Әлемнің экс-бірінші ракеткасы, US Open-2021 чемпионы, Аустралия ашық чемпионаттарының финалисті (2021, 2022, 2024), 2020 жылғы ATP қорытынды турнирінің жеңімпазы, жекелей сында 20 ATP жарысында үздік шыққан, 2021 жылғы Дэвис және ATP кубогының иегері Даниил Медведев Алматы қаласында 11-19 қазанда өтетін Almaty Open ATP 250 додасына қатысатынын растады.
Оның қатысуы жарыс деңгейін көтеріп, маусымның ең маңызды оқиғаларының қатарына қосады.
Қазақстандық жанкүйерлер қазіргі заманғы теннистің ең жарқын өкілдерінің бірінің ойынын көзбе-көз тамашалауға мүмкіндік алып отыр.
"Алматыда алғаш рет ойнайтыныма қуаныштымын. Бұл менің теннис сапарымдағы жаңа белес. Қазақстандық жанкүйерлердің қонақжайлылығы, жылы ынта-ықыласы туралы көп естідім. Кортта кездескенше!" – деді Медведев.
Ол 2022 жылы Астанада ATP 500 турнирінде өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жетті.
Онда матчболдары бола тұра, болашақ чемпион Новак Джоковичке жол берді. Ал жасөспірім кезіндегі алғашқы титулын Өскеменде жеңіп алды, бұл оның кәсіби теннистегі үлкен жолының бастауы болды.