Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 167,2 млрд теңге түсті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3993

Биыл 1403 медицина ұйымы халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 167,2 млрд теңге түсті

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері халыққа мемлекеттік тапсырыспен қызмет көрсеткен медициналық ұйымдарға 305 млрд теңге аударды.

Өткен жылдың соңында аталмыш қор ел азаматтарына тегін медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт жасаған болатын. Соған сәйкес, емханалар мен клиникалар биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын болған. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қамтылған қызметтерді көрсететін жеткізуші-компаниялардың шығынын өтеу міндеттемесін алған.

"Алдын ала жасалған келісім бойынша, жеткізуші-компаниялардың жыл басынан бері көрсеткен қызметіне 305 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында мемлекеттік тапсырысты орындайтын медициналық ұйымдарға төленуге тиісті соманың 35,4%-ы. Жұмыс тегін медициналық көмек көрсету кестесіне сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат жеткілікті, ол тиісінше жұмсалады", – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақсылықова.

Оның сөзінше, биыл тегін медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарына әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 860 млрд теңге қарастырылған.

"Биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қамтылған қызметтерді көрсететін жеткізуші-компанияларды қаржымен қамтамасыз етуге былтырғымен салыстырғанда 5% артық қаражат бөлінді. Биыл 1403 медицина ұйымы халықты  кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Оның 702-сі – мемлекеттік, 701-і – жекеменшік", – деді Ботагөз Жақсылықова.

Басқарма төрағасы орынбасарының мәлімдеуінше, тегін медициналық қызмет көрсетіп отырған медициналық ұйымдардың басым бөлігі Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда, Жамбыл облыстарында орналасқан.

Естеріңізге салайық, 2018 жылы медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алудың операторы болып бекітілді. Содан бері ол халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын назарда ұстап отыр.

2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта қорға 167,2 млрд теңге түсті. Аударымдарды жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар және жұмыс берушілер аударған.

"Жинақталған қаражаттың 94,8% немесе 158,5 млрд теңгесі жұмыс берушілерге, 5%-дан астамы немесе 8,7 млрд теңгесі жеке кәсіпкерлерге тиесілі болды", – деді Ботагөз Жақсылықова.

Біле жүріңіз, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызмет  ақысын төлеуге жұмсалады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу