Алғашқы трансферлер тіркелді

2443

Қазақстан біріншілігі бітісімен трансферлік ауысымдар кезеңі басталып кетті. Қомақты қаржы ұсынып, бір-бірінің футболшыларын сатып алып жатқан оқиғаларда тіркелді.

Алғашқы трансферлер тіркелді

Бірнеше командаларда бапкерлер, біраз клубта басшылар ауысты. Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына кетпесе де, осындай қызу футбол базары жүріп жатыр. Ендеше оған да бір тоқталайық.

Маусымаралық үзілістің басты жаңалығы "Қайрат" жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың командадан кетуі болды. 26 жастағы футболшы ресей премьер-лигасының клубы "Оренбург" сапына ауысты. Бір қызығы бұл трансферден "Қайрат" бір тиын да табыс таппады. Футболшы ресейлік командаға еркін агент ретінде кетті. Алматылық жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы "Қайратқа" 2014 жылы ауысып келді. Содан бері 159 матчқа қатысып, 10 гол салды, әрі 16 нәтижелі пас берді. Жанкүйерлер жүрегіне ауыр тиген тағы бір жәйт Бауыржан Исламханның да клубтан кетуі. Бұл жайында Қайрат Боранбаев Евгений Гайдамакинге берген сұқбатында айтты.

"Шахтер" бас бапкері Никола Костов қызметінен кеткеніне 1 айдан астам уақыт өтті. Оның орнына жаңа бапкер де келіп үлгерді. Қазақ футболына есімі таныс украиналық маман Вячеслав Грозный қарағандылық команданың тізгінін ұстады. "Тобыл" мен "Ертісті" баптап қарық қылмаған маман "Шахтерді" өрге сүйрейді деп айтуға ауызымыз бармайды. Кезінде мәскеудің "Спартак" командасының бапкерлер штабының мүшесі болды демесеңіз футболда анау айтарлық жетістігі де жоқ.

Өткен маусымда жолы болмаған қостанайдың "Тобылы" "Шахтер" қақпашысы Игорь Щацкимен келісімге келді. Себебі, әжербайжан құрамасының қақпашысы Еміл Балаев Григорий Бабаянмен бірге қызметтес болмаймын деп ат тонын алып қашты. Одан бөлек команда сапын Оралхан Өміртаев, Александр Марочкин, Асланбек Кәкімов толықтырды. Бірақ, командадан Бауыржан Тұрысбек, Фернандер Кассай, Виктор Дмитриенколар кетіп қалды.

Ел чемпионы "Астана" Армения ұлттық құрамасының ойыншысы Тигран Барсегянмен келісімге келді. Ол өһткен маусымда үздік легионер атағын алды. "Қайсар" сапында 29 ойында 12 гол салды. Ол сонымен қатар Қазақстан кубогының иегері. Жарқырап ойнаған Тигран енді ел чемпионының намысын қорғайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу