Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, тура 2 жыл бұрын, 2023 жылғы 1 қазанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 107,8 мың отбасыға және олардағы 565,7 мың адамға берілген. Сол жылы осы көмек түрін төлеуге 65,7 миллиард теңге бағытталды.
Министрліктің ақпаратынша, 1 жыл бұрын, 2024 жылғы 1 қазанда АӘК 73,4 мың отбасыға және оған мүше 389,1 мың адамға төленіпті. Бұл мақсатқа бюджеттен былтыр 55,9 миллиард теңге бөлінді.
Еңбекминінің дерегінше, биыл, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша АӘК небәрі 51 мың отбасыға және ондағы 274,4 мың адамға ғана төленді. Олар 24,6 млрд теңге сомасында көмек алған. Яғни, әрбір адамға 1 жылда (ай сайын емес) орта есеппен 89,6 мың теңге берілді.
Сонымен қатар, учаскелік комиссиялар мемлекеттен көмек сұраған тағы 31 614 отбасыға немесе 161 285 адамға АӘК тағайындаудан бас тартты.
Бұл жерде ақша жоқ емес, бар көрінеді. Ел Парламенті 2025 жылғы республикалық бюджетте Еңбекминіне АӘК ретінде осы жылы 98,4 миллиард теңгені үлестіруге рұқсат еткен еді.
Ведомство оның 1/4 бір бөлігін ғана игерді. Қалған игерілмеген қаражаттың қайда жұмсалатынын министрлік хабарламады.
"АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару", – деп қысқаша түсініктеме берді министрлік.
Дегенмен, осы көмек арқасында нақты қанша отбасының өмірлік дағдарыс пен тығырықтан шығарылғаны нақтыланбады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, АӘК мыналарды көздейді:
• табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
• табысы аз отбасылардағы 1 пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 қазанына қарай АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 84,6 мың балаға 3,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
• жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Бір анығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК алушылар санын келесі жылы бұдан да азайтып тастауға ниетті. Бұл көмек алушыларға талапты күрт қатайту арқылы жүзеге асырылады.
Осы мақсатта министр Светлана Жақыпованың командасы "ҚР Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірледі.
Құжатта Еңбекмині атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудың қолданыстағы тәсілі көнерді және кінәратты деп таныды.
Себебі, біріншіден, ол азаматтардың нақты кірістерін және ең бастысы – шығыстарын толық көлемде есепке алмайды. Жаңа тәсілде егер зәру отбасының мүшелері айфон, ноутбук, қымбат теледидар не тоңазытқыш сатып алса, бұл оларға АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Екіншіден, министрліктің байламынша, аты "атаулы" болғанымен, көмек көрсету жеткілікті түрде атаулы-адресті болмай тұр. Шын мұқтаждар ала алмай жүргенде, кездейсоқ адамдардың алып жатқаны әшкереленіпті.
"Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың ағымдағы тәсілі негізінен азаматтардың табысына негізделген. АӘК тағайындау кезінде отбасының барлық кірістері есепке алынатынына қарамастан, қолданыстағы жүйеде азаматтардың шығыстарын толыққанды талдау көзделмеген. Бұл көрсетілетін қолдаудың тиімділігі мен атаулылығын төмендетеді", – деп түсіндірді ведомство.
Еңбекмині АӘК көрсетудің қолданыстағы тетігінің келесі осал тұстарын анықтапты:
• Алушылардың кірістері туралы деректер жеткілікті түрде ашық емес көрінеді, мемлекеттік базалардағы толық емес мәліметтері пайдаланылады, бұл мұқтаждықты (нуждаемость) дәл анықтауға мүмкіндік бермейді және бас тарту немесе негізсіз тағайындау сияқты қате шешімдерге соқтырады.
• Отбасының үй шаруашылығының шығындары елеусіз қалады: көмек алуға құқықты анықтау кезінде емдеуге, тұрғын үйді жалға алуға, көлікті жөндеуге, баласын оқытуға шығыстары ескерілмейді.
• Қосымша кірістері жасырын қалады: кейбір отбасылар АӘК алу үшін кірістерін әдейі төмендетіп көрсетеді, қымбат мүліктерін басқа адамдар атына рәсімдейді.
• Деректерді алмасу үшін ведомствоаралық интеграция әлі күнге толыққанды жолға қойылмапты: меморгандар арасында, мысалы, салық, медициналық мекемелер арасында автоматтандырылған ақпарат алмасу жоқ.
Мысалға, егер АӘК алушы отбасының мүшелері жасырын қосымша табыс тауып, ол қаржыға, айталық, миллион теңге қолма-қол қаржыға косметикалық, стоматологиялық, басқа да қымбат медициналық көмек алса, болашақта мұны салық органдары және Еңбекмині біліп қояды.
Әзірге, жоғарыдағы жөнсіздіктің бәрі мемлекеттен көмек сұрап жүгінген отбасының жағдайын объективті бағалауды қиындататыны алға тартылды.
Сондықтан Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы, 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында берген тапсырмаларына және биылғы жолдауында қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет енді АӘК-ті тек шын мәнінде көмекке зәру қазақстандықтарға қайта бағдарлайды.
Осы мақсатта министрлер кабинеті "Әлеуметтік көмек көрсету тетігін шынайы мұқтаж азаматтардың жиынтық табыстары мен шығыстарын ескере отырып жетілдіру бойынша шаралар қабылдауға" кірісті.
Еңбек министрлігінің "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметінше, Қазақстанда 9 533 отбасы немесе 50 669 адамға АӘК тағайындау кезінде кемшілікке жол берілгені әшкереленіпті. Соның ішінде 3 131 отбасының немесе 16 105 адамның қате мәліметтері ұсынылған. 420 отбасы немесе 2 463 адам табысын жасырып қалыпты.
Жергілікті әкімдіктер мен өңірлік комиссиялар 5 982 отбасының немесе 32 101 адамның отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізуден, яғни, олардың үйлерін аралап, үй шаруашылығындағы төрт түлігін, баспанасының іші-сыртындағы дүние-мүлкін фотоға түсуден бас тартыпты. Мұнсыз АӘК тағайындауға рұқсат етілмейді.
"Көбінесе, отбасының материалдық жағдайын тексеру кезінде өтініш берген отбасының материалдық тұрғыдан ауқатты екені және АӘК тағайындау қажеті жоқтығы анықталады. Өтініш ұсынушылар кірісі "төмен" екенін декларациялайды, алайда онысы отбасының нақты материалдық жағдайына сәйкес келмейді", – деген байламын жеткізді Еңбекмині мамандары.
Сонымен, көптеген адамды атаулы көмектен қағуға сылтау табылды: АӘК алуға үміткерлер қате мәліметтер береді.
"Осыны ескере отырып, "мұқтаждық критерийлерін" ("критерий нуждаемости") күшейту және толықтыру ұсынылады. Онда енді үміткерлердің мүліктері мен кірістерін есепке алудың жаңа параметрлері де басшылыққа алынады. Азаматтардың нақты кірістері мен шығыстарын есепке алу олардың мұқтаждық деңгейін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тек шын мұқтаж азаматтардың ғана АӘК алуын қамтамасыз етеді. Азаматтардың банктік шоттарындағы ақша қаражаттарының қозғалысы туралы мәліметтерге қолжетімділік болған жағдайда олардың қаржылық жағдайының сенімді бейнесін қалыптастыруға болады", – деп дәйектеді Еңбекмині.
Яғни, келесі жылдан бастап, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген отбасылардың мектептегі баласынан зейнеткерліктегі қариясына дейінгі әрбір мүшесінің банктердегі шоты, мобильді аударымдары мұқият тексеріледі.
Егер отбасы мүшелерінің жұмсаған шығысы тапқан табысынан асып түссе және шығындалған ақшаны қайдан алғанын, заңды жолмен тапқанын растай алмаса, бұл да АӘК тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін. Өйткені комиссия отбасының жасырын табыс қайнарлары бар деп тануы ықтимал.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, халықтың кедейлік деңгейі 2019 жылғы 4,3%-дан 5,2%-ға дейін өскен. 2024 жыл қорытындысында 5%-ға дейін шамалы, "статистикалық ағаттық" деңгейінде ғана төмендепті. Бірақ кейде тамағына да қаржы таппай қалатын халықтың үлесі 6 жыл және одан көп бұрынғыдан біраз өсті.
Оның үстіне осы кезеңде халық санының ұлғайғанын да назарға алған жөн. Мысалы, 2019 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 18 миллион 400 мың адамнан асты. Оның 4,3 пайызы 791 200 адамға тең.
Ал, 2024 жылғы желтоқсанда қазақстандықтардың қатары 20 миллион 286 мыңға жетті. Оның 5%-ы – 1 миллион 14,3 мың адамға барабар. Тиісінше, тіпті ресми статистика бойынша ыңыршағы айналған кедей қазақстандықтардың саны миллионнан асты және тек артып барады.
Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары АӘК – жанның жұмырына жұқ болмас "ең шағын жәрдемақылардың бірі" екенін жеткізді. 2024 жылы әртүрлі өңірлер бойынша АӘК-тің орташа айлық мөлшері бар-жоғы 6 мыңнан 10,6 мың теңге аралығын ғана құрады. Бұл – мына қымбатшылық заманында дүкенге бір кіргеннен түгі қалмайтын қаражат.
"Бұл ақша азық-түлікке де жетпейді, жұмыссыз адамның бір ай тіршілігін мүлдем қамтамасыз ете алмайды. Кедейлік жәрдемақысынан әлдекім байып кетті деп айтуға бола ма? Егер солай болғанда, Еңбекмині өз статистикасында АӘК алып келген жүздеген мың адамның тосыннан байып кеткенін мақтана көрсетер еді. Алайда Ұлттық статбюро деректері көрсеткендей, өте кедей қазақстандықтардың үлесі тек өсуде. Ендеше Қазақстандағы кедейлікпен байланысты жағдай соңғы бірнеше жылда кері кетпесе, оң жаққа қарай түпкілікті өзгерген жоқ", – деген байламға келді Ranking сарапшылары.