Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев Лихтенштейнмен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.
"Команданың ойынға деген дайындығы ұнайды. Уэльспен өткен ойыннан кейін көңіл-күйіміз болмады. Ұпай алу мүмкіндігін уыстан шығарып алдық. Команданың психологиялық дайындығы мен тәртібі жақсы. Вадуцке жақсы жетіп алдық, бірде бір футболшы наразылық білдірмеді. Барлығы сәтсіздіктің орнын басуды қалайды. Ертең оң нәтиже мен мазмұнды ойын көрсетеміз деп санаймын. Мен өзімді қорғамаймын. Қазақстан құрамасы мен үшін киелі. Барлығымыз осы жерде еліміздің абыройы үшін жеңіске жетуді көздейміз. Футболшыларыма сенемін және оларға көп қысым жасалып жатыр дегенмен келіспеймін. Біздің жұмысымыздың нәтижесін ерте ме, кеш пе көретін боламыз. Біздің ниетіміз қабыл болады деп сенемін", – деді Әли Әлиев.
Сондай-ақ, бапкер Уэльске қарсы өткен матчтың оңай болмағанын атап өтті.
"Жақсы эмоцияны сақтап, ойынға қайта оралу қажет. Жартылай көңіл-күйде болу дұрыс емес. Ойыншылар толық күш-жігерін сарқуға ұмтылады. Біреуіне физикалық жағынан, екіншісіне тактикалық жағынан жетіспей жатады. Алайда олар бар күштерін салары хақ. Қасым мен Зайнутдинов болмаған соң Уэльске қарсы ойын ауыр болды. Олардың орнын басқан ойыншылар да жақсы қырын көрсете алды. Оразов дұрыс қорытынды шығарды. Ұлттық құрамаға оралып, жаны ашып жүргені байқалады. Самородов пен Оразов жұбын біріктіру үшін міндетті түрде уақыт табамыз. Олар міндетті түрде нәтиже әкеледі", – деп қоса кетті бапкер.
Бұдан бөлек, Әли Әлиев таяуда ғана жалақысы 20 миллион деп қоғамның талқысына түсіп, сынның астында қалған Асхат Тағыбергеннің қазіргі жағдайы туралы ақпаратпен де бөлісті.
"Асхатпен сөйлестім. Психологиялық жағынан мығым және Уэльспен өткен ойыннан кейін қысымның астында қалды. 3 голдың соғылғанына ол кінәлі емес еді. Мұқият қарасаңыздар, тікелей оның қатесі емес еді, жалпы қателіктердің салдарынан болды. Бізде әлі де уақыт бар. Ең маңыздысы Қазақстан құрамасы үшін үш ұпай алу", –деп сөзін түйіндеді Әлиев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына іріктеуде алғашқы матчта Уэлбс құрамасына 3:1 есе жіберген болатын.