Әлемдік теннис жұлдыздары елордаға келеді

1564

Елордада 1-9 қазанда өтетін Astana Open ATP 500 турнирінде өнер көрсететін ойыншылар анықталды.

Әлемдік теннис жұлдыздары елордаға келеді

Ресейлік Даниил Медведев жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелді. Сондай-ақ әлемдік рейтингте ондыққа кіретін испаниялық Карлос Алькарас (4-ракетка), грекиялық Стефанос Циципас (5-ракетка), канадалық Феликс Оже-Альяссим (8-ракетка), Польша өкілі Хуберт Хуркач (10-ракетка) бақ сынайды. Бұл туралы ҚТФ баспсаз қызметі хабарлады.

Оған қоса ресейлік Андрей Рублев, италиялық Янник Синнер, аргентиналық Диего Шварцман, испаниялық Роберто Баутиста-Агут, болгариялық Григор Димитров, франциялық Гаэль Монфис сияқты рейтингісі жоғары теннисшілер, "Үлкен дулыға" жарыстарының жеңімпазы, хорватиялық Марин Чилич, швейцариялық Стэн Вавринка додаға қатысады.

АТР 500 Astana Open турнирінің басталуына бір айдан аз уақыт қалды. әлемнің 1-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев те бұл жарыста сынға түседі.

Тенниспен алты жасынан айналысқан Д. Медведев кәсіпқой спорттағы жолын 2014 жылы бастады. Сол жылы бірнеше рет ITF додаларында жеңіске жетті. ATP жарыстарында 2015 жылдан өнер көрсетіп келеді. Орыс, ағылшын және француз тілдерінде сөйлейді. Көгалдағы төсеніште ойнағанды және доп қабылдағанды жақсы көреді. Мюнхендік "Бавария" клубының жанкүйері. Футболшылардан Роберт Левандовски мен Давид Алабаны пір тұтады.

Табыстары: 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, үш "Үлкен дулыға" турнирінің (АҚШ ашық чемпионаты – 2019, Аустралия ашық чемпионаты – 2021 және 2022) финалисі, 2020 жылғы ATP қорытынды додасының чемпионы, 14 ATP жарысының жеңімпазы, Ресей құрамасы сапында Дэвис кубогі мен 2021 жылы ATP кубогін жеңіп алды. Ресей тарихында жекелей сында "Үлкен дулығада" үздік шыққан үш теннисшінің бірі.

Жарысқа қатысушылардың бірі Феликс Оже-Альяссим. Ол 2000 жылы 8 тамызда Монреалда дүниеге келді. Спортшының әкесі Сэм Алясим теннис жаттықтырушысы, анасы Мари Оже мұғалім. Теннистегі алғашқы қадамын Феликс бес жасында жасады. Қазір Оже Монте-Карлода (Монако) тұрады. Теннистегі кәсіби мансабын 2017 жылы бастаған. 2018 жылы канадалық ойыншы Алматыдағы "Челленджерде" ойнап, бірінші айналымда Николай Милошевичтен ұтылды – 4:6, 6:1, 5:7.

Қазақстаннан Александр Бублик, Михаил Кукушкин, жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Недовесов ел намысын қорғайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу