19 жастағы Анита Адишева (52 кг) мексикалық Эсмеральда Патино Хуареске қарсы жекпе-жекте жеңіліс тапты. Үшінші раундта Адишева қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ төрешілер бұл раундты 1:4 есебімен мексикалық боксшының пайдасына берді. Нәтижесінде, Адишева жалпы есепте 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл Анита Адишева үшін мансабындағы алғашқы әлем чемпионаты болатын. Ол Сербияның Ниш қаласына жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері ретінде келген еді.
Жарыстың екінші күнінде Жайна Шекербекова (54 кг) да шаршы алаңға шығуы керек болатын. Алайда оның қарсыласы, бейтарап спортшылар құрамында өнер көрсететін боливиялық Джускарли Монтесинос жекпе-жектен бас тартты.
Енді 2018 жылғы әлем чемпионатының финалисі, 2016 және 2022 жылдардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Шекербекова жекпе-жексіз келесі айналымға өтіп, мексикалық Хил Алонсо Ариаднамен кездесетін болды.
Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде Алуа Балқыбекова (50 кг) мен Елдана Талипова (+81 кг) жеңіске жетті. Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты 16 наурызға дейін жалғасады. Қазақстан барлық 12 салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде.
Әлем чемпионатында жеңіске жеткен чемпиондар 100 мың доллар, күміс жүлдегерлер – 50 мың доллар, ал қола жүлдегерлер – 25 мың доллар алады. Сондай-ақ, IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) 4-5 орын алған боксшыларға 10 мың доллардан табыстайды.
Әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасының боксшылары:
48 кг: Назым Қызайбай
50 кг: Алуа Балкибекова
52 кг: Анита Адишева
54 кг: Жайна Шекербекова
57 кг: Карина Ибрагимова
60 кг: Виктория Графеева
63 кг: Аида Әбікеева
66 кг: Жасмин Кизатова
70 кг: Наталья Богданова
75 кг: Надежда Рябец
81 кг: Гүлсая Ержан
+81 кг: Елдана Талипова