"Альфа-Банктің" тағдыры айқындалды

2738

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Банк ЦентрКредитке" "Альфа-Банктің" банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім берді.

"Альфа-Банктің" тағдыры айқындалды

29 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы "Банк ЦентрКредит" акционерлік қоғамына "Альфа-Банк" еншілес банкі" акционерлік қоғамы банк холдингінің мәртебесін иеленуге келісім беру туралы қаулы қабылдады.

Банктер туралы заңның талаптарына сәйкес, "Банк ЦентрКредит" агенттікке "Альфа-Банк" банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім алу үшін өтініш пен құжаттар топтамасын ұсынды. Алғашқысы "Альфа-Банктің" 100 пайыз дауыс беретін акцияларын сатып алуды және оны өзіне қосып алу арқылы кейіннен қайта ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Заңда басқа қаржы ұйымының акцияларының бақылау пакетін сатып алуы үшін банкте "банк холдингі" мәртебесі болуы қажет. Сондай-ақ банктің басқа заңды тұлғаларға инвестициясының сомасы банктің меншікті капиталының 10 пайызынан аспауға тиіс екендігі белгіленген. Ал "Банк ЦентрКредитте" "банк холдингі" мәртебесі жоқ. Оның үстіне банктің басқа заңды тұлғаларға инвестициясының сомасы банктің меншікті капиталының 10 пайызынан асып тұр. Сондықтан "Банк ЦентрКредит" "Альфа-Банкті" қосып алу арқылы кейіннен қайта ұйымдастыру, акцияларды сатып алу мәмілесін мақұлдау туралы корпоративтік шешімдер қабылдады.

"Банк ЦентрКредиттің" директорлар кеңесі "Альфа-Банкті" қосу арқылы банктерді қайта ұйымдастыру туралы мәселені акционерлердің жылдық жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім шығарды. Оны алдағы 20 мамырда өткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта "Банк ЦентрКредит" 147 млрд теңге мөлшерінде меншікті капиталға және 674 млрд теңге мөлшерінде өтімділігі жоғары активтерге ие. Қаржы институты "Альфа-Банктің" қосылуын ескерумен 5 жылдық кезеңге бизнес-жоспар ұсынды. Ол банктің 5 жылдық кезеңде қаржылық жай-күйінің нашарламайтынын көрсетті.   

"Заңнаманың талаптарына сәйкес, "Банк ЦентрКредит" АҚ тарапынан Альфа-Банктің банк холдингі мәртебесін иеленуіне келісім алуға бас тартуына негіздер жоқ. Осыған байланысты, агенттік оң шешім қабылдады", – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми хабарламасында.

Еске сала кетейік, осы жылдың 6 сәуірінде АҚШ ресейлік "Альфа-Банкке" қатысты санкциялар аясын кеңейтті. АҚШ Қаржы министрлігі Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) шешімімен банк және оның еншілес ұйымдары, оның ішінде Қазақстанда орналасқандары SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізілді. OFAC "Альфа-Банкпен" мәмілелерді аяқтау мерзімін 2022 жылғы 6 мамырға дейін белгіледі.

Банк акционерлерінің ауысуы "Альфа-Банктің" кейіннен АҚШ пен бірқатар басқа елдер енгізген санкциялардан шығуына ықпал етпек.

Бұдан басқа, "Банк ЦентрКредиттің" "Альфа-Банк" капиталын иеленуі клиенттер алдындағы барлық міндеттемені орындау үшін оны қосымша өтімділікпен қолдауға мүмкіндік береді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу