound (P4P) рейтингінің көшбасшысы, жапониялық Наоя Иноуэ мен мексикалық Давид Пикассо арасындағы тартысты айқастың куәсі болды.