"Ел алдында масқаралама": Жақындарынан жылулық көрмей, далада қалған аналар жайлы

943

"Ана үйі" кімдерді қабылдайды?

"Ел алдында масқаралама": Жақындарынан жылулық көрмей, далада қалған аналар жайлы Фото: sunrise-counseling.squarespace.com

Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан өмірге әкелген сәбиді ата-анасының өсіріп бағуы, тәрбиелеуі әрбір ата-ананың міндеті болса, ал тағдырдың тәлкегіне ұшырап жетім қалған балаларды немесе "көкек" аналар мен "тасбауыр" әкелердің кесірінен тастанды болған балаларға қамқорлық көрсету барша азаматтың парызы. Ата-бабалар жүріп өткен жолға көз салсақ, қазақ ешқашан баласын сыртқа теппеген. "Өлімнен ұят күшті" демекші, сүйекке таңба түскеннен қорыққан.

Бүгінгі ұрпақ пайымындағы ескінің қалдығы, жабайылық саналатын әмеңгерлік салтының да түп мақсаты осы жетімдіктің алдын алу, жетім қалған баланы кім көрінгеннің қолжаулығы болудан қорғау. Тіпті, қазақтың басына түскен небір алапат қиын-қыстау кезеңдерде де адамдардың балаға ілтипаты ерекше болған. Ал қазір ше?! Не ішем, не кием демейтін, қалағаныңның бәрі бар, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған қарттар үйі, жетімдер үйі саулап тұр. Бірде бір ағамыздың өзі тұратын аудан орталығын жер-жебіріне жеткізіп мақтаймын деп отырып, "бізде керек десеңіз қарттар үйі де бар" деген сөзі төбеме мұздай су құйып жібергендей денемді шымырлатып жіберді. Қала бітіп, аудан орталығында, онда да жергілікті тұрғындардың түгел дерлігін қаракөздеріміз құрайтын елді мекенде қарттар үйінің бары расында маған ауыр тиді. Бұл қалай, адамдар осыншама безбүйрек болып кеткен бе деген қобалжумен күрсінісім араласа шыққан сұрағыма, ағамыз сасқан үйрек артымен жүзедінің кейпіне еніп, жоқ онда жалғызбасты қарттар, мүгедек жандар тұрады деп ақталғандай болды. Қалай десек те, қазақты марқайтатын нәрсе емес. Жә, менің бүгін қозғайын деп отырған тақырыбым бұл емес. Бұл бөлек әңгіме өзегі. Менің бүгін сөз еткелі отырған дүнием әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мәселесі, осы бағытта іске асып жатқан жобалар туралы болмақ.

...Бірде ұялы телефонымдағы чаттардың бірінен, қиындыққа тап болған кішкентай балалары бар жалғыз басты аналарға "Ана үйінде" орын бар, мына телефонға хабарлассаңыз болады деген хабарландыруды көріп қалдым. Журналист ретінде кәсіби қызығушылығым оянды, хабарластым, жауапты маманмен кездесуге келістім. Мен барған "Ана үйі" әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында өз қызметін 10 жылдан астам уақыт жүзеге асырып келе жатқан қоғамдық қоры екен.

Менің ойыма келген алғашқы сұрақтар легі – "Ана үйі" қалай пайда болды, ондағы аналарға қандай көмек көрсетіледі және оны кім қаржыландырады? деген болды.

Расында да әрбір идеяның пайда болып, оның жобаға айналып, жүзеге асуына әдетте қандай да бір себептер, оқыс оқиғалар алғышарт болады. Сол сияқты "Ана үйі" қоғамдық қоры жобасының да өзіндік тарихы бар екен.

Бірде бір құрылыс компаниясы бір үлкен аумақты алып, сол жерде құрылыс жұмыстарын бастамақ болып, сол жерді қоқыстан тазартып жатқанда, сәбидің мүрдесін тауып алыпты. Бұл хабар компания басшылығына жетеді. Жан түршігерлік оқиға компания басшысын бей-жай қалдырмаса керек. Кейін ол жұбайы екеуі ақылдаса келе осы "Ана үйі" ресурстық орталығы жобасын өмірге әкеліп, оның жүзеге асуына бастамашыл болады. "Ана үйі", "Ұлттық бала асырап алу агенттігі" және "Балажан" сияқты негізгі үш бағытта жұмыс істеп жатқан қоғамдық қорын еліміздің жиырмадан астам меценаты қаржыландырады екен. Ал, қордың дамуы бес негізгі кезеңнен тұрады.

– Бүгінде Қор Қазақстанның 18 қаласында 21 "Ана үйі" ресурстық ортылығын ашып, жұмыс жүргізуде. Ана үйі қызметін бастаған жылдар ішінде 7 232 әйелге әлеуметтік көмек беріп, сәбилердің балалар үйіне түспей, отбасыларда қалуына себепші болды. Осылайша, тағдыр тәлкегіне түскен аналарға қордың қолұшын беріп, қолдауының арқасында аналардың жаңа туған сәбилерінен бас тартуының 69%-ның алды алынды. Алайда, бұл Қазақстандағы жетімдік мәселесін түбегейлі шешуге жеткіліксіз болып отыр. Сәбилер үйіне әртүрлі жастағы балалардың келіп түсуі жалғасуда, – дейді "Ана үйі" ресурстық орталығы жобасының басшысы Чинара Мамбеталиева.

"Ана үйі" ресурстық орталығы көбінесе, 18 бен 35 жас аралығында аналарға көмектеседі. Орталыққа келіп орналасқан құшағында сәбиі бар әрбір ананың тағдыры әрқилы. Көп жағдайда алданып қалған жас қыздар немесе барар жері, басар тауы жоқ жетімдер үйінде тәрбиеленген тума-туысы жоқ нәзік жандылар. Сөзіміз сүйекті болу үшін, бірқатар жанды оқиғалардан үзінді келтірсек.

Мәселен, Алина есімді жетімдер үйінен шыққан қыз кейін өзімен тағдырлас болған Руслан есімді жігітпен пәтер жылдап тұрып жатады. Алайда, аяғы ауыр болып қалған оның жігітімен отбасылық өмірі жараспайды. Руслан жұмыс істемей, арақ ішумен болады. Алина бірде анау құрбысын, бірде мынау құрбысын паналап, тамағы тоқтан гөрі аш жүріп, әйтеуір, жалғызбасты бір кісінің үйінен орын табады. Бірақ, ол кісі бала туғаннан кейін оны қабылдамайтынын ескертеді. Алина қыз баланы өмірге әкеліп, сәбиін аман-есен туып шыққаннан кейін жетімдер үйінде жұмыс істеген бір апайды жағалап, оның үйіне уақытша тұрақтайды. Бір күні сол апайы осы Ана үйі туралы естіп, Алинаны осында әкеліп орналастырған екен. Руслан да осы үйге келіп жүріп, қызына тегін беріпті. Бірақ көп кешікпей оны өлтіріп кетіпті. Алина қамқорсыз қалған сәбиінің құжаттарын ресімдеп, үкіметтен тиісті төлемақысын алып, үйге кезекке тұрып қойыпты. Өзі де кейін тұрмыс құрып, екінші баласын туып, қазір екі баласымен толыққанды отбасылық өмір кешіп жатыр.

Ал, келесі бір оқиға еліміздің оңтүстігінде болған. Екі отбасы балаларын бесіктен аттастырып қойған. Кейін бойжетіп келе жатқан қызды көршісі зорлап, ал ұяң қыз мұны отбасына, әке-шешесіне айтудан қорыққан. Құда түсіп, ұзатылған қыз кейін жұбайымен жақындаспай ма... Қыздың өзіне дейін пәктігінен айырылғанын білген күйеуі оны сұрақ астына алғанда жаңа түскен келін жұбайына басынан өткен оқиғаны баяндап береді. Бірақ, әйелінің бұл сөзін жалған деп тапқан күйеуі қызды төркініне апарып тастайды. Әрине, бұл жағдай әке-шешесіне күйе жаққандай әсер етіп, қызын қорғап қолдаудың орнына, үйінен қуып жібереді. Қыз Алматыға келіп жұмысқа тұрып, жұмыс істей бастағанда жүкті болып қалғанын біледі. Кейін ол да қиындыққа тап болып, сәбиімен қайда барарын білмей жүргенде, осы "Ана үйі" ресурстық орталығынан пана тауыпты. Осы орталық қызметкерлері күйеуінің сәбидің әкесі екенін растауға көмектесіп, жан-жақты көмектесіп, ақыр соңында жас келіншектің отбасымен қайта табысуына көмектесіпті.

Үшінші бір оқиғада Ғалия есімді жас қыз үйлі-баранды бір жігітке алданып қалған. Бойдақпын деп кездесіп келген жігіті қыз жүкті екенін айтқанда ғана барып, отбасылы екенін айтып, тастап кеткен. Анасынан қолдау табамын деген оймен қыз бәрін анасына айтып бергенде, оның "түсік таста", ел алдында масқаралама деген бір ғана жауабы болыпты. Ондай қадамға дайын емес қыз жүктілігін жасырып, тууға бел буыпты. Босануға уақыты жақын қалғанда, ғаламтордан "Ана үйі" туралы естіп, ресурстық орталыққа жүгінеді. Қызын мерзімінен ерте дүниеге әкелген жас анаға орталықтың қызметкерлер мен дәрігерлері бала күтімінде көп көмектесіпті.

Ана үйіне келгенде тығырыққа тірелген Ғалия күйзелісте болған екен. Алайда, психологпен жұмыс істеу нәтижесінде, эмоционалды жағдайы қалпына түсіпті.

– "Ана үйі" маған үлкен қолдау көрсетті. Үйден шықпай-ақ, сәбиімнің жанында цехта тігін ісімен айналысып, ақша табу мүмкіндігіне ие болдым, – дейді ол.

Қазір Ғалия басқа жас анамен пәтер жалдап тұрады, әлі күнге Ана үйіне келіп, қыздарға тігін цехында жұмыс істеп, тігін тігуді үйретіп жүр. Қызы балабақшаға барады, оны орналастыруға да Ана үйі қызметкерлері көмектесіпті. Тіпті, Ғалияның анасымен қарым-қатынасының жақсаруына да қолғабыс еткен. Бұл күнде әжесі жиенін қатты жақсы көріп, араласып тұрады.

Міне, бұл осы Ана үйін паналаған және ондағы мейірімді жандардан қолдау тапқан бірқатар жас келіншектердің өмірі. Осындай тағдыр тауқыметін арқалаған қаншама аналар бар десеңші...

Екінші оқиғада ресурстық орталық әкесі екенін растап берді дедік қой. Шынында, "Ана үйі" ресурстық орталығының қолында жаңа туған сәбиі бар тағдыры талапайға түскен аналарға тигізіп жатқан көмегі көп. Алдымен Ана үйі әйелдерге тегін баспана, тамақ, медициналық қызмет көрсет ұсынады. Онда алты ай айналасында аналарға мейлінше үй тірлігіне ұқсас жағдайдағы барлық қажеттіліктер жасалады. Психолог, социолог, дәрігер мамандар Ана үйінің уақытша тұрғындарымен жұмыс істеп, маман ретінде кеңестерін береді. Сонымен қатар, заңгерлер балалардың тегін анықтап, басқа да қажетті құжаттардың жасалуына көмектеседі. Ана үйінде аналар түрлі тәтті бәліш, тағысын тағы тамақтарды, тіпті нанды да қолдан пісіреді екен. Біреулері үй жинаумен, екіншілері тамақ пісірумен, үшіншілері балаларды қараумен кезектесе отырып айналысады. Бұл жерде бос сенделіп жүруге тиым салынған. Ана үйінде кейбір аналарға үш-төрт сағат кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындарға немесе тағы басқа жерлерге барып жұмыс істеп келуге рұқсат етілген. Сондай-ақ, оларға кейін қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынатын СММ, таргет, қала берді мобилограф мамандықтары бойынша да оқу ұйымдастырылып отыр. Кейбір өңірлерде аналар іс тігумен айналысуда. Яғни, Ана үйінен шыққаннан кейін аналардың өмірге бейімделіп, жұмыс істеп кетуіне барынша жағдайлар жасалып отыр.

– "Ана үйі" ресурстық орталығының қызметі әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталып отыр дедік қой. Расында бұл жоба өзінің өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бірақ, балалар үйіне сәбилердің әртүрлі жағдайлармен келіп түсуі төмендемей отыр. Сондықтан қор жұмысының екінші кезеңінде 2016 жылы Ұлттық бала асырап алу агенттігі бағытын іске қосты. Оның миссиясы кәсіптік даярлау, бала асырап алған отбасыларды сүйемелдеу және қазақстандық қоғамда бала асырап алу мәдениетін қалыптастыру және дамыту. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тек отбасында ғана баланы тәуелсіз өмірге толыққанды дайындау жүзеге асырылады, тек отбасы ғана балаға отбасы құндылығын бере алады, тек отбасы ғана жас адамға үлкен өмірге қадам басқанда толық қолдау көрсете алады. Осыны ескере келе, қор "Балажан" балалар интернаттық мекемелерін трансформациялау бағдарламасын іске қосты. Жобаның мақсаты – мекемелердегі балаларды күтіп-бағудан балаларды отбасына көшуге дайындау арқылы отбасы құрылысына жәрдемдесуге мекеме қызметкерлерін қайта бағдарлау. Бұл жобалар да өзінің тиімділігін көрсетті. Бізді жобаны көріп, бала асырап алғандар да бар. 1966 бала агенттік көмегімен асыраушы отбасына орналасты, 889 бала балалар интернатынан туған отбасына қайтарылды. Диагнозы бар балаларды да асырап алып жатқан отбасылар бар. Науқас балаларға ота жасауға қорды қаржыландырушылар көмектескен оқиғалар да бар. Бала асырап алу ұлттық агенттік жетімдер үйіндегі балаларды тек қазақстандық отбасылардың асырап алуына көмектеседі. Қазір еліміз бойынша 5 мыңға жуық сәби балалар үйінде өз отбасыларын күтіп жүр, – деп түйіндеді сөзін "Ұлттық бала асырап алу агенттігі" жобасының басшысы Рахметова Фарида.

Иә, қоғамдық қоры қызметкерлерінің әлеуметтік жетімдікті азайту, алдын алу бағытында атқарып жатқан орасан зор жұмыстарына қарап, осындай қор қолға алған жобаларға қаржылай және рухани-материалдық жағынан демеушілік жасап, қолдау көрсетіп отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарың жоқ. Бірақ, жасарын жасап алып, қолымен істегенін мойнымен көтеруден қашатын безбүйрек, жүгенсіз, жауапсыз жандардың көбейіп бара жатқаны қоғамның дертіне айналуда. Бұған кімді кінәлаймыз?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу