Әлемнің бірінші ракеткасы чемпиондық атағын қорғап қалды

796

Бүгін ерлер арасында Франция ашық чемпионатының финалдық кездесуі өтеді.

Әлемнің бірінші ракеткасы чемпиондық атағын қорғап қалды

Әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық теннисші Ига Швентек "Ролан Гаррос" турнирінде әйелдер арасында жекелей сында жеңіске жетті. Жарыстың шешуші кездесуінде Швентек әлемнің 43-ші ракеткасы, чехиялық Каролина Муховамен кездесті. Үш сетке ұласқан матчта Швентек мықтырақ болды – 6:2, 5:7, 6: 4. Кездесу екі сағат 46 минутқа созылды. Жартылай финалда Мухова сенсациялық түрде әлемнің екінші ракеткасы беларусь теннисшісі Арина Саболенконы жарыс жолынан шығарды.

Сондай-ақ Ига соңғы 16 жылда Франция ашық чемпионатында чемпиондық атағын қорғай алған алғашқы теннисші болды. Соңғы рет бельгиялық теннисші Джастин Хенин Париж корттарында үш жыл қатарынан – 2005-2007 жылдар аралығында жеңіске жеткен еді.

Ига Ролан Гарросты жеңгеннен кейін әйелдер турында үлкен үштік (Швентек, Соболенко, Рыбакина) пайда болды деген пікірге қалай қарайтыны жайлы өз ойын айтты.

"Мен оны талдамаймын. Өйткені оны сіздер ойлап тапқандарыңызды білемін және жанкүйерлерге ұнайтынын түсінемін. Ал мен тек өз жұмысыма көңіл бөлуге тырысамын. Бұл туралы ойлауға негіз жоқ. Маусымдағы ойындарды еске алар болсақ әр турнирде тұрақты ойнағанымды білемін. Ширек финалға, жартылай финалға, финалға шықтым, Штутгартта жеңіске жеттім, осы турнирді жеңдім. Мен тек өзіме көңіл бөлемін, қалған екі ойыншы туралы ойламаймын", - деді Шваентек.

Франция ашық чемпионатының қорытындысы бойынша жекелей сында WTA жаңартылған рейтингінде бірнеше маңызды өзгерістер орын алады.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина үшінші айналымда ойыннан шығып қалғанына қарамастан, жеке рекорд орнатып, 3-орынға көтеріледі (қазір 4-ші). Сондай-ақ, бразилиялық Беатрис Аддад Майя спорттық мансабындағы үздік нәтижеге қол жеткізеді. Ол 14-ші орыннан 10-орынға дейін көтеріледі. Турнирдің финалисті чехиялық Каролина Мухова 16-шы орынға көтеріледі. Жарыс алдында ол 43-орында еді. Ал WTA рейтингінде Ига Швентек (1-орын) пен Арина Соболенко (2-орын) Рыбакинадан жоғары тұр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін жексенбі, 11 маусымда Ролан Гарроста серб теннисшісі Новак Джокович (АТР рейтингінде 3-ші) пен норвегиялық Каспер Рууд (АТР рейтингінде 4-ші) жекелей сында финалдық кездесу өткізеді. Матч елорда уақытымен 18:30-да басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу