"Әлеуметтік қорғау" картасы Әбдіхалықованың көңілінен шықты ма?

Алматы облысындағы көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерді қолдауға 3 млрд теңге қаржы бөлінді.

"Әлеуметтік қорғау" картасы Әбдіхалықованың көңілінен шықты ма?

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет делегациясы Алматы облысында жұмыс сапарымен жүр. Екі күндік сапардың алғашқы күні Талдықорған қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасы өкілдерімен кездескен Гүлшара Әбдіхалықованың назарына Алматы облысының "Әлеуметтік қорғау" картасы ұсынылды.

Жалпы, Үкімет басшысы орынбасарының ел аралаудағы елеулі миссиясы Елбасы ұсынған "Әлеуметтік қамқорлық" бастамасының жүзеге асуына бағыт-бағдар беріп, аймақтардың әлеуетін бағамдап қайту болатын. Бұл тараптан алғанда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов таныстырған аймақтың "Әлеуметтік картасы" Гүлшара Әбдіхалықованың көңілінен шыққанға ұқсайды. Әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттерді қолдау мен көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуге қатысты құлаққа жағымды есеп пен көкейге қонымды цифр астаналық қонақтардың ықыласын аударғандай...

Алматы облысының "Әлеуметтік қорғау" картасын жайып салған Амандық Баталовтың айтуынша, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттерді қолдауға 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Әсіресе, мұқтаж тұрғындарды баспанамен қамту ісінде ілгерлеушілік бар.

"Биыл біз "7-20-25" бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаты беруді бастадық. Қазір сертификат сомасының жиынтық қоры 300 млн теңгеге жетті. Талдықорған қаласының іргесінен коттежд қалашығының құрылысын аяқтаймыз. Бұл жерден де әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін адамдарға баспана бөлеміз. Ал қаланың өзінен тек қана көпбалалы отбасылар үшін көп қабатты екі үйдің жобасын әзірлеп, құрылыс жұмысын бастадық", – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Сондай-ақ, "Әлеуметтік қамқорлық" бастамасы аясында облыс орталығында тұратын көпбалалы аналар қазір қоғамдық көлікті тегін пайдалануда. Бұған дейін осындай тегін жол жүру мүмкіндігін облыс орталығындағы 42 мың мектеп оқушысы мен  студенттер пайдаланып келген болатын. Осы көпбалалы отбасылардың балаларын ыстық тамақ, басқа да керек-жарақпен қамту да күн тәртібінен түскен емес. Дерек бойынша, облыс аумағындағы мектептерде 32 мың бала  тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен, жазғы маусым кезіндегі демалыс лагерімен қамтамасыз етіліпті. Бәрінен сүйінерлігі, аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан 246 студент облыс әкімінің грантымен түрлі оқу орындарында оқып жатыр. Биыл бұл тізім көбейіп, тағы 100 үміткерге тегін білім алуға мүмкіндік берілмекші. Облыс басшысы осы мақсатқа 44,3 млн теңге қаржы қарастырылғаын айтты.

"Әлеуметтік карта" аясында облыс аумағында қызу жүріп жатқан көгілдір отын көзіне қосылу ісі одан әрі жеделдетілмек екен. Мұның жеңілдігін де әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар көрмекші. Яғни, олардың үйлерін газ тартушы компаниялар құбырға арзан бағамен жалғап бермек. Ал облыс әкімдігі шығынның белгілі бөлігін қаржыландырады. Бұл үшін қазынадан 500 млн теңге бөлініп отыр.

Жалпы Алматы облысының "Әлеуметтік қорғау" картасы өңірдегі 253 ауылдық округ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын зерделеу негізінде жасалды дейді мамандар. Бұл жұмыс әлі де  жетілдіріле бермек. Әлеуметтің тұрмыс ахуалын бағамдау барысында барлық ауылдардағы құжат айналымы "Е-халық" ақпараттық жүйесіне қосылмақшы. Ал әлеуметтік жеңілдіктерге құжат қабылдауды жеңілдету үшін аудан орталықтарында "Бір терезе" қағидатымен жұмыс істейтін әлеуметтік орталықтар ашылып жатыр.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу