Алғашқы медаль - "алтын", жалғасын күтеміз

883

АҚШтың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатқан бүкіләлемдік Универсиада ойындарында Қазақстан құрамасы алтын иеленді. Біз Вадим Куралеспен тілдестік.

Алғашқы медаль - "алтын", жалғасын күтеміз

Универсиада ойындарында 30-шы алтын медальді жеңген Вадим Куралестің жеңісі Қазақстан құрамасын жалпыкомандалық бейресми есепте алтыншы орынға көтеріп тастады. Соңғы кездері әртүрлі жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген Вадим бұл жолы бапкерлер сенімін ақтады. Ату айлағында қателік жібермей, шаңғымен сырғанау барысында керемет жылдамдық көрсетті. Соның арқасында ол АҚШта өтіп жатқан дүбірлі додада Қазақстанның көк туын желбіретіп, әнұранымызды шырқатты.

Вадим Куралес, Универсиада чемпионы:

- Барлығы тамаша болды. Бірақ, қазір менің спорттық бабым керемет деп айта алмас едім. Мен үшін маусым енді басталды. Одан ары қарай жарыстарда жүре келе бабыма келе бастаймын деп ойлаймын. Бүгінгі сайыста өзімді жақсы сезіндім. Аяқтағы шаңғыларым да керемет сырғанап тұрды. Ату айлағына келген кездегі нәтижелерім көңілімнен шығады. Бұл менің спорттық ғұмырымда бірінші рет осылай қателіксіз атып отырмын. Өте жылдам және дәл ата білдім. Негізі сол атуға келгенде бар ынтамды салып отырдым. Енді одан әрі де жұмыс істеп жаттығуларды көбейте беремін. Алда мені көптеген сайыстар күтіп тұр. 

Бапкерлер тарапынан Мақсат Шаранов Вадим Куралестің жеңісі кездейсоқтық емес, заңды құбылыс деп бағалап отыр. Мақсат Жетпісбайұлы алдағы жарыстарда да жүлде иеленеміз деп сенім білдірді.

Мақсат Шаранов, Биатлоннан Қазақстан құрамасының менеджері:

- Әрине, біз жеңіс күттік. Тек қана Куралес емес өзге де биатлоншыларымыз алтын алуға дайын тұр. Тек алтын демесек те, өзге де медальдарға таласа алатын жігіттер баршылық. Бірінші медальіміз алтын болғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта тағы да медальдар жеңеміз деген сенімдемін. Командалық жарыста алтын медаль бізге үлкен серпіліс береді. Қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлер мен спортшыларға алғыс айтамын. Биатлоншылардың атынан басшыларға ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Себебі, жаттығу жұмыстары, одан өзге де жағдайлар жақсы жасалды. Балалар қазір өз-өздерін көрсетуге талпынып жатыр. Осының барлығы бірлескен жұмыстың арқасы деп есептеймін.

Естеріңізге сала кетсек Универсиада ойындарының ерлер арасындағы биатлон сайысының 15 шақырымдық жарысында Вадим Куралес жеңімпаз атанды. Енді өзге де спортшыларымыз 16 қаңтар күні микст жарысында жолға шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу