Алешкидегі гуманитарлық миссияның астарынан "өзгеше ойын" әшкереленді

209

Қоршаудағы қала жұртын ізгі эвакуациялаудың негізгі бастамашысы ресми жарияланғандай Мелания Трамп ханым болмай шықты.

Алешкидегі гуманитарлық миссияның астарынан "өзгеше ойын" әшкереленді Фото: stranaua.media

Оның үстіне бейбіт тұрғындарды құтқару үшін жарияланған алты күндік бітім әскери мақсатта да пайдаланылған болуы мүмкін.

Олешкидегі бітім жаңа дау тудырды: Мәскеу – Киев бір-бірін айыптауда

Алешкидегі гуманитарлық эвакуация аяқталды. Алайда бұл оқиға Ресей және Украина арасындағы жағдайды жақсарту орнына, жаңа жанжалға сеп болды. Екі ел уақытша бітімді әскери мақсатта пайдаланды деп бір-бірін айыптап отыр, деп жазды inbusiness.kz.

Украина Қарулы күштерінің Бас штабы РФ әскері бітім кезінде қалаға техника, оқ-дәрі және қосымша сарбаздар жеткізгенін мәлімдеді. Ресей тарапы да украиналық әскердің осы мүмкіндікті пайдаланып, күштерін қайта орналастыруы мүмкін екенін болжады.

Әңгіме Херсон облысындағы Алешки (украинша түпнұсқа атауы – Олешки) қаласы туралы. Днепр өзенінің сол жағалауында орналасқан бұл қала 2022 жылғы ақпаннан бері Ресей оккупациясында. Соғысқа дейін мұнда шамамен 24 мың адам тұрған. Ал, гумоперация басталғанда небәрі 1 700–2 000-дай тұрғын қалған. Арасында 50-ге жуық бала болыпты.

2023 жылғы маусымда Ресей әскері Каховка су электр станциясын жарып қиратқанда, қала аумағының шамамен 90% су астында қалды. Үйлер мен ғимараттар бүлінді, жолдар жарамсыз күйге түсті. Су, электр жарығы, газ және дәрі-дәрмек тапшылығы күшейді. Алешки біртіндеп адам үшін өмір сүру өте қиын аймаққа айналды.

Қалада қалған адамдар қоныс аударудың амалын ұзақ уақыт бойы өздері іздеді. Бірі жаяу, енді бірі велосипедпен немесе самокатпен жолға шықпақшы болды. Бірақ жолдарды Ресей және Украина әскерлері жаппай миналап тастаған, әрі аспандағы дрондар жолмен қозғалған кез келген жанды жау көріп, қағып түсіреді.

DW мәліметінше, 2026 жылғы мамырдан бастап онда аштық басталған. Қыркүйек айында Украина алып дрондары арқылы қаланың шамамен 100 нүктесіне төрт тонна азық-түлік жеткізді. 4 қазанда тағы алты тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді.

Аса қымбат ұшқышсыз аппараттарын қарсыласы құлата берген соң, бұл талаптарын жиі қайталай алмады. Қала тұрғындарын қауіпсіз жерге әкету, кеткісі келмегендерге азық-түлік жеткізу үшін арнайы гуманитарлық дәліз қажет еді.

23 қазанда АҚШ бірінші ханым Мелания Трамптың бастамасымен Алешкиде уақытша бітім жариялауға келісім жасалғанын хабарлады. Ресми Мәскеу де, Киев те оған алғысын жаудырды. "Мен араласпағанымда, бұл қалаға гуманитарлық көмек жеткізу және қарт адамдарды эвакуациялау мүмкін болмас еді. Бұл анық еді", – деп маңғазданды Мелания ханым.

Бітім Алешкимен шектелмей, Херсон облысының оған жақын аудандарына таралды. Нәтижесінде, Украина кері қайтара алған іргедегі Херсон (ескі атауы Кәрсөн, облыс орталығы) қаласының тұрғындары бір апта бойы атыстан аман өмір сүріп, көшеде еркін жүріп-тұра алған. Бітім 1 қараша күні сағат 22:59-ға дейін жалғасты.

Эвакуацияға жалпы сыйымдылығы 750 адам болатын 25 автобус бөлінді. Сонымен бірге қозғалысы қиын адамдарды тасымалдау үшін тоғыз жедел жәрдем көлігі, 50 медицина қызметкері әзірленді.

Әскерилер жолдарды ішінара минадан тазартты. Ресей өкілдерінің мәліметінше, жұмыс кезінде екі жауынгер жарылып, қаза тапқан.

Бұл операцияның саяси маңызы да аз болған жоқ. Reuters жазуынша, Мәскеу де, Киев те 3 қарашадағы АҚШ Конгресіне сайлау қарсаңында Дональд Трампқа оның бейбіт бастамаларын қолдауға дайын екенін барынша көрсетіп қалуға тырысты. Өйткені екі жақ та осы операцияның сәтсіздікке ұшырауына кінәлі болып қалғысы, Трамптың "бітімгер" беделіне кері әсер еткісі келмеді.

Мелания Трамптың мәлімдеуінше, Алешкиден жалпы саны 800-ге жуық адам эвакуацияланған. Қалғаны көшпеуге ұйғарыпты. Бірақ 2 қарашада Украинаның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец тараптар эвакуацияланған адамдардың нақты санын және қай елге кеткенін жарияламауға келіскенін хабарлады.

Ресейлік әскери тілшілердің мәліметінше, Ресей бағытына небәрі үш автобус оралған. Олардың ішінде бірнеше жыл бұрын Херсон облысының Ресейге қосылуы жөніндегі референдумға қатысқан тұрғындар болғаны жарияланды. Алайда Украина мен халықаралық қауымдастық бұл референдумның нәтижелерін мойындаған жоқ.

Ресейдің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Яна Лантратова көліктің көбі бос қайтқанын жасырмады: "Дайындалған автобустардың көбі кері қарай бос оралды. Бізде адамдарды санап шығуға уақыт та, мүмкіндік те болған жоқ. Оларды бір-бірлеп түгендеген жоқпыз", – деді ол.

Украинаны таңдаған адамдар Қырым мен Беларусь арқылы өтіп, Гомель қаласына жеткен. Одан кейін Чернигов облысындағы Украина шекарасынан өтті. Ресей азаматтығын алып үлгергендері Қырым мен Краснодар өлкесіндегі уақытша орналастыру орындарына жіберілген.

Ресей әскері Херсонға жаңа шабуылға әзірленуде ме?

Алешкидегі оқиғаның ең даулы тұсы эвакуация аяқталғаннан кейін белгілі болды. 2 қарашада УКҚ Бас штабы Ресей әскерін "гуманитарлық бітімді қалқан етіп, қаладағы әскери күшін күшейтіп алды" деп айыптады.

Украиналық әскери басшылықтың мәліметінше, атыс тоқтаған 6 күн ішінде РФ әскері қалаға қосымша сарбаздар мен техника жеткізген. Оқ-дәрі мен жанармай қорын толықтырған. Бұған қоса, артиллериялық кешендерін жөндеп, жолдарды дрон шабуылынан қорғайтын торлармен тұмшалап алған. Бұрын украиналық беспилотниктер қаптап жүргенде мұндай жұмыстарды жүргізе алмап еді.

Бұл айыптауларды британдық Sky News телеарнасының сюжеті одан сайын өршітті. Телеарна тілшілері Украина теңіз жаяу әскерінің 34-жеке бригадасына қарасты дрондарды басқару орталығына кіріп, сол жерден түсірілген бейнежазбаларды жариялады.

Кадрларда Ресейдің броньды машиналары, әскери қызметшілердің қозғалысы және түрлі жүктердің тасымалдануы бейнеленген. РФ сарбаздарының үлкен-үлкен қаптарды жанталаса түрлі ғимараттың жертөлелеріне кіргізіп, жасырып жатқаны байқалады.

34-бригада командирі Дмитрий Пулинец журналистерге сұхбатында бітімге дейін Алешкидегі Ресей сарбаздарының да ашыққанына назар аудартты. Оның сөзінше, украин дрондары қаланы тұрақты бақылауда ұстағандықтан, Ресей бөлімшелері жолдарда еркін қозғала алмаған.

Ал, атыс тоқтаған соң жағдай өзгерді. Әскери техника мен әскерилер қозғалысы жеңілдеді. Ресей бөлімшелері жеке құрамын алмастырып, азық-түлік пен басқа да қорларын толықтырған. Сол арқылы енді бұған дейін жоғалтқан позицияларын қайтаруға кірісіп те кетіпті.

Sky News ауыр броньды техниканың да қозғалысын паш етті. The Telegraph басылымы одан бұрын, 30 қазанда Ресей бөлімшелерінің қала маңындағы әскери іс-қимылдарды күшейтуге қызу дайындалып, өз позицияларын нығайтып жатқанын хабарлаған болатын.

Мәскеу Украина айыптауларына жауап қатты. Кеше Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков украиналық армияның да бітімді өз күштерін қайта топтастыру үшін пайдалануы мүмкін екенін болжады.

"Үлкен сеніммен жорамалдауымызға болады: Украина қарулы күштері де осы кезеңді өз күштерін қайта топтастыру және басқа да мақсаттар үшін пайдаланған болуы мүмкін", – деді ол. Песков мұндай әрекетті "соғыс жағдайындағы қалыпты тәжірибе" деп атады.

Осылайша, қос тарап та алты күндік бітімнің тек гуманитарлық мақсатпен шектелмегенін іс жүзінде мойындады.

Ізгі акцияның шын бастамашысы кім?

Алешкидегі операцияға қатысты тағы бір күтпеген мәлімет Францияның Le Monde басылымында жарияланды. Оның хабарлауынша, эвакуацияны ұйымдастыру жұмыстары шамамен 4 айға созылған. Ал, келіссөздерді Ресей және Украина әскери барлау қызметтері жүргізген. Олар – Украинаның Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас барлау басқармасы (ГУР) және Ресейдің Бас барлау басқармасы (ГРУ).

Бұл екі құрылым бұған дейін де әскери тұтқындар алмасу және қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін қайтару мәселелері бойынша тұрақты байланыста болыпты. Le Monde өз дереккөзіне сілтеме жасап, жаһанға "Мелания Трамптың араласуымен жүзеге асқан операция" ретінде ұсынылған эвакуацияның артында арнайы қызметтердің бірнеше айлық келіссөздері тұрғанын жазды.

"Біздің дереккөздің дерегінше, Меланияның делдалдығының нәтижесі ретінде жарияланған операция шын мәнінде арнайы қызметтердің ұзақ келіссөздерінің қорытындысы болған. Вашингтонның нақты қандай рөл атқарғаны әзірге белгісіз", – делінген басылым материалында.

Reuters агенттігі бұл оқиғаның үлкен саясатпен байланысты екеніне назар аудартты. Мәскеу мен Киев АҚШ-тағы сайлау қарсаңында төл бейбіт бастамаларына Дональд Трамптың көңілін аударуға ынтықты.

Ресей тарапы Алешкиге мемлекеттік рәміздері бейнеленген, қаздай шұбырған жүк көліктерін паш етті. Қаптаған журналист ерген үлкен делегациясын да жіберді. Олардың арасында америкалық Newsmax телеарнасының өкілдері де болған.

Украина бұл операцияда АҚШ-тың әскери және барлау саласындағы көмегіне сүйенгенін алғыс сезіммен жариялауға іңкәрланды.

Сондықтан Алешкидегі эвакуацияны тек гуманитарлық шара деп қарау жеткіліксіз. Бұл оқиға Ресейге және Украинаға халықаралық аренада өз ұстанымын ілгерілетуге, АҚШ-қа бейбіт келіссөздердегі ықпалын танытуға мүмкіндік берді. Бұдан не нәтиже шықты, оны сайлау қорытындысы паш етеді. Алешкиде адамдарды құтқару операциясымен қатар үлкен саяси тартыс та жүрді.

Бітім аяқталды, шабуыл қайта басталды

Алты күндік тыныштық ұзаққа созылған жоқ. Бітім аяқталған соң атыс қайта жалғасты. 2 және 3 қараша күндері Ресейдің дрондары Херсон қаласына және облысына жаппай шабуыл жасады. Салдарынан зардап шеккендер көп, қаншама азаматтық нысан қираған.

Киев уақытша бітімді ұзартуды ұсынған еді, Мәскеу бұл ұсынысты қолдамады. Кремль әзірге осындай гуманитарлық операцияларды қайта өткізу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.

Алешкидегі оқиға осылай аяқталды. Бірақ ол артында көптеген сұрақ қалдырды. Бомбалаудан зәрезап болған 800-ге жуық бейбіт тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл – операцияның ең маңызды нәтижесі.

Алайда алты күндік бітімнің әскери мақсатта пайдаланылғаны туралы айыптаулар көбейді. Егер алда РФ әскері өзеннің арғы бетіндегі облыс орталығы Херсон қаласын қайта шабуылдаса, сарапшылар оның түп-төркінін гуммиссиядан іздеуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу