Турнирдің басты жұлдызы – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов. Сонымен қатар, көрермендер Қуат Хамитов пен Мариф Пираев сынды спортшылардың қатысуымен тартысты жекпе-жектерді тамашалайды.
Орта салмақта өнер көрсететін Әли Ахмедов (23-1, 17 КО) те аталмыш турнирдің басты жұлдыздарының бірі ретінде шаршы алаңға шығады.
Бұл туралы AllStars Boxing промоутерлік компаниясы мәлімдеді. Әлидің қарсыласының есімі әзірге жарияланған жоқ.
"Біз қазақстандық боксшы Әли Ахмедовтың AllStarsBoxing 3 турнирінде өнер көрсететінін қуана хабарлаймыз", – деп жазды ұйым әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әли Ахмедов рингке жақында ғана шықты. Ол 18 қаңтарда Коммерсте (АҚШ, Калифорния) америкалық Малкольм Джонсты (17-5-1, 10 КО) екінші раундта нокаутқа жіберді.
Осы жекпе-жектен кейін Калифорния штатының Атлетикалық комиссиясы оны дисквалификациялады. Ахмедов 31 қаңтарға дейін рингке де, спарингке де шыға алмайды. Дисквалификация медициналық себептерге байланысты және боксшының қарқынды жекпе-жектен кейін тезірек сауығып, қайта бабына келуге көмектесуге бағытталған. Ал, қазақстандықтың қарсыласы Джонс 3 наурызға дейін жарыстарға қатыса алмайды.
Бұрын Әли Ахмедов Геннадий Головкинмен бір командада жаттығып, оның андеркартында жұдырықтасқан. Жақында жаттықтырушысын ауыстырып, енді Джонатан Бэнкстің орнына ол Рики Фюнеспен жұмыс істейді. Соған қарамастан промоутер Том Лоэффлермен ынтымақтастықты жалғастыруда.