Әлемнің үрейін ұшырған көкқасқа шегірткенің Қазақстанға "тісі батпады"

1877

Сарапшылардың Қазақ еліне қатысты болжаған ең теріс сценарийлері жүзеге аспады. 

Әлемнің үрейін ұшырған көкқасқа шегірткенің Қазақстанға "тісі батпады" Фото: pofoto.club

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (Food and Agriculture Organization, FAO) дабыл қағуда. Биыл жер-жаһандағы егінді көкқасқа шегірткелер жалмап қоюы мүмкін.

Мысалы, бір ғана Ауғанстанда ол 1,2 миллион тоннаға дейінгі көлемде бидайды құртуы мүмкін. Бұл ауған елінің бүкіл бидай егістігінің төрттен біріне барабар. Марокколық саранша Ауғанстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы 8 провинциясында лаң салып жатыр. Мұндай ірі нәубет бұл елде 20 және 40 жыл бұрын болыпты. Қайта соққан жауға ұқсайды.

Бұл ретте сарапшылардың болжамынша, егер қазірден шаралар қабылдамаса, әлемдегі көкқасқа шегірткелердің саны қазіргіден тура 100 есе көбеюі мүмкін. Онда жаһан жұртшылығының азық-түлік қауіпсіздігіне зор қауіп төнеді.

Ресей ғалымдары да байбалам салып, безек қағуда. Рен ТВ хабарлауынша, тоқтау көрмеген көкқасқалар Ресей өңірлерінің көпшілігін қарқынды шабуылдап жатыр. Әсіресе, Дағыстан, Волгоград облысында, Ставрополь өлкесінде, Қазақстанмен шекаралар өңірлерінде ахуал ушығып, проблемамен жалғыз қалған аграршылар "нағыз шайқас" жүргізуде. Бұл өңірлер шегірткенің басқыншылығына алғашқылар қатарында тап болды.

Фото: red-deer-ru.livejournal.com

"Олар жүріп өткен алқаптар шаңы бұрқыраған шөл далаға айналады. Фермерлер алапат шығынға ұшырауда. Зиянкестер бүгінде автокөліктердің жолына кілемдей төселіп, үйлерге дейін кіріп кетті. Селолықтардың бау-бақшаларынан сау-тамтық қалмады. Көлдер, тіпті коттедждердің бассейндері құжынаған жәндіктердің батпағына айналып кетті. Себебі, олар ұрпағын өрбіту үшін су атаулыға ұмтылды", – деп хабарлады ресейлік зоолог Андрей Подлужнов.

Оның айтуынша, бүгінде Ресейдің оңтүстігінде жауын-шашын маусымы басталды, сондықтан көкқасқа шегіртке сол жаққа топ-топпен аттануда. Ал олардың артында қалған дернәсілдер қалған жасыл атаулыны жым-жылас қылып, өзге өңірлерге көшеді. Соның ішінде италиялық прус шөп пен егістен бастап, бұталар мен жас көшеттерге дейін жайпап кетеді.

Сарапшылардың Қазақстанға қатысты болжамы да үрейлі болды. Әсіресе, Ресеймен шекаралас өңірлерге үлкен қатер төнді. Мысалы, әлеуметтік желіде "Қостанай облысында 10 (бірінде 20) мың гектар егіс алқабын шегірткенің тып-типыл еткені" туралы ақпарат тарады. Бірақ бұл мәліметті Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жоққа шығарды.

АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиевтің айтуынша, Қостанай облысындағы 4,6 млн гектар егіс алқабының 500 гектардайына залал келген. Жәндіктер кең таралмауы үшін облыстағы  аудандарда егістіктерді химиялық өңдеу жүргізілді. Шегірткелермен күреске 31 арнайы техника, оның ішінде 9 желдету бүріккіші, 13 аэрозольді газ генераторы, 6 аса жеңіл авиациялық техника және 3 жеңіл ұшақ жұмылдырылды.

Алаңдарды өңдеу бойынша іс-шаралар АШМ толық бақылауында болды. Қостанай облысына ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек сапарлап, күрес шараларын қадағалады.

Өңірге "Вантекс", "Карат Супер", "Тиаметрин" және "Фипрон" сияқты препараттардың барлық қажетті көлемі жеткізілді. Шегіртке табындары Жангелді, Амангелді, Алтынсарин, Денисов және Науырзым аудандарына көбірек жайылды.

Шегірткелердің пайда болуы мен таралуына мониторинг жүргізу жұмыстарын күн сайын Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжау әдістемелік орталығының облыстық және аудандық филиалдары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК облыстық, аудандық аумақтық инспекцияларының қызметкерлері жүзеге асырады.

Фото: pokayadoma.ru

Шегіртке шапқыншылығымен күрес шараларына желдеткіш бүріккіштер, жеңіл авиация, дельтапландар, сондай-ақ аэрозольді газ генераторлары қолданылуда. Бұлардың бәрі мобильді құралдар. Тиісінше, зиянкестердің жаңа ошақтары анықталған кезде олар да орнын ауыстырып отырады. Қажет болған жағдайда өңдеу қызметтерін жеткізушілер қосымша техниканы ұсынады.

Мамандар Қостанай облысында зиянкестердің бар-жоғын анықтау үшін 2 млн гектардан астам жерді зерттеді. 409,3 мың гектарға дейінгі жер өңделген.

Осы орайда Қазақстан мен ФАО шегірткелермен бірлесіп күресу жөнінде келісті. Өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Римдегі жұмыс сапары аясында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) халықаралық шегірткеге қарсы орталығында болды. Орталық алаңында зиянкестермен күрес саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, дрондарды пайдалана отырып, жәндіктерді анықтау аумақтарының мониторингін енгізу мәселесі талқыланған. Бұл болашақта жерді фитосанитариялық өңдеуді дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық министр сондай-ақ Еуразия өңірінде табынды зиянкестерімен күрес мәселелерін неғұрлым жедел және тиімді шешу мақсатында ФАО-ның Шегірткелер жөніндегі тұрақты комиссиясын құру идеясын қолдады.  

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің өзі таяуда Қостанай облысындағы химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан егістіктерді аралап, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп қайтты.

Фото: gov.kz

Қостанай ауданындағы "Луговое" шаруа қожалығының басшысы Василий Куцтың айтуынша, қорғаныс шаралары зиянкестердің ошақтары табылғаннан кейін шұғыл басталды. 

"Егістіктен шегірткелерді байқай сала, дереу аумақтық инспекцияға хабар бердік.  Мамандар бірден келіп, алқаптарды зерттеп, арнайы техниканы іске қосты. Шегіртке табынының шамамен 70% жойылды. Аудан аумағында дельтаплан орналастырылды, қажет болған жағдайда ол қайтадан іске кіріседі. Зиянкестер ауыл шаруашылығы дақылдарына жеткен жоқ, егілген егін жәндіктен зардап шеккен жоқ", - деді Василий Куц.

Шегірткенің таралу қаупі туындаса, барлық арнайы техниканы жедел жұмылдырылады.

АШМ басшысы ең бастысы, "негативті, нашар сценарийге жол берілмей, жағдайға жедел ден қойылып отырғанын" мәлімдеді.

Республика бойынша италиялық прусқа қарсы Алматы, Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында 1,5 миллиондай гектар жер өңделген.

Жалпы, мамандардың мәліметінше, табынды шегірткелерінің дамуы мен таралуы циклдік сипатқа ие. Ауа-райы мен климаттық жағдайларға байланысты әр жылдары зиянкестер не көбейеді, не азаяды.

Мәселен, Қазақстанда көкқасқа шегірткелердің ең ауқымды таралуы 2000 жылы тіркелді. Сонда олар 7,1 миллион гектар алқапты жалмаған. 2015 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта химиялық өңдеуді қажет ететін алаң 3,2 миллион гектардан 567,6 мың гектарға дейін төмендеген. Ал 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін табынды зиянкестерінің таралуының қайтадан көбейгені байқалады.

Министр Ербол Қарашөкеевтің пайымдауынша, зиянкестердің таралу ауқымының өсуі күннің белсенділігімен байланысты. Өйткені ғалымдар аптап ыстықтың белең алуына орай шамамен 10,5 жыл жиілікпен шегірткелердің жаппай көбейе бастайтынын анықтады. Қазіргі уақытта Жер планетасының қызуы күрт көтерілуде.

Сондықтан АШМ басшысы келесі жылы шегірткеге қатысты ахуал одан әрі нашарлайды деп болжап отыр. Бүгінде көкқасқалардың биылғы таралуы шырқау шегіне жетті. Қазақстан күрестің осы кезеңін абыроймен еңсере алса, онда осы жылы жеңілірек болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу