Қант қызылшасы Алтайға жөнелтіледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6300

Павлодарлық шаруалар Германиядан әкелінген элиталық тұқымдардан өнім ала бастады. 

Қант қызылшасы Алтайға жөнелтіледі

Биыл Павлодар облысында тұңғыш рет қант қызылшасы өсірілген болатын. Ол үшін егіс алқаптарынан арнайы тәжірибелік алаңдар ұсынылған еді. Оған Германиядан әкелінген элиталық тұқымдар егілді. Дәлірек айтсақ, германиялық KWS брендінің 8 сорты сынақтан өткізілген. Павлодарлық шаруалар тәжірибелік алаңдарға егілген қант қызылшасынан алғашқы өнімді ала бастады.

"Бүгінде "Маяк" шаруа қожалығында егілген қант қызылшасын жинауды бастадық. Дәл осындай жұмыстар "Ақтоғай-Агро" және "Сергей" шаруа қожалықтарында да қолға алынады. Аталған үш шаруашылық қана қант қызылшасының егу технологиясын сақтай отырып, тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізген болатын. Ал қалған жеті шаруашылық жұмысты ойдағыдай жүргізе алмады", – дейді Павлодар облысындағы тәжірибелік ауыл шаруашылық станциясының басшысы Байжан Уалханов.

Бұған дейін бірнеше мәрте жазғанымызlай, Павлодар облысында қант зауыты салынбақ. Жаңа өндіріс 2022 жылы іске қосылады деп күтілуде. Ал оған дейін жергілікті аграрлар шикізат базасын әзірлеуді қолға алды. Жоспар бойынша қант зауыты тәулігіне 6 мың тоннаға жуық қант қызылшасын қайта өңдейді. Демек қант қызылшасы егілетін алқаптың аумағы 15 мың гектардан кем болмауы керек. Сол себепті облыстағы 10 шаруашылық "Павлодар Қант" деген кооператив құрған-ды. Биыл аталған шаруашылықтар Германиядан әкелінген тұқымдарды сынақтан өткізуді бастады.

"Ресей Федерациясы Алтай өлкесіндегі Черемновский қант зауытымен келісімге отырғанбыз. Келісімге сәйкес, аталған зауытта тиісті зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда, тұқымның 8 түрінен жиналған өнімнің әрқайсысынан 40 келіден алып, Алтай өлкесіндегі қант зауытына жөнелтеміз. Онда алынған өнімдерге зерттеу жүргізіледі. Оның қорытындысы шыққан соң, қант қызылшасын егуде қандай аудандарға басымдық беру керектігі анықталады. Бұл ретте, өнімнің барлық стандартқа сай келуі және қанттылығы жеткілікті деңгейде болуы маңызды", – дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы агроөнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры Дәулетяр Бигелдиев.

10 шаруашылықтың әрқайсысы қант қызылшасын 1 гектардан отырғызған болатын. Биыл өнімді қолмен жинап жатыр. Арнайы техникалар Ақсу қант зауыты ашылған соң жеткізілмек.

"Стандарттарға сай келген тұқымға келер жылы 400 гектар жер беретін боламыз. Биыл сынақ ретінде ектік. Қазір "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қант қызылшасы алқаптарын суару, субсидиялау бағыттарын дамыту бағдарламасын әзірлеуде. Бұдан бөлек, насос станциясы салынады. Қысқасы, шаруашылықтарға барынша қолдау көрсетіледі", – дейді Дәулетяр Бигелдиев.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтің сөзінше, германиялық сорттың басты артықшылығы – өнімділігі жоғары. Павлодар облысының климаты жағдайында әр гектардан 50 тоннадан астам өнім алуға болады. Тағы бір артықшылығы – қанттылығының көптігі.

"Бұған дейін облыс аумағына қант қызылшасы егілген емес. Өйткені қажеттілік болған жоқ. Бірақ біздің өңірде қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік бар. Еліміздің оңтүстігінде қант өндірісіне қанттылығы 14 % басталатын қызылша пайдаланылады. Ал біздің өңірден алынатын өнімнің қанттылығы 20-22 % асады деп күтілуде", – дейді Төлеген Көшербаев.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының басшылығы Ақсу қаласының маңынан агропарк құрмақ. Ондағы негізгі нысан қант зауыты болады деп күтілуде. Болжам бойынша, кәсіпорын жыл сайын 100 мың тонна қант өндірмек. Сондай-ақ бұл жерде 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыруда.

Қант зауыты Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Жаңа өндіріс ішкі нарықтағы сұраныстың 20 пайызын өтейтін болады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу