Алғашқы жүлде қоржында!

1907

Astana – Premier Tech велокомандасы 2021 жылғы маусымның алғашқы жүлдесін еншіледі. 

Алғашқы жүлде қоржында!

Алекс Аранбуру Astana – Premier Tech командасына биылғы маусымдағы алғашқы жүлделі орынды сыйлады. "Прованс турының" екінші кезеңі Маноск қаласының маңындағы биіктікте аяқталып, Алекс сол жерде мәреге үшінші болып келді. Екінші кезең күн райының қолайсыздығына байланысты ауыр өтеді деп жоспарланған еді. Алайда, барлығы керісінше өрбіді. Алға озып шыққан 5 шабандоз негізгі топқа амалсыз қосылған соң шабандоздар көп шабуыл жасай қоймады. Пелотон соңғы асуға толық құраммен келді десек те болады.

Astana – Premier Tech командасы мәре сызығына 2,5 шақырым қалған кезде басымдылықты өз қолына алды. Горка Исагирре мен Омар Фраиле алдыңғы шепке Алексей Луценко, Александр Власов және Алекс Аранбуру секілді әріптестерін шығарып берді.

Өкінішке орай Власов мәреге 1 шақырым қалғанда жаңбырдан тайғанақтап құлап түсті. Ал Луценко алдыңғы шептегі позициясын сақтап Аранбуруды алға жетеледі.

Нәтижесінде жарыс белеске қарай ұмтылған спритпен аяқталды. Италиялық шабандоз Давиде Баллерини жеңімпаз атанса, екінші орынды Джулио Чикконе еншіледі. Ал үздік үштікті Алекс Аранбуру қорытындылады.

"Мен осы кезеңде жақсы нәтиже көрсетемін деп алдыма мақсат қойып шықтым. Себебі бұл кезеңнің жолы маған ыңғайлы. Жарыс бастала салысымен өзімді жақсы сезініп отырдым. Кейіннен мәреге жақындай бергенде жүйкеге ауыр сын түсті. Топтың ішінде де айқай-шу көтерілді. Кімнің қалай әрекет қылатынын түсініп болмадым. Соның кесірінен 3 шақырым қалғанда позициямнан айырылып қалдым. Сосын амалсыз соңғы күшімді салып қайтадан көтеріліп алдым. Александр Власов құлаған кезде амалсыз тоқтап, кейіннен спринтке араласуға тура келді. Десе де үшінші болып мәре сызығын кескеніме дән ризамын. Біз жүлдегерлер қатарындамыз", - деді Алекс Аранбуру.

"Біз бұл кезеңді жақсы өткіздік деп білемін. Себебі, бастапқыда санамызда бір ғана жоспар болды. Сол жоспарды жігіттер толығымен орындап шықты. Негізі болжам бойынша жарыс көптеген қитұрқы әрекеттерге толы кезең болуы тиіс еді. Алайда, барлығы тек соңғы шақырымда ғана шешілді. Команда Алекс Аранбуруға сенім артты. Ол сенім ақталды. Ұжым болып Алекске көмектестік. Александр Власов тайып құламағанда Аранбуру негізі кезеңнің жеңімпазы болуы ықтимал еді. Әріптесін күтемін деп күшін де, бағалы секундтарын да жоғалтып алды. Не десек те біз бүгін жүлдегерлер қатарындамыз", - деді команда менеджері Дмитрий Фофонов.

Құлап қалса да, орнына қайтып тұрған Александр Власов жарысты аяқтауға күш тапты. Алғашқы медициналық тексеріс ауыр жарақаттың жоқтығын анықтады. Дегенімен, дәрігерлер шабандозды кешке қарай тағы бір тексереміз деп отыр.

Прованс туры. 2 кезең. Кассис – Маноск, 174.6 км.

Топ-3: 1. Давиде Баллерини (Deceuninck - Quick Step); 2. Джулио Чикконе (Trek – Segafredo); 3. Алекс Аранбуру (Astana – Premier Tech).

Astana – Premier Tech Топ-3: 3. Алекс Аранбуру; 6. Алексей Луценко; 26. Харольд Техада.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу