Әлеуметтік көмекке қаржы бөлу инфляцияны күшейтіп жіберуі мүмкін бе?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3251

Әлеуметтік қолдауға бюджеттен қосымша қаражат бөлу инфляцияны көтеріп жібермейді, деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Әлеуметтік көмекке қаржы бөлу инфляцияны күшейтіп жіберуі мүмкін бе?

"Біздің бағалауымызға сәйкес, инфляция биылғы жылдың қорытындылары бойынша нысаналы дәліз шегінде сақталады" деген бас банкир қаржы реттеушісінің инфляция бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізуге және экономика өсуінің қарқындарын ұстап тұруға бағытталған саясатты жалғастыратынын атап өтті.

"Қазақстан Ұлттық банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуін жалғастырады. Ұлттық банктің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру болып табылады. Жылдық инфляция 2019 жылғы наурызда өткен жылдың соңындағы 5,3%-бен салыстырғанда 4,8%-ға дейін төмендеді", – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Қазақстан Ұлттық банкі басшысының айтуынша, базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады.

Қазақстанның Ұлттық банкі мөлшерлеменің деңгейін елдегі нақты және күтілетін инфляцияның мөлшерлеріне, төлем балансының жай-күйін анықтайтын сыртқы факторларға, сондай-ақ экономикалық дамуды қолдау қажеттілігіне қарай белгілейді.

"Біз инфляциялық көрсеткіштерге қол жеткізу мен экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу теңгеріміне бағытталған базалық мөлшерлеме бойынша саясатты жалғастыруға ниеттенеміз", – деген бас банкир теңгенің базалық мөлшерлемесінің 9,25% деңгейінде сақталғанын еске салды.

"Валюта нарығында да жағдай тұрақты. Жыл басынан бастан 2 сәуір аралығында теңгенің айырбастау бағамы жыл басынан 1,2%-ға нығайды. Айырбастау бағамы еліміздегі төлем балансы жағдайына, яғни шетел валютасының еліміздің нарығына түсімі мен кетуінің теңгеріміне байланысты. Бұл сыртқы күйзелістерді барынша азайтуға және экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін сақтауға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді бас қаржы реттеушісі.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы айтқандай 2018 жылы төлем балансының ағымдағы шотының айтарлықтай жақсаруы байқалды. Тапшылық 2017 жылғы 5,1 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 0,1 млрд АҚШ долларын құрады.

"Теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы саясаты алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. 1 наурыздағы жағдай бойынша Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері – 29,2 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ долларын құрды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құрады", – деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау шеңберінде Қазақстан Ұлттық банкінің экономикалық өсуді және ұзақ мерзімді кредиттеуді қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды іске асыруды жалғастыратынын атап өтті.

"7-20-25" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ипотекалық кредиттер алуға берілген өтінімдердің жалпы саны 2019 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша 125,4 млрд теңге сомаға 11 021 болды. Оның ішінде 75,2 млрд теңге сомаға 6 450 өтінім мақұлданды және 60,4 млрд теңгеге 5 085 қарыз берілді", – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, экономиканың басым салаларын кредиттеу үшін 600 млрд теңге сомаға банктердің ұзақ мерзімді өтімділікті игеруі бойынша шаралар қабылданатын болады. 7% мөлшерінде субсидиялауды ескере отырып, қарыз алушылар үшін кредиттер бойынша түпкілікті мөлшерлеме 8%-дан аспайды.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы агроөнеркәсіп кешеніне 200 млрд теңге, ал өңдеуші өнеркәсіпке 400 млрд теңгеге дейін бөлінетіндігін де айтты.

"ШОБ іске асыратын жобаларды кредиттеуге кемінде 100 млрд теңге жұмсалатын болады. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкі отандық автокөлік сатып алушыларын 5 жыл бойы кредиттеу бағдарламасын іске асыруға 100 млрд теңгеге дейін жұмсайды. Осы жылы 20 млрд теңге бөлінетін болады", – деді Досаев.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу