Әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыссыздарды жарылқамайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5881

Төленетін төлем күнкөріс деңгейінің ең төменгі көрсеткішіне де жетпейді. 

Әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыссыздарды жарылқамайды

Мемлекет әлеуметтік қор құрып, халықты қорға ақша аударуға міндеттейді. Бірақ ол ақшаны қалай жұмсап жатқаны көпшілікке түсініксіз болады.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жұмыс орнын жоғалту бойынша әлеуметтік төлем тағайындаудағы әділетсіздікті күн тәртібіне қойды.

"2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінген төлем 24 816 теңгені құрады. Осы уақытта елдегі орташа жалақы 176 мың теңге болды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жалақы өсті. Ал төлем көлемі 22 736 теңгеге төмендеді", – деді Айқын Қоңыров.

Оның айтуынша, тамыз айында орташа жалақы 188 мың теңгеге жеткен, ал қор төлемі 22 069 теңгеге азайған. Яғни жалақы өскен сайын төлем көлемі қысқарып отырған.

"Қорға аударым жасалғанда жалақы көлемі әдейі төмендетіледі, яғни жұмысшылардың мүддесі бұзылады. Мәселе елдегі жалақының шынайы көрсеткіші ресми статистикадағы мәліметпен сәйкес келмеуінен де туындауы мүмкін", – деді депутат.

Қазіргі жағдай жұмыстан айырылуға қатысты сақтандыру жүйесі жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Жаңа жұмыс орнын іздеу кезеңінде орташа төлем көлемі күнкөріске жетпейді. Ресми норма бойынша күнкөріс шегі 29668 теңгені құрайды, яғни бұл әлеуметтік төлемнен 1,4 есе көп.

"Өтемақы символдық мәнге ие болса, әлеуметтік сақтандырудың қандай қажеттілігі бар? Бірінші жартыжылдықта қорға 119 млрд теңге түсті. Инвестициялық активтердің жалпы көлемі жарты триллион теңгеден асты. Бұл капиталды жұмыс берушілер мен жұмысшылар құрап отыр. Жұмысынан айырылғандарға төленетін төлем кем дегенде күнкөріс деңгейінің ең төменгі көрсеткішінен артық болуы керек. Бұған қоса жұмыстан айырылудан сақтандырудың толыққанды жүйесін құру мәселесіне көшу қажет деп санаймыз", – деді Айқын Қоңыров.

2018 жылдың соңында мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активінен 120 млрд теңге "ҚазАгро" холдингінің облигацияларына инвестицияланған. Осының мән-жайын анықтау үшін халық қалаулысы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

"Неліктен мұндай шешім қабылданды, қазіргі таңда бұл құнды қағаздарға салынған инвестицияның соммасы қандай, шығынға жұмыс істеп жатқан холдингтен қаражатты қайтарып алу кепілдігі бар ма?"  – деді ол.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу