Орталық Азияның оңтүстік шекараларына "үсті-басы ақ қырау, түсі суық, басқан ізі шықырлап" қыс та келіп қалды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Мысалы, іргедегі Өзбекстанда биылғы маусымдардың алмасуы дәстүрлі жаңбырлы маусымаралық кезеңнен немесе ызғарлы, өкпек желден емес, нағыз қалың қардан басталды. Алғашқы қар бірден екі көршілес өңірде – Сұрқандария мен Қашқадария облыстарында тіркелді.
Сұрқандарияда қар "Жоғарғы Топалаң" ұлттық табиғи паркінің Тамшүш биіктаулы учаскесіне түсіп, мұндағы ауа температурасының күрт төмендеуі жазғы көріністі лезде қысқы пейзажға айналдырды. Облыстық экология және климаттың өзгеруі басқармасының мәліметінше, мұның басты себебі таудағы ауа температурасының айтарлықтай төмендеуі болып отыр.
Ұқсас көрініс Қашқадарияда да байқалады: мұнда "Гиссар" мемлекеттік қорығының Миракі және Гелон бөлімшелерінің ең биік аудандары ақ ұлпамен көмкерілді. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
1983 жылы құрылған қорық шамамен 81 мың гектар аумақты алып жатыр: оның ішінде 35 мың гектарға жуығы биік тауларды, жартастарды, шатқалдар мен мұздықтарды құрайды.
Күз келе, Орталық Азияға баса-көктей кіретін ызғарлы ауа ағынына алғашқы болып төтеп беретін де дәл осы аумақтар. Соның арқасында төменде орналасқан алқаптарда әзірге жылы ауа райы сақталады. Оңтүстік Өзбекстан үшін қыркүйек қар сирек құбылыс болғанымен, таулы өңірлер үшін бұл үйреншікті жағдай.
Мамандардың түсіндіруінше, таулы аймақтарда ауа райы тіпті шағын қашықтықтың өзінде, яғни, қозыкөш жер әріде айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін: ойпаттарда жазғы желең шақ әлі де жалғасып жатса, бірнеше мың метр биіктікте ақ қардың қалың жамылғысы қалыптасып үлгерді.
Қазақстанға арктикалық ызғар келе жатыр
Біздің синоптиктер тамыз айының соңында жариялаған бір айлық болжамында: "Қыркүйектің алғашқы күндерінде қар түскелі жатыр" деп, елдің зәресін алған еді. Алайда ел қардың ерте түсу сценарийінен әзірге аман қалды.
"Қазгидрометтің" қыркүйек айына арналған болжамы бойынша, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында жаңбырдың қарға ұласуы ықтимал екені айтылған болатын. Дегенмен, қыркүйектің бірінші онкүндігіндегі ауа райы шынында едәуір жылы болып шықты. Елдің басым бөлігінде негізінен жайлы, жылы ауа райы орнады.
Бұл ретте синоптиктердің ай сайынғы болжамы сәл кейінірек күннің күрт суыту ықтималдығын жоққа шығармайды. Керісінше, "Қазгидромет" қыркүйектің екінші және үшінші онкүндігінде айтарлықтай температура ауытқулары болатынын ескертеді: солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күндізгі температура кей кезеңдерде +20…+30 градустан +8…+17 градусқа дейін қатты төмендеуі мүмкін. Ал, түнде топырақтың беті -3 градусқа дейін қатып, үсік жүруі ғажап емес екен.
Басты бір меже – айдың соңы. Синоптиктердің жорамалынша, Қазақстанда жаңбырдың қарға ұласуының ең жоғары ықтималдығы қыркүйектің үшінші онкүндігінің басында, шамамен 20–21 қыркүйектен кейін күтіледі.
Бұл кезеңде елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріне Арктиканың ауа массалары басып кіреді: күндізгі температура күрт құлдырап, +6…+11 градусты көрсетсе, түнде термометр бағандары +1…+6 градусқа дейін түсіп, тіпті -2 градусқа дейін үсік жүреді. Дәл осындай күрт суыту кезінде метеорологтар түнде және таңертең солтүстік облыстар мен таулы аймақтарда алғашқы қар мен жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Осылайша, қазақстандықтар "уһ!" деп, әзірге еркін тыныстай алады: қыркүйек негізінен жылы күйінде қалғалы тұр. Әрине, жаз ешқайда кетпегендей кейіп танытуы мүмкін. Бірақ күнтізбе қатал: 20–21 қыркүйектен кейін табиғат даладағы декорациясын батыл түрде өзгертіп, жан мен жануарға қысқы қарды сыйлауы әбден мүмкін.
Тағы қай елдерде қар жауып жатыр?
Ресей. РФ-тің қатал табиғаты әдеттегідей тамыз бен қыркүйек тоғысында-ақ солтүстік пен таулы өңірлерде "қысқы режимді" қосады. Қар аралас алғашқы толыққанды жауын-шышындар 3 қыркүйекте бастау алды. Краснояр өңірінің оңтүстігінде – "Ергаки" табиғи паркінде және Р-257 "Енисей" федералды тас жолының биіктаулы учаскелерінде қар түсіп үлгерген.
Бұл өлкелер үшін ерте қар таңсық емес. Сібірмен синхронды түрде Арктиканың әсерін Қиыр Шығыс та сезінді: Чукот автономды округінің солтүстігінде алғашқы жаңбырлы қар жауып, түнгі термометрлер минусқа кетті.
Ресейдегі ерте суықтың географиясы, әрине, екі өңірмен шектелмейді.
Алғашқы үсіктер, сирек қар бораны бұл кезеңде Таймырда, Ямал-Ненец автономды округінде, Жаңа Жердің қатал жағалауларында, сондай-ақ Мурман облысы мен Сақа-Якутияның солтүстік жоталарында тіркеледі. Сібір мен Қиыр Шығыстың солтүстік аумақтары үшін бұл тек басы ғана. Тұрақты қар жамылғысы мұнда әдетте қазан айында қалыптасады, содан кейін қыс өз билігін толық орнатып, мамыр, тіпті маусым айына дейін біраз өңірді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды.
Аргентина. Аргентина тауларында, әсіресе Мендоса, Неукен және Патагонияда қар қыркүйек айында да тұрақты сақталады. Las Leñas курортында қыркүйекте жоғарғы қар жамылғысы 330 сантиметрге, төменгісі 130 сантиметрге жетті. Мұнда қыс айлары маусым-тамыз айларына келеді. Ал, биіктаулы аумақтарда шаңғышылар көктемде де сырғанауын жалғастырады. Буэнос-Айрес те кіретін ойпаттарда қыс айтарлықтай жұмсақ және қар сирек кездесетін құбылыс.
Америка. Құрама Штаттарда қар 9 қыркүйекке қарай бірінші кезекте Аляскада және Жартасты таулардың биіктаулы жерлерінде сақталады. Монтана, Вайоминг, Айдахо және Колорадо өлкелері қыркүйектің алғашқы қарлы эпизодтары қарсы алып үлгерді. Аляскада тұрақты қар жыл бойы дерлік сақталуы мүмкін. Солтүстік штаттардағы әдеттегі қарлы қыс қазан-қараша айларында, кей жерлерде одан да кеш басталады. Сондықтан қыркүйектің қарлы бораны – қыстың басы емес, оның жаршысы ғана.
Норвегия. Қазіргі кезде қар Норвегияның мұздықтары мен ең биік шыңдарында сақталуда. Ал, қыркүйектің ортасында жаңа қар "порциялары" үстемелете жауады. Гальдхепигген және басқа да биіктаулы учаскелерде әлі де күз өз әмір жүргізіп тұр. Сонымен бір кезде шаңғы маусымының көрігі қызуда.
Италия. Италияның Альпі тауларында қыркүйектің басында қар жатады. Суық түскеннен кейін 4 қыркүйекте шаңғы маусымы ашылды. Милан, Турин және альпілік алқаптардың көп бөлігінде негізгі қарлы қыс қараша-желтоқсанда басталып, наурыз-сәуірге дейін созылады. Осының арқасында Италия туристерге қыркүйек айында қалаларда – жаймашуақ жазды, ал, 3 мың метр биіктікте – аппақ қарды бір мезгілде ұсына алады.
ОАР. "Қара нәсілділер қар дегеннің не екенін білмейді" деген жаңсақ пікір бар. Оңтүстік Африка Республикасында қар Дракон тауларында және Квазулу-Натал биіктаулы жерлерінде қазірден жатыр. Мұнда бір қызығы, қыс маусымы аяқталып келеді, бірақ суық фронттар мезгіл-мезгіл тауларға қар әкеледі. Әсіресе, көрші Лесотомен шекаралас аумақтарды қоса алғанда, таулы жолдар көктайғаққа айналып, қауіпті аймақ ретінде танылады. Африканың оңтүстігі үшін қыркүйектегі қарлы боран – көктемнің түпкілікті келуі алдындағы қыстың ақырғы қаһарға мінуінің көрінісі.
Лесото. Биіктаулы Лесото – Африкадағы қарлы қысқы пейзаж үйреншікті көрініс болып табылатын сирек өңірлердің бірі. Елдің едәуір бөлігі 1500 метрден жоғары орналасқан, сондықтан қыста температура үнемі нөлден төмен түседі. Тау шаңғысы курорттары әдетте алғашқы қарды мамыр айының соңында немесе маусымда "қабылдайды". Қыркүйек қарлы маусымның финалына жатады. Мұндағы қыс құрғақ, салқын және біршама қатал. Осының арқасында Лесото Африканың оңтүстігіндегі қысқы туризм орталықтарының біріне айналды.
Непал. Гималайда қыркүйектің басында қар ең алдымен бірнеше мың метр биіктікте сақталады. Бұл уақытта төменгі аумақтар да муссонның ықпалында болады. Тіпті алқаптарда қар түсуі мүмкін. Эверест маңындағы қыс ақырған боранымен, үскірік аязымен және қалың қарымен дараланады.
Осылайша, аппақ қар планетаның едәуір бөлігін – Сібір мен Гималайдан бастап, Анд, Оңтүстік Альпі және Еуропа мұздықтарына дейінгі аралықты, яғни, Еуразия, Америка, Африка континенттерін жайлауда.
Бірақ бұл Жер шарына қыстың келгенін білдірмейді: кей елдерде қансонар қар тек күздің жаршысы болса, басқаларында ол кетіп бара жатқан қыстың соңғы "сәлемдемесі" саналады.