Италиялық теннисші WADA-мен (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) допинг ісін реттеу туралы келісімге қол қойып, үш айлық дисквалификацияны мерзімін өтеуге келісті. Синнер 4 мамырда кортқа қайта оралмақ.
Келісімнің шарттарына сәйкес, Синнер 9 ақпаннан 4 мамырға дейін дисквалификацияда болады. Ал, 13 сәуірден бастап жаттығуды қайта бастай алады.
Бұл келісімнен кейін WADA Спорттық арбитраж сотына (CAS) берген апелляциясын кері қайтарды.
"WADA спортшының допинг ережелерін бұзу себебін түсіндіруін қабылдайды. "Клостеболдың" әсері оның спорттық нәтижелерін арттырған жоқ және бұл жағдай оның команда мүшелерінің немқұрайлылығының нәтижесінде және спортшының білместігінен орын алған. Алайда WADA кодексіне сәйкес, спортшы командасы үшін жауап береді. Осы істің бірегей фактілерін ескере отырып, үш айлық шеттету – істің әділ шешімі деп саналады", – делінген WADA хабарламасында.
Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігі (International Tennis Integrity Agency, ITIA) 2024 жылдың тамыз айының соңында Синнердің наурыз айында екі рет клостеболға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған. "Клостебол" – ақуыз синтезін және физикалық жүктемеден кейінгі қалпына келуді жылдамдататын зат.
Бірақ, спортшы бұл жағдайды оның физиотерапевті саусағындағы жараны емдеу кезінде қолданған спреймен бірге организмге енгенін дәлелдей алды. Ол уақытта италиялық теннисші дисквалификациядан оңай құтылды. Бірақ WADA CAS-қа қайта шағым түсірді. Нәтижесінде Янник Синнер жазаны өтеуге келісті.
Дегенмен, WADA-ның Синнермен келісімге келу туралы шешімі әлеуметтік желілерде жанкүйерлер арасында теріс пікірлер туғызды.
Сондай-ақ, бұл шешімді әлемнің бірқатар көшбасшы теннисшілері де әділетсіз деп отыр.
"WADA Синнерді бір немесе екі жылға шеттетіледі деп уәде берген еді. Синнердің заңгерлері оның тек үш айға шеттетіліп, атақтары мен жүлделерін сақтап қалуы үшін бар күшін салғаны түсінікті. Сонда ол кінәлі ме, жоқ па өзі? Бұл теннис үшін қайғылы күн. Мұнда әділдік жоқ", – деп жазды аустралиялық теннисші Ник Кирьос.
Сонымен қатар, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик допинг қолданған Янник Синнерге қатысты шешімге пікір білдірді.
"Егер біз бәріміз Синнер жүргізетіндей келіссөздер жүргізе алсақ, бұл тамаша болар еді. Келіссөздер жүргізуге мүмкіндік болса, оны барлығына беру керек. Олар келісімге келгендерін ашық айтты. Қалай? Кіммен? Сонда біз де келісімге келе аламыз ба? Егер осындай оқиға орын алса, менің ойымша, мені төрт жылға шеттететін еді. Тек мені ғана емес, бәрімізді де. Әркімнің келісімге келу мүмкіндігі болуы керек. Ешқандай ашықтық жоқ. Онда не болып жатқанын мүлде түсінбейміз. Маған бәрібір, ол менің "чемпиондық атақтарымды" қолымнан тартып алған жоқ. Ол (Синнер) қолданса да, қолданбаса жеңіске жетеді. Егер мен оған екі немесе үш Үлкен дулыға финалында жеңіліп қалсам, онда оған ренжуге болар еді", – деді Бублик BB Tennis-ке берген сұхбатында.
Дисквалификацияға байланысты Синнер Индиан-Уэллс, Майами, Монте-Карло және Мадридтегі маңызды "Мастерс" турнирлеріне қатыса алмайды. Бірақ Римдегі жарыстарға қайта оралуға мүмкіндік алады. Синнердің ең жақын қарсыласынан 3 695 ұпайға алда тұрғанын ескерсек, ол дисквалификациядан кейін де әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалады.
Синнердің еншісінде ATP турнирлерінде 19 титул бар, оның ішінде үш "Үлкен дулыға" турниріндегі жеңіс - Australian Open (2024, 2025) және US Open (2024).