Әлемнің әр елінде жастар "Үшінші дүниежүзілік соғысты" бастап жатыр ма?

1628

​Франция, Үндістан, Албания, Италия, Тунис, Перу... Әлемнің әр түкпірінде жастар наразылығы өршіп, көшедегі шерулер жаппай қақтығыстарға ұласуда.

Әлемнің әр елінде жастар "Үшінші дүниежүзілік соғысты" бастап жатыр ма? Фото: ЖИ

2026 жылғы қазан жаһандық саясаттағы аласапыран кезеңге айналды. Бірнеше континенттегі елді қатар қамтыған жастар наразылығы барған сайын күшеюде. Мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар қымбатшылыққа, қолжетімсіз баспанаға және білім беру жүйесіндегі дағдарысқа қарсы көшеге шықты. Полициямен қақтығыстар, ғимараттардың өртке орануы, қоғамдық тәртіптің бұзылуы мемлекеттік тұрақтылыққа қауіп төндіре бастады, деп жазды inbusiness.kz.

Франция: өрт қою, ғимараттарға шабуыл және 1,5 мың адамның ұсталуына соқтырған толқулар

Франция жаппай тәртіпсіздіктердің ауқымды толқынына тап болды. ІІМ мәліметінше, кешегі 17 қазанда көшеге шыққан демонстранттардың саны 550 мыңнан асты. Елдегі ең ірі кәсіподақтардың бірі – CGT шеруге қатысқандар санын миллион адамға жуық деп бағалады. Бұл көрсеткіштер бір-бірінен алшақ болғанымен, екеуі де қоғамның бұрын-соңды болмаған ауқымда мобилизацияланғанын аңғартады.

Ресми мәлімет бойынша, кеше бір ғана Парижде шеруге шамамен 110 мың адам қатысқан. Қақтығыстар кезінде 1,5 мың адам ұсталып, 150-ден астам полицей жарақат алды. Бұл сандарды Франция Премьер-министрі Себастьен Лекорню жариялады.

Наразылықтың өршуіне бірнеше фактор қатар әсер етті. Тұрмыс құнының өсуі, жанар-жағармайдың қымбаттауы, мемлекеттік қызметтер сапасының нашарлауы және жаңа білім беру саясаты халықтың ашу-ызасын күшейтті.

Қыркүйектің ортасынан бері мектеп оқушылары мұғалімдер санын көбейтуді, шамадан тыс толған сыныптарды босатуды және білім алу жағдайын жақсартуды талап етіп келеді. Қазан айында наразылық мектеп қабырғасынан асып, оған беделді жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіподақтар, басқа салалардың қызметкерлері және "Сары кеудешелілер" қозғалысының өкілдері қосылды.

Парижде кеше Республика алаңына жиналған демонстранттар биіктігі 25 метрлік ескерткішке өрмелеп, бұзуға әрекет жасағаннан кейін полиция жас ағызатын газ бен суатқыш машиналарды қолдануға мәжбүрленді. Солтүстік вокзал маңына студенттер бастаған жүздеген адам жиналды. CNews телеарнасының штаб-пәтері маңында да жағдай ушығып, жүзге жуық жас демонстрант ғимараттың терезелеріне түрлі зат лақтырған.

Марсельде наразылық білдірушілер қала әкімдігіне басып кірді, сырта көптеген дүкенді тонады, полиция бөлімшесіне шабуыл жасауға әрекеттенді. Лион қаласында туристік ақпарат орталығы отқа оранды. Полицияның мәлімдеуінше, жиналғандар өрт сөндірушілердің "тілсіз жауды" тез ауыздықтауына барынша кедергі жасалған.

Лимож қаласында тарихи мэрия ғимараты өртеніп, артынша оның қоңыраулы мұнарасы құлады. Гренобльде қалалық әкімшілік ғимараты бүлінді. Авиньонда наразылар префектураның ауласына басып кірсе, Лилльде әкімдік ғимаратына шабуыл жасалды. Кан қаласында демонстранттар жол тегістегіш техникамен полиция бөлімшесінің қақпасын бұзып кіріп, полицияның бірнеше көлігін тапап тастаған.

Жандармерия өкілдері жиналған жұртты бақылауда ұстауға күш пен құралдың жетіспейтінін айтып дабыл қағуда. Қақтығыстар өрті Тулуза, Ренн, Анже, Страсбург, По, Монпелье, Валанc және Тулон сияқты басқа қалаларда да лаулады.

Le Monde басылымының жазуынша, әзірге зардап шеккен демонстранттардың нақты саны анықталған жоқ. Ең ауыр оқиға Сент-Этьенде болды. Жарылған полиция гранатасы жасөспірімнің қолын жұлып тастаған. Инспекция оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Үндістан: "Тарақандар партиясы" тағы да тосқауыл қоюда

Үндістанның саяси кеңістігінде Cockroach Janta Party (CJP), яғни, "Тарақандардың халықтық партиясы" аталатын жастар қозғалысы қайта бас көтерді. Ұйым саяси элитаның іс-әрекетіне наразы: мемлекеттік институттар жұмысының ашықтығын және өзгеше пікір айтатын азаматтарға қысым жасауды тоқтатуды талап етуде. Таяуда Нью-Делиде наразылық шеруі кезінде қозғалыс жетекшілерінің жаппай ұсталуы елдегі жүйелік дағдарыстың тереңдегенін паш етті.

The Indian Express хабарлауынша, 16 қазанда Делиде "Lehra Do Tiranga" шеруі кезінде полиция CJP жетекшісі Абхиджит Дипкені және AISA студенттік ұйымының төрайымы Неху Боруды ұстады.

Ол шеру белсенділердің тұтқындалуына қарсылық білдіру және Сайлау комиссиясының басшысы Гьянеш Кумарды отставкаға кетіру мақсатында ұйымдастырылған. Дипке қоғамдық тәртіпті сақтауға міндеттейтін құжатқа қол қойғаннан кейін бостандыққа жіберілді.

Осы бір акцияның өзінде жүзден астам адам ұсталды. Полиция наразылыққа қатысқан жастардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеруге кірісті: шерулерді кім ұйымдастырып жүргенін және басқа азаматтарды көшеге шығуға кім үндейтінін анықтауға тырысып жатыр.

Financial Times мәліметінше, елдегі шиеленісті сайлаушылар тізімдерін жаппай қайта қарау науқаны одан ары ушықтырды. Салдарынан, тізімдерден 130 миллион сайлаушы алып тасталған.

Үкіметтің қарсыластары бұл рәсім сайлаушылардың жекелеген топтарының құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептейді. Сайлау комиссиясы бұл тексерістің тек әкімшілік сипатта екенін алға тартты. Алайда қоғамдағы күдікті бәрібір сейілте алған жоқ.

Италияда студенттер шеруі қақтығысқа ұласты

Италияда "No Meloni Day" ("Мелониге қарсы күн") ұранымен жаппай демонстрациялар өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ел бойынша шерулерге 400 мың адам қатысқан.

Мектеп оқушылары мен студенттер білім беру саласын қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, баспана жалдау ақысының өсуіне, Үкімет реформаларына және әскери шығындардың ұлғаюына қарсы. Наразылықтың басты ұраны – "Соғысқа емес, мектепке ақша бөлінсін!".

Акциялар Рим, Милан, Турин, Генуя, Венеция, Падуя, Флоренция, Бергамо, Болонья және Кальяри қалаларында өтті. Кеше Миландағы жағдай күрт ушығып, демонстранттар тас, петарда, бөтелкелер мен жол қоршауларын лақтырды. Полиция шерушілерді күшпен таратуға кірісті.

Римде наразылық білдірушілер АҚШ пен Израильдің туларын өртеп, Білім министрлігі ғимаратының маңында жарылғыштар жарған. Туринде полиция қызметкерлеріне жұмыртқа лақтырылып, саясаткерлердің көше суреттері бүлінді. Пизадағы жоғары оқу орнының студенттері оқу жылының ашылу салтанатын өткізуге кедергі жасады. Бергамода бұзақылық әрекеттерден кейін ондаған оқушы полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлады ANSA агенттігі.

Албания: жастар жемқорлыққа және Трамп жобасына қарсы

Албаниядағы студенттер мен жастардың наразылығы біртіндеп ашық саяси сипатқа ие болды. Демонстранттар Премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап етті. Олар Үкіметті жемқорлыққа батқаны, жаңа жұмыс орындарын көп аша алмағаны және білім беру саласындағы мәселелерді шеше алмағаны үшін айыптап отыр.

Наразылықты күшейткен тағы бір фактор – елдің ең көркем жағалауын бұқара үшін жауып тастап, онда элиталық туристік жоба салу төңірегіндегі дау. Бұл жоба АҚШ Президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің инвестициялық мүдделерімен байланысты.

Кеше, 17 қазанда астана Тиранада демонстранттар тас, петарда және жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырды. Полиция көзден жас ағызатын газ, суатқыш машиналар қолданып, резеңке оқ жаудырды.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, билік өкілдері 167 адамның ұсталғанын, 132 полицейдің зардап шеккенін хабарлаған. Қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 7 полиция қызметкері тексеру аяқталғанша қызметінен шеттетілді.

Елдегі толқулар әлі басылған жоқ. Наразылық акциялары Тиранадан бөлек, Лежа, Эльбасан, Шкодер және Корча қалаларына да тарады.

Испания: баспана мен білім проблемасы жастарды көшеге шығарды

Испанияда жастар наразылығының басты себептері – пәтер жалдау ақысының шарықтауы, тұрғын үйлерден мәжбүрлі түрде шығару және мемлекеттік білім беру жүйесіндегі проблемалар.

3 қазаннан бастап Мадридте шамамен 70 мың адам демонстрацияға шықты. Бұған 87 жастағы Марикамен Абаскальдың баспанасынан шығарылуы түрткі болды. Оның оқиғасы жалға алушылардың қаншалықты дәрменсіз жағдайда қалуы мүмкін екенін көрсететін символға айналды.

Содан бері наразылық акциялары елдің шамамен 50 қаласында өтті. Парламент депутаттары Үкімет ұсынған тұрғын үй мәселесіне қатысты бірқатар бастамасын қабылдамай тастады. Осыдан кейін демонстранттар басқа шұғыл шаралар қабылдауды талап етуде.

Бұған дейін Барселонада да мыңдаған адам баспана дағдарысына қарсы көшеге шыққан. Жас демонстранттардың жекелеген топтары қоқыс контейнерлерін өртеп, полицияға түрлі ауыр заттар лақтырды.

14 қазаннан Мадридте білім беру саласы қызметкерлерінің мерзімсіз ереуілі басталды. Кәсіподақтардың мәліметінше, оған педагогтердің шамамен 70%-ы, аймақтық билік дерегінше – 45%-ы қатысты.

Мадридтегі Комплутенсе университетінің химия факультеті ғимаратының алдында өткен акция кезінде полиция шерушілерге күш қолданды. El País жазуынша, 5 адам ұсталып, 8 адам жарақат алған.

Испаниядағы жағдай жастар наразылығының тек саяси ұрандармен шектелмейтінін көрсетеді. Кейде мәселенің түп-тамыры әлдеқайда қарапайым: қалтасы көтеретін баспананың болмауы және сапалы білім алу мүмкіндігінің шектелуі жасты ашындырады. Ел болашағын құруға тиіс ұрпақтың негізгі қажеттіліктерін өтеуі қиындаса, әлеуметтік наразылықтың тереңдей түсуі де заңды.

Бельгия мен Португалия: шығындардың өсуі Еуропадағы дағдарысты тереңдетуде

Бельгия орталығы Брюссельде негізінен жастардан құралған бірнеше жүз демонстрант ЖОО-ға түсу құнының өсуіне және жоғары білімге қол жеткізуді шектейтін реформаларға қарсы бас көтерді.

Наразылық кезінде автокөлік аударылғаннан кейін полиция көзден жас ағызатын газ бен суатқыш машиналарды қолданды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, шерулер Льеж қаласын да қамтыды.

Ал, Португалия астанасы Лиссабонда бірнеше күнге созылған наразылықтардың аясында бүгін көшеге ондаған мың адам шықты. Шерушілердің басты талабы – күнделікті тұрмыс құнының өсуіне қарсы нақты шаралар қабылдау.

Әртүрлі елде бір-біріне ұқсас талаптардың көтерілуі кездейсоқ емес. Білім алу, баспана жалдау және күнкөріс шығындары жастар үшін барған сайын ауыр жүкке айналуда. Әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі саяси билікке деген сенімге де селкеу түсіруде.

Z-ұрпақ наразылығы тағы қандай елдерде ушықты?

Жастардың наразы қозғалыстары Еуропамен шектелмейді. Әлемдік ақпарат құралдары мен сараптамалық орталықтардың жарияланымдарында Индонезия, Марокко, Мадагаскар, Тунис, Перу және басқа да елдер аталады.

Әрине, бұл елдердің бәрінде толассыз тәртіпсіздіктер болып жатыр деуге болмайды. Кейбір қозғалыстар 2025 жылы басталып, биыл қайта жанданды немесе талап-тілектерін өзгертіп, жаңа сипатқа ие болды.

Маусымда Индонезия астанасы Джакартада жүздеген студент Президент Прабово Субиантоның экономикалық саясатына қарсы шеруге шықты. Наразылыққа бензиннің қымбаттауы, мемлекеттік шығындардың ұлғаюы, әскерилердің азаматтық саладағы рөлінің кеңеюі себеп болды. Демонстранттар Үкіметтің әрекеттері елдегі экономикалық қиындықтарды одан ары ушықтыруда деп санайды, деп жазды Reuters.

Мароккода "GenZ 212" жастар қозғалысы денсаулық сақтау және білім беру жүйесін жақсартуды табанды талап етуімен танылды. Наразылықтар 2025 жылдың қыркүйегінде Агадир қаласындағы мемлекеттік ауруханада кесарь тілігі арқылы босанған 8 әйелдің қайтыс болуынан соң басталды. Қозғалысқа қатысушылар спортқа бөлінетін астатөк қаражат пен медициналық қызметтердің жетіспеушілігін салыстырып, биліктің қаржы бөлу басымдықтарына күмән келтірді. Олардың пікірінше, мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін салаларды да назардан тыс қалдырмауы керек.

Мадагаскарда электр қуаты мен ауызсудың жиі үзілуі халықтың, әсіресе жастардың жаппай наразылығын туғызды. Әлеуметтік мәселелерге байланысты басталған шерулер ақырында саяси дағдарысқа ұласып, Президент Андри Радзуэлинаның биліктен кетуіне әкелді.

2026 жылғы 17 қазанда Тунис астанасында мыңдаған адам көшеге шығып, соңғы бірнеше жылдағы ең ірі наразылық акцияларын өткізді. Демонстранттар Президент Каис Саидтың саясатына қарсы шықты. Олар биліктің бір қолға шоғырлануын, экономикалық қиындықтарды, су мен электр қуатының үзілуін, дәрі-дәрмек тапшылығын және жұмыссыздықты сынға алды. Наразылыққа кәсіподақтар, журналистер, заңгерлер және оппозиция өкілдері де қосылды. Осылайша, қозғалыс жекелеген әлеуметтік топтардың талабынан асып, қоғамның әртүрлі бөлігін біріктірген саяси акцияға айналды.

2026 жылы Перудегі Generation Z жастар қозғалысы жемқорлыққа, қылмысқа және зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге қарсы наразылық науқанын жалғастырды. 2026 жылдың қаңтарында қозғалысқа қатысушылар жемқорлық дауына байланысты Президент Хосе Херидің отставкаға кетуіне қол жеткізді. 28 шілдеден бастап елді Кейко Фухимори басқарып отыр. Ол – сайлауда жеңіске жеткен тұңғыш әйел Президент.

Әр елдегі жағдайдың өзіндік ерекшелігі болғанымен, жастардың талап-тілегінде ортақ белгілер аз емес. Олар қымбатшылыққа, баспана тапшылығына, білім саласындағы теңсіздікке, жемқорлыққа, жұмыссыздыққа және биліктің өрескел шешімдеріне наразы.

Жастар өз болашағына алаңдайды және оны айқындайтын шешімдерге өздері ықпал етуді қалайды. Әңгіме мемлекеттер арасындағы дәстүрлі соғыс туралы емес, әртүрлі елдерде қатар өршіп, саяси жүйелердің тұрақтылығын сынап жатқан жаһандық әлеуметтік қарсылық толқыны жөнінде болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу