Әли Ахмедов америкалық боксшыны нокаутқа жіберді

290

Геннадий Головкиннің бұрынғы промоутері Том Леффлер ұйымдастырған бокс кешінде Әли Ахмедов жеңіске жетті.

Әли Ахмедов америкалық боксшыны нокаутқа жіберді      Фото: Жеке парақшасынан

Бүгін Калифорния штатының Коммерс қаласында өткен бокс кешінде Әли Ахмедов америкалық Малколм Джонспен (17-4-1, 10 КО) кездесті.

Екінші орта салмақтағы жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған болатын. Алайда, Ахмедов екінші раундта-ақ қарсыласын сұлатып түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл оның қатарынан бесінші жеңісі болды.

Айта кетейік, Әли Ахмедов екінші орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой былғары қолғап шебері.

Мансабын әуесқой бокстан бастап, ұлттық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған. Оның техникасы мен рингтегі әрбір қадамын ойланып басып, ширақ қимылдауы оған кәсіпқой боксқа ауысуға мүмкіндік берді.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы өткізді. Сол уақыттан бастап, ол BoxRec рейтингінде жоғары орындарға көтеріле бастады. Көптеген жекпе-жектерін АҚШ, Мексика, Ресей және басқа да елдерде өткізіп, халықаралық аренада бедел жинаған.

Оған қоса Әли Геннадий Головкиннің (GGG) командасында жаттыққан және оның тәжірибесін меңгерген. Өзіндік стильін қалыптастырып үлгерген Ахмедов тез соққы жасау қабілетімен, аяқпен жақсы жұмыс істеуімен және шабуылда тиімді комбинацияларымен танымал.

Мансабында 24 жекпе-жек өткізіп, 23 жеңіске жеткен (17-сі нокаутпен) және 1 рет жеңілген. Ахмедов алдағы уақытта әлемдік титулдарға үміткер болуға толық әлеуеті бар боксшы десек артық айтқанымыз емес. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу